Классикалық шахматтан елордада өтіп жатқан әлем чемпионатының матчтары аяқталуға жақын. Өткен аптаның соңында екі гроссмейстер қатарынан екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңімпаз анықталмады. 8-партияда Дин Лижэнь ақ тастармен ойнап, тең нәтижеге қол жеткізсе, 9-партияда Ян Непомнящий де ақ тастармен жеңіске жете алмады. Дегенмен, тоғыз партиядан кейін ФИДЕ туы астында өнер көрсетіп жатқан Непомнящий жалпы есепте алда келеді – 5-4.
Шахматтан әлемнің «Алтын тәжі» үшін өтіп жатқан бәсекенің кез келген партиясы гроссмейстерлер үшін аса маңызды екені белгілі. Бірақ, Астанадағы бәсекенің сегізінші партиясы екі шахматшы үшін шешуші кезең еді. Себебі егер бұл партияда Ян Непомнящий жеңіске жетер болса, екі ұпай басымдығымен жалпы есепте алға ұзап, чемпиондыққа тағы бір маңызды қадам жасайды. Ал Дин Лижэнь қарсыласынан басым түскен жағдайда таразы басы қайта теңесіп, жарыс одан әрі қыза түспек. Сондықтан бұл бәсекеде қытайлық шахматшы жеңіске жетуге, ресейлік гроссмейстер барынша жеңілмеуге тырысып бақты.
Десе де, сегізінші партияда ақ тастармен ойнаған Дин матчты жақсы бастағанымен, кездесудің бел ортасынан асқанда қателікке бой алдырып, маңызды бір ұпайынан қағылды. Ал Ян қарсыласының мұндай «сыйлығын» өз пайдасына жаратып, кезекті жарты ұпайын қоржынға салды. Төрт жарым сағатқа жалғасқан сегізінші партия 45-жүрістен кейін тең есеппен өз мәресіне жетті.
Сегізінші раундтағы тартысты бәсекеден кейін екі ойыншы да тоғызыншы партияда қарқынын бәсеңдетіп, асқан сақтықпен ойнады. Екі шахматшы да бұл кезеңде тәуекелге барған жоқ. Непомнящий ақ тастармен ойнап, жалпы есепте алда тұрса да тосын қадам жасамады. Дин де әр жүрісін ұзақ ойлап, қарсыласына лайықты жауап қайтарып отырды. Нәтижесінде, шахматшылар бұл партияны алты сағатқа жуық ойнады. Бұл – әзірше Астанадағы бәсекеде тіркелген ең ұзақ партия. Мамандар пікірі бойынша, ойын тағдыры 50-жүрісте-ақ шешіліп қойған болса да, шахматшылар бір-біріне берілгісі келген жоқ. Сөйтіп, матч 82 жүріске дейін жалғасып, гроссмейстерлер бұл жолы да ұпай бөлісуге мәжбүр болды.
Тоғызыншы партиядан кейін Непомнящий жалпы есептегі басымдығын сақтап қалды – 5:4. Кеше әлем чемпионы атағынан үміткерлер 10-партиясын өткізсе, бүгін 11-раундта бақ сынайды.