Кітапсүйер қауымның ықыласына бөленіп, елордада өткен «Eurasian Book Fair-2023» көрмесі аясында белгілі қаламгер Баянғали Әлімжановтың «400 тәтті тақпақ» атты балаларға арналған жаңа жинағының тұсауы кесілді.
Мазмұнға бай жинақта балаларға арналған әртүрлі тақырыптар қамтылған. Отан, отбасы, ана тілі, оқу-білім, ән-күй, адамгершілік құндылықтары, мерекелер, қазақтың тыйым сөздері сынды тақырыптар сөзімізге дәлел.
Ұлттық салт-дәстүр, салт-санаға суарылған өлеңдер бала ұғымына лайықталып, көркем нақышпен бедерленген. Сонымен бірге кестелі суреттермен безендірілген ауқымды жинақ балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, еңбекқорлыққа шақыратыны айқын.
– Жинақ ата-аналарға, балабақша тәрбиешілеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған таптырмас көмекші құрал. «400 тәтті тақпақ» кітабының ерекшелігі балаларға қажетті барлық тақырып қамтылған. Бұл – балалар үшін рухани азық. Бастауыштан бастап 5-сыныпқа дейінгі балалар оқи алады. Ана тілімізді балалардың санасына сіңіріп, оның қасиетін сезініп өсуіне өте пайдалы кітап, – дейді ақын Баянғали Әлімжанов.
Кітапқа енген өлеңдердің ұстыны берік болғасын, әрбір өлең іргелі, мазмұнды. Мәселен, «Білім – күш» атты өлеңде:
«Мықты болса білегің,
Күрескенде жығарсың.
Бірақ білім бәрінен,
Күшті екенін ұғарсың.
Білім шексіз қазына,
Құмарланып, құрметте.
Ұмтыла бер тоқтаусыз,
Білген сайын білмекке!»
– дейді ақын.
Жинаққа енгізілген өлеңдер ұғымға жеңіл, жаттауға ыңғайлы, ойда тез қалады. Әр шумақтан ұлттық тәлім-тәрбиенің иісі бұрқырап тұр.
Сірә, балалар әлемі көзге жеңіл, оңай көрінгенімен, балалар поэзиясы күрмеуі қиын, күрделі жанр. Ол үшін бала болып ойланып, бала болып толғануыңыз қажет. Ал балалық аспанынан ұзап, жан дүниесі сәбилік самалдан ұзақтағандар үшін балаларша ойлану мүмкін емес.
Бұл тұрғыдан келгенде «400 тәтті тақпақ» – әуезі көркем, ұғынықты, қысқа да нұсқа тартымды еңбек. Балдырғандардың отбасын, қасиетті Отанын, ана сүтімен берілген туған тілін сүюге үндейтін кітап. Жинақтың алғашқы бетінде-ақ менмұндалап көзге түсетін «Мен – қазақтың баласы» атты тақпақта бүй дейді.
«Байтақ жатқан даласы,
Батыр болған бабасы.
Ақпейілді, ақылды,
Мен – қазақтың баласы!
Атын жаттап өсемін,
Аңызымен атаның.
Дарқан дала, кең дала,
Менің туған Отаным!»
Жүрекке жылы тиген осы қос шумақта ұлттық рух, ел ұлағаты, баба тағылымы көрініс табады.
Сонымен бірге жинақта «Тақия», «Тымақ», «Бесік», «Саба миен таба», «Қара қазан» секілді құндылықтарымызға суарылған жырлар бар. Ақын жинағы тек бүгінгі уақытқа ғана емес, болашақ ұрпаққа да қызмет етері сөзсіз.
Қорыта айтқандай, балаларға базарлық ретінде ұсынылған «400 тәтті тақпақ» жинағы балдырғандардың балаң көңілін, таза санасын жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендіріп, отансүйгіштікке, адалдыққа, адамгершілікке шақыратын, ұлттық құндылықтарымыздың мәнін ұғуға тәрбиелейтін ерекше кітап. Бұл жинақ автордың риясыз пейілмен балаларымызға жасаған керемет базарлығы, тамаша сыйлығы болды деп сеніммен айта аламыз.