• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2023

Сарсаңға салған қасапхана

380 рет
көрсетілді

Малды санитарлық талап­тарға сәйкес сою қағидалары шалғай ауылдар үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Мы­сал үшін, Баянауыл және Шарбақты аудандарының тұрғындарына жалғыз қойын сойса да 70-80 шақырым жер­дегі қасапханаға сандалуға тура келіп тұр. Тіп­ті межелі орынға жануарды жеткізу бағасы кейде оның құнынан да асып кетеді дейді мал иелері. Кейбір жерде бұ­рыннан істеп тұрған мал сою алаңдары жа­бы­лып қалса, енді бір аумақ­тарда ол тіпті атымен жоқ.

Ресми статистикаға сүйенсек, Пав­лодар облысындағы барлық дайын­дау (сою) нысандарының саны – 138. Бүгінде оның тек жартысына жуығы ғана, яғни 78 нысаны ғана қыз­мет көрсетіп тұр. Жергілікті ау­мақ­­­тардың 56,5 пайызы талапқа сай қа­сап­ханалармен қамтылған. Қасап­ханалардың жеткіліксіздігі ауыл жұр­тын қосымша шығынға ұшыратып отырғанын айту керек.

Шарбақтының Есілбай, Шал­дай, Ботабас, Галкин, Шегірен, Арбаиген ауылдарының тұрғын­дары бүгінде жалғыз қойын сою үшін 80 шақырым жердегі аудан орталығына сандалуға мәжбүр. Шегірендегі қасапхананың есігі құлыптаулы тұрғанына жылға жуық уақыт өткен. Аумақтық инс­­пекция нысан талапқа сай емес деген сылтаумен мал соя­тын алаңды аш­қызбай отыр. Жа­қын маңнан қасапхана таппай зар болған жұрт үшін қолдағы түлі­гін сойып, қалаға апарып өткізу үл­кен мәселеге айналған. Алда-жал­да өз бетімен сойып, жолда тәртіп сақ­шы­ларының қолына түссе, қомақты со­ма­да айыппұл арқалайды. Жеңіл ма­ши­наның жүк салғышына тией сал­а­тын зат емес, жүк көлігін жалдау үшін бұл екі аралыққа кемі 40-50 мың теңге сұрайды. Оның үстіне мал соятын алаңның қызмет құны бар. Есілбай ауылының тұрғыны Ма­рат Иманғазиновтің айтуынша, Ше­гірендегі алаңда бұған дейін Шал­дай, Есілбай, Ботабас, Галкин және Ар­баиген ауылдарының төрт түлігі сойы­лып келген. Есепке алу құжа­тының жоқтығына байланысты ол бір жыл­дан бері қаңтарылып тұр. Ауыл әкім­дігіне, аудан басшы­лығына бұл мә­селе талай мәрте айтылғанымен, түйт­­кілдің түйінін тарқатуға асығар емес.

«Былтыр күзде мал семірген уа­қыт­та қатты қиналдық. Шар­бақтыға апарайық десек, шығы­ны­мыз бастан асып кетеді. Амал­сыздан малды тірідей сатып алатын алыпсатарларға жем болдық. Біздің жағдайымызды жақсы біліп алған олар да төмен баға ұсынды. Тіпті қаладағы туысқандарымызға ет жіберуден қалдық. Осылайша, түлігіміз талай жылғы еңбегімізді ақтамады, пайдасын көре алмай отырмыз. Қазір көктемгі мезгіл­де пышаққа ілінетін ірі қара аз емес, бірі көтерем, енді бірі бат­пақ­қа батып, амалсыз сойып тас­таймыз. Оларды ет өңдейтін кәсіп­орындарға апарып тапсырсақ аз-маз пұл түсер еді ғой. Алайда ауылдан оны ет күйінде алып шығуға рұқсат жоқ. Апарар болсақ, аңдып жүрген жол полициясы айыппұл арқалатып жібереді. Ал аудан орталығына тірідей жеткізу тиімсіз екенін айттым. Бұл аудандық вете­ринарлық инспекцияның жауап­сыздығынан орын алып отырған мәсе­ле деп есептейміз. Аудан әкім­дігі де мәселеге көз жұма қа­рап отыр­ғандай. Есілбайда 600-дей тұрғын бар. Бәріміз малмен күнелтіп отырмыз. Мына жақта 25 шақырым жерде 2 мың адам тұратын Шалдай ауылы бар. Олардың да мұң-мұқтажы – осы», дейді отағасы.

Есілбайлықтардың проблемасын жеке кәсіпкер Мұрат Тырмауұлы да жақсы біледі. Ет бизнесімен айналысатын азамат үшін ауылда арнайы алаңның жоқтығы қосымша шығынға ұшыратып отыр.

«Бір барғанда шағын жүк көлігімен аудан орталығына 4-5 ірі қара апарып сою қажет болады. Оны жеткізуге шамамен 50 мың теңгеге шығындаламын. Жуықта Шегіренде тұратын ағамның малын құжатсыз алып шығамын деп бәлеге қалдым. Жолда полицейлер тоқтатып, айыппұл салды. Сондықтан мен үшін пайдасынан гөрі, шығыны басым болып тұр. Жергілікті аудан әкімдігі, жауапты мекемелер бұл мәселеге бас ауыртпайтындай көрі­неді. Ветеринария бөліміне хабарлассам, ондағылар ауылдағы мал соя­тын алаңның иесіне сілтейді, ал қасап­хананы ұстап отырған азамат бөлім рұқсат бермей отыр деп зар илейді. Есесіне ауылдықтар зиян шегіп отыр», деп мұңын шақты кәсіпкер.

Негізі аудан бойынша небәрі 5 мал соятын алаң ғана бар. Оның бі­рі Шарбақтыда екенін жаздық. Қал­ғаны Орловка, Жылыбұлақ, Кра­си­ловка, Александровка ауыл­дарын­да орналасқан. Тұрғындар Алек­сан­д­ровкадағы қасапхана да талапқа сай жұмыс істемейтінін, жиі тоқтап қала беретінін айтады.

Ветеринарлық бақылау және қада­ғалау комитетінің Шарбақты аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қайыржан Дәулетбаев Шегірендегі мал соятын алаңның тоқтап тұрғанына иесі кінәлі деп санайды. Айтуынша, «Назарәли» ШҚ осыдан бірер жыл бұрын оны өз иелігіне алыпты. Алайда содан бері нысанның күйі қашқан. Аудандық мекеме ветеринарлық-са­нитарлық қорытынды шығарар уа­қытта қасапхананың маңайы қор­шал­мағанын назарға алып, есепке алу құжатын бермей қойған.

«Қожайыны кемшілігін түзетеміз деп сөз бергенімен, іс жүзінде уәдесін әлі күнге орындамады. Талапқа сай бол­мағаны үшін алаңға өз жұмысын жалғастыруға рұқсат бере алмаймыз. Себебі ол заңсыздық болар еді. Иесі ауысқанға дейін нысан аудандағы өзге қасапханалар секілді тәуір жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді», деп келтесінен қайырды ауданның бас ветеринары.

«Назарәли» ШҚ басшысы Нұржан Азаматовқа хабарласқанымызда, ол шынымен алаңның стандартқа сай келмей тұрғанын мойындады. Былтырғы көктемнен бері ветинспекция тоқтатып қойған. Қазір шаруашылық алаңды толықтай өз меншігіне өткізу үшін құжаттарын ресімдеу үстінде.

«Былтыр ауданға құжаттарымды бірнеше мәрте апарып тапсырдым. Алайда ондағылар барлығын кері қайырды. Айналасын қоршауға қанша қаражат қажет екенін де білмеймін. Шамамен 0,9 гектар жерді қоршауым керек. Қазіргі күні жергілікті мал ұстаушы ағайынға қиын болып тұр­ғанын жақсы түсініп отырмын. Алайда құжат мәселесі шешілмей, малды союға қабылдай алмаймыз. Ол шамамен маусым айына дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан қазір бір ғана жол бар, ол – аудан орталығына апарып сою», дейді Н.Азаматов.

Бәрін айт та, бірін айт. Ауылдағы ағайын­ның құтын қашырған осы бір түйткілдің түйінін тарқатуға осы уақытқа дейін аудан әкімдігі бей­қамдық танытып келіпті. Бұл мәсе­ле жайында аудан басшысы Әзіл­хан Әбеуовтің пікірін білмекке бір­неше мәрте хабарласып көрген едік. Алайда әкім телефон тұтқасын көтермей қойды. Соңынан көмекшісі хабарласқанымен, мардымды жауап ести алмадық. Тиісті мемлекеттік органдарға талап қоймағандары да түсініксіз.

Мұндай қолайсыздыққа Бая­науылдың Ақсан, Күркелі, Қызылтау, Сәтбаев ауылдық округтері мен Май­қайың кенті де ұрынып отыр. Тіпті аудан орталығында да мал соятын нысан жоқ болып шықты. Әйтпесе, Ақсан мен оған қарасты елді мекендердің тұрғындары үшін небәрі 20 шақырым жердегі Баянауыл кентіне барып, малдарын сою тиімді болар еді. Алайда бұл аумақтың халқы сыртқа мал етін шығару үшін 60 шақырым жердегі Торайғырға жүк көлігін жалдайды. Сол секілді Күркелі ауылының жұр­ты Жаңатілек ауылдық округіне (65 шақырым) шұбырады. Тілдей вете­ри­нар­лық анықтамаға қол жеткізу бү­гінде ауылдықтарға үлкен салмақ салып тұр.

Баянауыл ауданы бойынша бүгін­де 7 мал соятын алаң керек. Қолда­ныстағылардың саны – алтау ғана. Аудандық ветеринарлық стансаның басшысы Сланғали Айтбаев бұл мәселені шешуге ең әуелі жергілікті шаруа қожалықтары өздері мүдделі болуы керек деп санайды. Себебі алаңдар – жеке кәсіпкерліктің түрі. Биыл Күркелі, Ақсан, Қызылтау ауылдық округтерінде мал сою нысандары салынады деп күтілуде. Өзге аумақтарды да қамту жоспарда екен.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Павлодар об­лыс­тық аумақтық инспекциясының басшылығы ауылдардағы мал соятын алаңдарды салуға мемлекет араласа алмайды деп аузын қу шөппен сүртеді. Мал дәрігерлері тек үй жануарының санитарлық талапқа сай сойылғанын растайтын анықтама жазуға жауапты. Одан өзге жауапкершілікті жергілікті қауымдастық пен шаруашылықтар өздері арқалауы керек.

Өңірлік инспекцияның жетекшісі Рашид Нұрбековтің сөзіне сүйенсек, мал сою алаңдары Железин, Ертіс, Май, Тереңкөл, Аққулы аудандарында және Павлодар мен Екібастұз қалаларында да өте аз.

«Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы №7-1/37 бұйрығының 12-тармағына сәйкес, есептік нөмірі сою алаңдарын қоспа­ған­да өндіріс нысанын пайдаланудың бүкіл кезеңіне беріледі. Ал мал сою алаңдарына ол бір жылға ғана бері­ліп, жыл сайын расталуға жатады. Қолданыстағы есептік нөмірін растау үшін мал сою учаскелері бекітілген ережелерге бағынуы керек. Сою алаңы – ет өңдейтін кәсіпорын немесе сою пункттері жоқ кезеңде, ветери­нариялық-санитариялық ережелер сақталып және жануар мен оның сойылған өнімдеріне ветеринариялық тексеру жүргізе отырып, мал сою үшін белгіленетін орын. Дайындау (сою) нысандары бойынша нақтыланған нормалар жоқ әрі ол нысандарды мемлекет тарапынан қаржыландыру көзделмеген. Себебі қызметтің бұл түрі ветеринария саласындағы кәсіпкерлік болып саналады», дейді ол.

Малды сою туралы деректер ауыл шаруашылығы жануарларын бір­дейлендіру қорының ақпараттық жүйесінде тіркеліп, ай сайын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Вете­ринарлық бақылау және қадағалау комитетіне жіберіліп отыратынын айтып өтейік. Былтыр Павлодар облысында 41 287 ірі қара, 13 786 ұсақ мал, 8 695 жылқы, 194 912 құс сойылған. Облыс бойынша бір бас мал союдың орташа құны 1 500 теңгеден 8 000 теңгеге дейін жетеді екен.

Тағы бір мәселе, өңірде ветеринар мамандардың жетіспеушілігі де байқалады. Облыстық ветеринарлық стансаның штаттық кестесіне сәйкес ауылдық округтердің ветеринарлық пункт­терінде 530 маман қызмет атқа­рып жүр. Р.Нұрбеков қосымша 536 ветеринар қажет екенін атап өтті. Пав­лодар қаласында, Павлодар, Желе­зин, Ақтоғай аудандарында ветеринар мамандардың орны бос тұр. Сон­дықтан мәселенің күрделенуіне маман тапшылығы да үлкен әсер етіп тұрғаны анық. Себебі кейбір ауылда мал сою пункті бар болғанымен, мал дәрігері жоқ.

Ауыл жұрты мал шаруашылығы бойынша қабылданған заңдар мен заңнамалық өзгерістерден кейінгі уа­қытта жиі зиян шегетінін көз көріп жүр. Себебі көп жағдайда заң бар да, оны іске асыратын тетік әлсіз. Вете­ринарлық талаптар да сол жағдайдың кері. Бұл істі жеке кәсіп­керлер атқа­рып кетеді деп сеніп отырмай, жауап­кершіліктің бір ұшына жергі­лікті әкімдіктерді араластырмай болмас...

 

Павлодар облысы