Александр Недовесов Босния және Герцеговинада өткен теннистен Баня-Лука ATP 250 турнирінің финалында ойнап, бас жүлдеге қол жеткізе алмады.
Жарыстың жұптық бәсекесінде өнер көрсеткен қазақстандық теннисші португалиялық Франциско Кабралмен бірге жұп құрап, финалда осы жарыстың бірінші ракеткалары ұлыбританиялық Джейми Маррей мен жаңазеландиялық Майкл Винуспен бас жүлдені сарапқа салды. Бір сағат 22 минутқа жалғасқан кездесуде Маррей-Винус жұбы екі сетте 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Аталған турнирдің финалына шыққаны үшін Александр мен Франциско 15 190 еуро көлемінде қаржылай сыйақыға және әрқайсысы 150 рейтингтік ұпайға ие болды.
Өкінішке қарай, Штутгарт қаласындағы WTA 500 турниріне қатысқан отандасымыз Елена Рыбакина да жарыстың екінші айналымынан әріге аса алмады. Ол екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 14-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен шеберлік байқасып, екінші сетте жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты. Рыбакина былтыр да Штутгарттағы турнирдің екінші айналымында сүрінген болатын.