• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Сәуір, 2023

Қазақстанда суицид көрсеткіші төмендеді

750 рет
көрсетілді

Қазақстанда суицидтен болатын өлім-жітім статистикасы 7 пайызға, суицид жасауға әрекеттену көрсеткіші 5 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Egemen.kz ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (ҚР БП ҚС АЕК) мәліметінше, 2022 жылы суицидтен қайтыс болғандар саны 4 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайды.

2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 526 қазақстандық өзіне қол жұмсаған, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5%-ға аз.

Статистикаға көз жүгіртсек, суицидке көбінесе ер адамдар бейім екенін байқауға болады. Суицидтен қайтыс болғандардың 78,9%-ы ер адамдар: 2,9 мың, қалған 770-і әйел.

Бұл ретте, отандық БАҚ-та жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тақырыбы жиі қозғалатынын айта кету керек. Сонымен қатар, ең осал жас тобы, статистика бойынша, орта жастағы адамдар — 30-дан 54 жасқа дейін. Суицидтен қайтыс болғандардың жалпы статистикасында осы санаттың үлесі 54,9%. Екінші орында егде жастағы адамдар: әрбір төртінші суицидті (23,5%) 55 жастан асқан қазақстандықтар жасаған.

Өзіне қол жұмсап қайтыс болғандар ішінде 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі 17,3%-ды құрады, ал осы жас тобының өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері статистикасындағы үлесі сәл ғана жоғары болды: 18,8%. Дәл осындай үрдіс балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау деректерінен де байқауға болады: өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендердің үлесі іс жүзінде қайтыс болғандардың үлесінен жоғары: тиісінше 5% және 4,3%.