«Egemen Qazaqstan» газеті редакциясында әзербайжан ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әкбар Гошалымен кездесу өтті. Кешке егемендіктермен бірге өнер жанашыры, кәсіпкер Иылмаз Окуклу, режиссер Селим Иухай қатысты.
Кездесу барысында сөз алған «Egemen Qazaqstan» газеті басқарма төрағасының бірінші орынбасары Владимир Курятов қонақтарға қош келдіңіздер айтып, айрықша сәлемін жолдады. Сонымен бірге басқарма төрағасының орынбасары Әскер Пириев екі ел арасындағы туыстық байланысқа тоқталып, қаны да, жаны да бір ел екенімізді баян етті.
Ал өз кезегінде «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан:
–Бірнеше жыл бұрын белгілі жазушы Анар Рзаевтан сұхбат алып, газетімізге жариялаған болатынбыз. Сонда Анар мырза «Түркі дүниесіндегі «Манас» пен «Көрұғлыдан» артық әлемде жыр жоқ» деп айтқан болатын. Шынында, ортақ қазанымызда қайнаған іргелі туындылар жетерлік,–деп ақжарма лебізін білдірді.
Кеште белгілі күйші Қайрат Айтбаев Тәттімбеттің «Сарыжайлауы» мен Сүгірдің «Шалқымасын» шалқыта орындады. Сонымен бірге әлеумет бөлімінің тілшісі Бақытбек Қадыр Екбер Гошалының қазақ тілінде жарық көрген «Тұранның бір түп жусаны» атты жыр жинағының негізінде баяндама жасады. Онда ақын шығармашылығындағы өзекті дүниелерге тоқталып, Мағжан поэзиясымен үндестігін ерекше атап өтті. Жиында ақын өлеңдері оқылып, жас ақын Абзал Мақаш «Алаш маршы» әнін орындап, келген қонақтардың рухын көтерді.
Кездесу соңында бауырлас елдердің ыстық ықыласындай, қонақтар газет редакциясына алғыс білдіріп, сый-таралғысын ұсынды.