• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шахмат 25 Сәуір, 2023

Непомнящий көшбасшылықты сақтап тұр

274 рет
көрсетілді

Жер-жаһандағы шахмат жанкүйерлерінің назарын өзіне аудартқан Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы тартысты бәсекенің 10 және 11-партиялары да тең нәтижемен аяқталды. Бір қызығы, екі шахматшы кейінгі төрт турдан бері партиядағы жеңімпазды анықтай алмай келеді. 11-турда ресейлік Ян Непомнящий ақ тастармен ойнаса да, жеңіске жете алмады. Дегенмен ол жетінші турдағы жеңісінің арқасында матчтағы басымдығын сақтап қалды – 6:5.

10-партияда ақ тас­тар­­­дың қожайыны Дин Лижэнь өз жүрісін сенімді бас­тады. Қытайлық гроссмейс­тер­ бұл жолы да «төрт атпен»­ ағылшындық жүрісті таңдады. Шах­матшылар матчтың 14-ші­­ жүрісіне дейін 2020 жылы Непо­­м­­нящий – Кардозо ара­сын­да өткен тартыс­ты­ бәсе­ке­нің­ (сол кездесуде­ Ян­ жеңіске жет­кен болатын) қадам­дарын қай­талап отырды. Непом­ня­щий­ 14-ші жүріске кел­генде h4 жүрі­сін жасап, ойын барысын басқа­ арнаға бұрып жіберді. Бұл кезде де екі ойыншының пози­ция­сы тең дәрежеде тұрса­ да, ақ тастардың патшасы­ қауіпсіз аймақта еді. Сондықтан Динде бәрібір белгілі бір деңгейде басымдық болды.

Бірақ әрі қарайғы із кесу жү­ріс­терінде Лижэнь өз мүм­кін­дігін пайдалана алмай, шах­мат­­шылар 45 жүрістен кейін бір­-бірінің қолын алып, тең нәти­жеге келісті. 10-партия үш сағат­­тан аса уақыт ойналды.

Ал бір күннен кейінгі 11-пар­тияда Непомнящий ақ тас­­тармен ойнап, әзірше өзіне тиімді болып тұрған тең нәти­же­ге қол жеткізді. Дегенмен 15 жүріске дейін ресейлік шах­мат­шы бірнеше позиция­да жақсы мүмкіндіктерге ие бо­лып тұрған-ды. Бәсекені жүр­гі­зіп отырған шахматтан 15-ші әлем чемпионы үндістандық Виши Ананд та Янның позициясын жоғары бағалап, «енді оған әрі қарай ойнау жеңіл болады», деген еді. Алайда Непомнящий кейінгі жүрістерінде бұл басымдығын пайдалана алмады. Кездесудің 39-шы жүрісіне келгенде екі шахматшы да тең нәтижеге разы екендіктерін білдіріп, партияны жалғастырудан бас тартты. Бір қызығы, 11-партия­да әлем чемпио­ны­ атағынан үміткерлер небәрі екі-ақ сағат ойнады.­ Бұл – биылғы әлем чем­пио­­­­на­тын­да­ғы ең жылдам­ ойналған пар­тия және бірін­­шіліктегі қа­тарынан төр­тін­ші,­ ал жалпы­ алтыншы тең нәтиже болды.

Әлемнің ең үздік шахмат­шы­лары арасындағы жаһан­дық­ дода күн өткен сайын өз мәре­сіне таяп келе жатқан соң соңғы партияларда тең нәти­же жиі тіркеліп жататыны­ заңдылық. Өйткені бұл кезең­де­гі әрбір жүрісті тәжірибелі грос­смейстер «жеті рет ойланып, бір рет жасамаса», ақыр соңында опық жеп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан олар соңғы партияларда аса көп тәуекелдерге бара қоймайды. Әсіресе есепте алда келе жатқан ресейлік шахматшы. Оған қазір тең нәтиженің өзі де жеңіспен пара-пар. Ал Дин Лижэнь әлемнің шахмат тәжін өз еліне алып кеткісі келсе, енді соңғы үш ойында барын салып, жеңіске жетуі керек. Әйтпесе, бәсеке тағдыры Непомнящийдің пайдасына шешілетіні анық.