1-13 мамыр аралығында Шымкентте теннистен «Asia/Oceania final Qualifying Juniors Davis Cup» және «Juniors Billie Jean King Cup» іріктеу турнирлері өтеді. Жарысқа 16 жасқа дейінгі Азия/Тынық мұхит аймағының ең мықты жасөспірімдер құрамалары қатысады деп жоспарланған.
Шымкент корттарында жарыс қожайыны Қазақстаннан бөлек, Аустралия, Қытай Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан және Вьетнамның қыздар құрамасы сынға түседі. Ал ерлер бәсекесінде Қырғызстан мен Моңғолиядан басқа елдердің өкілдері түгелдей өнер көрсетеді.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан бұл додада ел намысын былтыр Чехияның Простев қаласында жалауы желбіреген 14 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, төртінші орынға табан тіреген ұлттық құраманың өкілдері Әмір Омарханов (Қарағанды) пен Заңғар Нұрланұлы (Түркістан) қорғаса, үшінші бос орын үшін Дамир Жалғасбай (Алматы), Бақтияр Ерасыл (Астана) және Артем Сидоров (Алматы) таласады. Бұл жігіттерге Сергей Квак жетекшілік етеді.
Ал Ярослав Шведова жаттықтыратын қыздар құрамасынан Іңкәр Дүйсебай (Алматы), Полина Слепцова (Алматы), Ариана Гогулина (Астана) және Анастасия Крымкова (Тараз) іріктеуге қатысады.
Шымкенттегі іріктеу сайысында 16 команда төрт топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. Сөйтіп, әр топта ең үздік нәтиже көрсеткен екі құрама турнирдің плей-офф кезеңіне шығып, әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салады. Азия/Тынық мұхит аймағынан бозбалалар арасында әлем чемпионатына төрт жолдама беріледі, яғни жартылай финалға шыққан командалар әлем біріншілігінің жолдамасын иеленеді. Ал қыздар арасындағы сайыста алғашқы үш жолдама үздік үштікке енген құрамаларға берілсе, төртінші жолдамаға жартылай финалда жеңілген екі құрама таласады.
«Billie Jean King Cup Juniors» және «Davis Cup Juniors» турнирі – 16 жасқа дейінгі жасөспірім теннисшілер арасындағы ең маңызды жарыс саналады. Бұл турнир жыл сайын әлем чемпионаты ретінде Халықаралық теннис федерациясының (ITF) ұйымдастыруымен өткізіледі. Кезінде аталған жарыстарға әлемнің бұрынғы және қазіргі ең үздік теннис жұлдыздары қатысып, шеберлігін шыңдаған.
Атап айтар болсақ, бүгінде «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда сан мәрте дараланып, төртжылдықтың ең маңызды додасы – Олимпия ойындарында тұғырдың биік сатысынан көрінген хорватиялық Горан Иванишевич, америкалықтар – Джим Курье, Майкл Чанг және Энди Роддик, нидерландтық Ричард Крайчек, ресейліктер – Евгений Кафельников, Марат Сафин, Даниил Медведев, Андрей Рублев, бразилиялық Густаво Куэртен, аустралиялықтар – Ллейтон Хьюитт, Ник Кирьюс, швейцариялықтар – Роджер Федерер, Стэн Вавринка, испаниялықтар – Рафаэль Надаль, Карлос Алькарас, канадалықтар – Денис Шаповалов, Оже Альяссим, германиялық Анке Хубер, франциялық Амели Моресмо, ресейлік қыздар – Елена Дементьева және Анастасия Мыскина, аустралиялықтар – Елена Докич, Эшли Барти және тағы басқа даңқты теннисшілер де жасөспірім шағында осындай додаларда ойнаған.
Әлем чемпионатының іріктеу жарыстары Шымкент қаласынан бөлек, әлемнің басқа бөліктерінде де ұйымдастырылады. Мәселен, Еуропа, Африка, Оңтүстік, Солтүстік және Орталық Америкада іріктеу жарыстары өтіп, биылғы жаһандық додаға қатысатын 16 команда анықталады.