Осы аптада «Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ мен Алматы менеджмент университеті (AlmaU) Алматының 18 жоғары оқу орындары арасында студенттердің қалай тамақтанатыны жөнінде жүргізілген зерттеудің нәтижелерін жариялады.
Бұл іске жоғарыдағы университеттің 52 студенті «Қоғамға қызмет ету» пәні бойынша тартылды. Жобаның далалық іс-шаралары 2023 жылдың 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында өткізілді.
«Бірінші курс студенттерінің волонтер-сұхбат алушы ретінде қатысуы пайдалы болды. Біріншіден, олар далалық зерттеулерге қатысу тәжірибесіне ие болса, бұл студенттерге келешекте өз жобаларын жүргізуге көмектеседі. Екіншіден, зерттеуге қатысу кешегі оқушыларға жүрдім-бардым тамақтанудан туындайтын мәселелерді терең түсініп әрі өздерінің де зиянды әдеттерін тиюға септеседі», дейді «Азаматтық сараптама» ҚҚ директоры, Денсаулық Ұлттық қауымдастығы ЗТБ сарапшысы, әлеуметтанушы Данила Бектұрғанов.
Сауалнама 18-21 жас аралығындағы және одан үлкен 1300 респондентті қамтыса, оның – 624 ер, 676 – қыз бала. Денсаулыққа әсер ететін жағымсыз факторлардың қатарына темекі шегу, алкоголь мен есірткіні қолдану (48%), көп қозғалмау (39%), теңшелмеген азық (39%), артық салмақ (25%) жатады.
Тамақтануға байланысты зиянды әрекеттерді азайтуда қандай тәсілдер қолайлы деп сұралғанда, респонденттердің 25%-ы зиянды өнімдерді сатуға тыйым салуды немесе шектеуді ең дұмыс әдіс ретінде ұсынған. Сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы зиянды өнімдердегі зиянды компоненттердің санын азайту керек десе, 20%-ы мұндай өнімдердің бағасын көтеру керек дейді.
Сауалнамаға қатысқандардың 38%-ы уақтылы тамақтануға тырысқанымен, оған уақыт таппағандықтан жүре тамақтанатынын айтады. Керісінше 20%-ы белгілі уақытта тамақтанады, не керісінше, үнемі жолда немесе уақтылы ас-суын ішпейді. Ал 22%-ы уақыт пен ақшаның табылғанына қарай сәті түскен кезде тамақтанатындығын мәлімдеген.
Бұл зерттеудің маңызды тұсы – толыққанды дұрыс тамақтана білуде болғандықтан, респонденттерге қандай тағамды жиі алатынын көрсету сұралды. Зерттеу көрсеткендей, 32% дұрыс тамақтанғанды қалайды, 39% толық немесе жартылай түскі асты (салат, бірінші және екінші тағам, немесе салат және екінші тағам) жиі пайдаланады. Сонымен қатар, студенттердің 34%-ы көбінесе фаст-фудты таңдаса, 19%-ы тек қана фаст-фуд жейді. Сондай-ақ, 29% тәтті тіскебасарларды қанағат тұтады.
«Осы зерттеудің нәтижесінде алынған деректер 2019 жылғы деректерден ерекшеленетінін атап өткен жөн. Фаст-фудтың 8%-дан 19%-ға дейін, тәтті тіскебасарлардың 23%-дан 29%-ға дейін өскені тіркелді, тәтті газдалған сусындар мен энергетиктерді тұтыну 5-тен 10%-ға дейін көтерілген. Жеміс шырындары мен шәрбат ішу 2019 жылы 20% болса, 2023 жылы 30%-ды құрады. Тәтті шай мен кофе ішетіндер саны сол күйінде қалды десек болады», дейді дәрігер және «Денсаулық Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ төраға орынбасары Гинтаутас-Юозас Кентра.
Респонденттер негізгі алғышарт ретінде алдымен тамақтың дәмін алға тартады, яғни қарны шұрылдап тұрған кезде тәтті, тұзды немесе ащымен жүрек жалғайтындар қатары – 28%. Алатын тамағының бағасы сауалнамаға қатысқандардың 24%-ы үшін маңызды, 23%-ы өнімдердің балғындығына – қаптамадағы жарамдылық мерзіміне қараса, тек 15%-ы өнімдердің құрамы маңызды деп ойлайды.
Сауалнамаға қатысқандардың шамамен 40%-ында денсаулығына қатысты кінәраты бар екенін атап өткен жөн – тамақтан улану, асқазан-ішек аурулары, тамақ аллергиясы сынды сырқаттары байқалады. Бұл ретте тамақтануға байланысты проблемалардың бар екендігін респонденттердің 68%-ы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болғаны айғақтайды.
Сауалнамаға қатысқан студенттердің 35%-ы өздерін дұрыс тамақтанып жүрміз деп есептесе, керісінше 41%-ы мұны жоққа шығарады. 2019 жылғы зерттеулермен салыстырғанда, өздерінің дұрыс тамақтанып жүргендеріне сенімділер саны 47%-дан 35%-ға дейін төмендесе, сенімсіздер қатары сол күйінде қалып отыр.
АЛМАТЫ