Пиреней түбегінде теннистен «Мастерс» санатындағы «WTA 1000» турнирі басталды. Мадридтегі додаға әлемнің ең үздік теннисшілерімен қатар еліміздің де мықтылары қатысып жатыр.
Жерлестерімізден бірінші болып турнирдің шымылдығын әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева ашып берді. Отандасымыз Мадридтегі жарыстың бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Клэр Льюмен өткізіп, екі сетке жалғасқан матчта 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екі теннисші бұған дейін қаңтар айында Аустралияның Хобарт қаласында ұйымдастырылған турнирдің 1/16 финалында кездесіп, ол кезде де бәсеке Путинцеваның айқын жеңісімен аяқталған – 6:2, 6:4.
Енді Юлия жүлде қоры 7,7 млн еуродан асатын турнирдің үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы франциялық Каролин Гарсиямен кездеседі. Теннисшілер кортта бір-бірімен екі рет кездесіп, екеуінде де жерлесіміздің мерейі үстем болған. Бір қызығы, Путинцева мен Гарсия соңғы рет 2014 жылы шеберлік байқасқан екен.
Өкінішке қарай, ерлер арасындағы бәсекенің іріктеуіне қатысқан Тимофей Скатов негізгі кезеңге шыға алмады. Ол италиялық Марко Чеккинатодан жеңіліп қалды – 6:3, 2:6, 3:6. Ал кеше Александр Бублик колумбиялық Даниэль Элахи Галанмен шеберлік байқасты.