Астанада әлемнің ең таңдаулы екі гроссмейстері классикалық шахматтан 17-ші әлем чемпионы атағын сарапқа салып жатқан тұста ежелгі Эллада елінен қуанышты хабар жетті. Грекияның Родос қаласында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған шахматтан жаһандық додада еліміздің жас шеберлері 9 жүлде (2 алтын, 2 күміс, 5 қола) олжалап, жалпыкомандалық есепте топ жарды.
14-22 сәуір аралығында өткен аламанға 7-17 жас аралығындағы 500-ден астам әлемнің ең таңдаулы шахмат шеберлері қатысты. Бұл бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері жүлде саны жағынан алдына жан салған жоқ. Мәселен, G09 (9 жасқа дейінгі ойыншылар) арасында классикалық шахматтан Аланна Берікқызы табысты нәтиже көрсетіп, алтын тұғырдан қол бұлғады. Ол швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған 9 партияның сегізінде жеңіс тойын тойлады. Отандасымыз шешуші матчта осы додадағы өзінің негізгі қарсыласы моңғолиялық Целмуун Идерден (8 ұпай) басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Жалпы, бұл жас санатында 41 ойыншы сынға түскенін айта кеткен жөн. Отандасымыз осы жеңісінің арқасында G09 санаты бойынша FIDE рейтингінде 1-орынға көтерілді.
Сонымен қатар 17 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы додада сынға түскен тағы бір отандасымыз – Әмина Қайырбекова да Грекиядағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Ол бәсеке барысында 8 кездесуде жеңіске жетіп, өзінің ең басты қарсыласы – түркиялық Зейнеп Чифтинді (7,5 ұпай) басып озды.
Сондай-ақ Грекиядағы әлемдік жарыста Нұрәлі Нұршин (U07 жас санаты, 7,5 ұпай) мен Айсұлтан Бисалиев (U09, 7) бас жүлдеге сынық сүйем жетпей, күміс медаль олжаласа, Ризат Ұлан (U07, 7 ұпай), Әлімжан Жауынбай (U09, 7), Данис Қуандықұлы (U11, 6,5), Эдгар Мамедов (U13, 7) және Далия Диасқызы (G11, 6,5) қола жүлдегер атанды.
Мектеп оқушылары арасындағы жаһандық доданың қорытындысы бойынша, жоғарыда айтқанымыздай, жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте топ жарса, кейінгі орындарға Түркия (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) және Моңғолия (2 алтын, 3 күміс, 1 қола) шахматшылары жайғасты.