Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы бұл күндері елордада Латвия мен Финляндияда өтетін әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жаһандық додаға дайындық барысында хоккейшілеріміз Оңтүстік Корея хоккейшілерімен екі мәрте мұзайдында жолығып, екі ретінде де қарсыластарын ірі есеппен тізе бүктірді.
Екі ел арасындағы алғашқы кездесуде жерлестеріміз 5:0 есебімен жеңіске жеткен болса, екінші матчта біздің жігіттер қарсылас команданың қақпасына бақандай сегіз шайба соғып, мұзайдынға жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі – 8:2.
Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев бірінші ойынға қарағанда екінші матчта ойынға өзгеріс енгізіп, бірқатар жаңа ойыншыларды тексеріп көрді. Атап айтқанда, ел біріншілігінде «Номад», «Арлан» секілді командаларда өнер көрсететін Максим Мухаметов, Абай Маңғысбаев, Артем Королев, Әлихан Өмірбеков ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын өткізсе, бірінші кездесуде мұзайдынға шықпаған Батырлан Мұратов та бұл жолы ойынға араласты. Ал өткен ойында қосалқы құрамда қалып қойған «Барыстың» қақпашысы Никита Бояркин бұл жолы алғашқы минуттардан бастап қақпаны күзетті. Бірақ Ғалым Мәмбеталиев бірінші матчтағы В.Орехов, Ә.Бекетаев, Е.Рымарев – А.Шестаков, Р.Старченко бестігіне өзгеріс енгізген жоқ. Қалған үш бестікке жоғарыда аты аталған хоккейшілерді қосып, тәжірибелі хоккейшілермен бірге ойнатты.
Қазақстан мен Корея арасындағы екінші матчта көп шайба соғылды демесеңіз, бұл бәсеке де дәл бірінші ойынның сценарийімен басталды. Яғни бірінші кезеңде хоккейшілер бір-бірінің қақпасына шайба соға алған жоқ. Ал екінші кезеңнен бастап «Барыс Аренаға» жиналған жанкүйерлер голдар шоуының куәсі болды. Екінші кезеңде хоккейшілер 4 мәрте, үшінші кезеңде 6 рет мергендігімен көзге түсті.
Атап айтқанда, екінші 20 минуттықта Қазақстан құрамасы сапынан Әлихан Өмірбеков (24-минут), Максим Мухаметов (26), Әділ Бекетаев (36) нысананы дәл көздесе, Оңтүстік Корея құрамасынан Кан Мин-Ван (31) өз атын таблоға жаздыртты. Ал шешуші, үшінші кезеңде жерлестерімізден Данил Бутенко (42), Михаил Рахманов (48), Роман Старченко (57), Никита Михайлис (57) және Әлихан Өмірбеков (59), Таңғы шық елінің өкілдерінен Ким Ки-Сунге (56) гол соғу бақыты бұйырды.
Енді Қазақстан ұлттық құрамасы мамыр айында Ресей және Беларусь құрамаларымен үштік турнир аясында кездесу өткізеді. Ресей хоккейшілерімен 5 мамырда жолықса, Беларусь құрамасымен 7 мамырда ойнайды. Матчтар елордадағы «Барыс Арена» мұз айдынында өтеді. Осы турнирден кейін жерлестеріміз Латвия мен Финляндияда өтетін әлем чемпионатына аттанады. Ол жақта біздің жігіттер «В» тобында Канада, Чехия, Швейцария, Латвия, Словакия, Норвегия және Словения құрамаларымен әлем чемпионы атағын сарапқа салады.