Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен елорда іргесінде «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы салынып жатыр. 412 гектар аумақты алып жатқан кешен еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей болмақ.
Қазіргі таңда музей аумағына қос қапталдан кіруге арналған биіктігі жеті метрден асатын кіреберіс қақпа мен бекініс қабырғаларының құрылысы басталды. Кіреберіс пен бекіністегі мұнаралар сол кезеңдегі технология бойынша арнайы жасалған құрылыс материалдарымен қапталады.
Жобаның негізгі мақсаты – ашық аспан астындағы музейде дала өркениетінің озық жетістіктерін көрсету. Мұнда Бозоқ қалашығымен қатар, энеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі тарихи кешендердің тарихи реконструкциясы бой көтереді.
Әр кешенде материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасу тарихы көрсетіледі. Олар – сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, металлургиялық және қыш пештер, ұстаханалар мен шеберханалар, қолөнершілер орамы, ортағасырлық базар, петроглифтер және тағы басқалар.
– Бүгінгі жастар көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ақпаратты жақсы қабылдайды. Жаңа форматтағы музей оларға сол дәуірдің атмосферасын, халықтың тұрмысын толық сезінуге және дала өркениетінің озық мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта еліміздің танымал туристік брендтерінің біріне айналатыны анық. Музей-қорық ашу туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Елорда өңірінің инвестициялық тартымдылығын жақсартады. Еліміздің Еуразия далалық тарихының сақтаушысы ретіндегі халықаралық имиджінің өсуіне оң ықпал ететін болады, – деді «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бөрібаева.
Болашақта ашық аспан астындағы музей инновациялық жоба ретінде елорданың ғана емес, еліміздің туристік картасында мәдени инфрақұрылымға айналып, шағын және орта бизнесті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға серпін береді деп жоспарланған.