• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2014

Екі құжатқа қол қойылды

280 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Ми­­нистрдің орынбасары – Қаржы ми­нистрі Бақыт Сұлтанов пен Швей­ца­рия­ның Фе­дералдық кеңесшісі, Феде­рал­дық Қаржы министрлігінің басшы­сы Эвелин Видмер-Шлюмпфтің қол қоюы­­мен Өзара түсіністік меморандумы бекітілді. Швейцария министрлігінің басшысы елімізге екі күндік сапармен келіп отыр. Ол Үкімет басшысының орынбасарымен кездесу барысында әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңіндегі Қазақстанның дағдарысты еңсеру шараларымен танысты. Еліміздің қаржы саласының жетекшісі өз кезегінде швейцариялық делегацияға еліміздің дағдарысқа қарсы жасап жатқан амалдары жөнінде әңгімеледі. «Әлемдік экономикалық дағдарыс етек ала бастаған заматта Қазақстан 2009 жылы елімізді индустрияландыру шарасын қолға алды. Атап айтқанда, Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасын түзіп, оны белсенді түрде жүзеге асыруға кірісіп кетті. Нәтижесінде, дағдарысқа дейінгі инвестиция көлемі сақталып, ел тұрғындарының жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай шегеріліп, өз жемісін берді», деді Б.Сұлтанов. Мұнымен қатар, ел дамуының негізгі факторлары жөнінде баяндаған вице-премьер, таяу­да қабылданған заңдар жөнінде де түсініктеме беріп өтті. Өз кезегінде Эвелин Видмер-Шлюмпфт Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды мемлекеттің бірі ретінде атап, еліміздің инвестициялық климаты швейцариялық ірі компаниялар мен жекелеген бизнесмендер үшін өте қолайлы екенін айтты. «Соның арқасында швейцарлық кәсіпкерлер Қазақстанға инвестиция салуға ынталы болып жүр», деді ол сөз арасында. Кездесу аяқталып, Өзара түсіністік меморандумына қол қойылған соң, Б.Сұлтанов баспасөз өкілдеріне шараның мән-маңызы жөнінде айтып берді. «Бүгін «Табыс пен капиталға қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға хаттаманың ережесін кеңейтілген талқылау жөніндегі» хатқа қол қойдық. Бұл – біздің елдегі кейбір мемлекеттік ведомстволардың халықаралық деңгейде қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін алғышарттардың бірі. Атап айтқанда, Кеден комитеті мен Қазынашылық комитеттерінің Швейцарияның осы салада қызмет көрсететін әріптестерімен өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз етеді. Тіпті, екі ел арасындағы бизнес-әріптестіктің де жақсаруына оң ықпалын тигізетіндігіне сенімдімін», деді Үкімет басшысының орынбасары. Ескертеріміз, бұл шарадан тыс швейцариялық делегация өкілдері елімізге жасаған екі күндік сапары аясында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, Сыртқы істер министрлігінің және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың басшылығымен кездесулер өткізді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».