Шайбалы хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Францияның Анже қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші кездесуінде де жеңіске жетті.
Алғашқы турда Мажарстан хоккейшілерін 3:0 есебімен тізе бүктірген жерлестеріміз екінші турда «А» тобында Қазақстанмен бірге турнир кестесінде көш бастаған Жапония жасөспірімдерін қапы қалдырды. Есеп – 5:0. Матчтың бірінші кезеңінде Қазақстан құрамасынан Артур Гросс ойынның есебін ашса, үзілістен кейін Кирилл Ляпунов Жапония қақпасына екінші шайбаны соқты.
Үшінші кезеңде де бұл есеп Қазақстан хоккейшілерін қанағаттандырған жоқ. 44-минутта Александр Ким таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізсе, арада төрт секунд өткенде Кирилл Ляпунов дубльдің авторы атанды. Ал матчтың аяқталуына бір минут қалғанда Әділ Бейсембаев мергендігімен көзге түсіп, матчтың соңғы нүктесін қойды – 5:0. Жерлестеріміз чемпионаттағы кейінгі ойынын бүгін Дания хоккейшілерімен өткізеді. Олар алғашқы турда Жапониядан 5:3 есебімен жеңілген болса, екінші турда Украина құрамасын жеңді – 5:1. Екінші тур ойындарынан кейін турнир кестесінде Қазақстан құрамасы алты ұпаймен жеке-дара көш бастады.