Елімізде шахмат спортын мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізу бағдарламасы дайындалып жатыр. Болашақта шахматты оқытуды мектепалды даярлықтан жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің басқа сатыларына да енгізуге болады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) басшылары мен Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) сарапшылары мәлім етті.
Қазақстан шахмат федерациясы 2016-2020 жылдар аралығында «Мектептегі шахмат» қанатқақты жобасын жүзеге асырған болатын. Жоба Алматы, Қызылорда, Павлодар облыстарындағы 18 мектепте жүзеге асырылып, 2-4 сыныптарда шахмат сабағы өткізілген-ді. Осы уақыт аралығында шахмат ойнаған мектеп оқушыларының интеллектуалдық көрсеткіштері мен шығармашылық қабілеттерінің күшейгендігі, алаңдаушылық деңгейінің төмендеуі, ауызша және логикалық ойлау көрсеткіштерінің, математика, жаратылыстану пәндері, гуманитарлық бағыттар бойынша оқу үлгерімінің жақсарғаны байқалды. Қанатқақты жоба қазақ және орыс тілдерінде оқитын 1738 оқушыны қамтыды.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарында шахмат мұғалімдерін даярлау үшін «Шахматты оқытудың теориясы мен әдістемесі» оқу бағдарламасы да әзірленді. Бұл жұмысқа Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (Орал), С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті (Өскемен), Еуразия инновациялық университеті (ИнЕУ, Павлодар), Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қатысқанын айта кеткен жөн.
ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов шахматты мектеп бағдарламасына енгізу идеясы көптен бері талқыланып келгенін айтады. «Біз мемлекеттік стандарттардың пайда болуын күтпей-ақ, жекеменшік мектептердің бұл тәжірибені қалай қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Біз Мемлекет басшысына шахматты білім беру бағдарламасына енгізу керектігін айтып, одан толық саяси қолдау алдық. Енді шахматты мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде енгізу жоспарын әзірлеп жатырмыз», деді ол.
Дәрмен Сәдуақасов Астанада шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матч аясында халықаралық тәжірибе жинақтау және шахматты енгізуге деген көзқарасты қалыптастыру мақсатында халықаралық сарапшылардың қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өткенін айтты. «Ағымдағы міндеттер бөлігінде біз Оқу-ағарту министрлігінің, Жоғары білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мамандарды даярлау мәселелерін талқыладық. Оның ішінде бапкерлер мен оқытушылар, мамандар біліктілігін арттыру, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындарының соңғы курстарында тренерлердің жаңа буынын дайындау мәселелері сөз болды. Мұнда әдістеме, оқу бағдарламалары, оқу-әдістемелік кешен мәселелері талқыланып жатыр», деді Дәрмен Сәдуақасов.
Сондай-ақ ҚШФ бірінші вице-президенті биыл қаңтар айында еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының қатысуымен жиын өткенін, ал қазіргі уақытта шахматтан мұғалімдерді даярлау бағдарламасын енгізу мәселесін талқылап жатқанын да тілге тиек етті. Қазір университеттерде қанатқақты бағдарлама іске қосылған. Сондай-ақ мектеп оқушылары арасындағы халықаралық жарыстардың финалын Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.
Ал ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова шахматты алдымен бастауыш сыныптарға, одан кейін оқу жүйесінің басқа да санаттарына факультативтік пән ретінде енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Шахмат – зияткерлік қабілеттерді, есте сақтауды, зейін қоюды және стандартты емес шешімдерді қолдану қабілетін дамытудың қуатты құралы. Шахмат ойнаған әрбір бала гроссмейстер болып өспесе де, оқу үдерісі, мектеп пен университет қабырғасынан тыс жерде де өзіне пайдалы болатын маңызды дағдыларды меңгереді», дейді Г.Дәулетова.
«FIDE – Chess in Education» комиссиясының төрағасы Леонсе Гарсиа (Испания) және комиссия хатшысы Рита Аткинс (Мажарстан) өз кезегінде шахматты оқу үдерісіне енгізудің халы-қаралық тәжірибесі мен оның нәтижесінде оқушылардың пәндер бойынша көрсеткіштері жақсарғанын айтты. Олар жалпы білім беретін мектептерде шахматты енгізуге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Алдағы уақытта «Chess Legends» қосымшасы білім беру жобасының IT платформасына айналуы мүмкін. Оны Қазақстанның программистері бірнеше танымал шахматшылардың, оның ішінде 14-ші әлем чемпионы Владимир Крамник пен 4 дүркін әлем чемпионы, FIDE-нің әлемдік рейтингтегі көшбасшысы қытайлық Хоу Ифаньның жетекшілігімен әзірледі. Оқыту әдістемесін FIDE аға жаттықтырушысы, Қазақстан, Үндістан және Испания құрамаларының бұрынғы бас бапкері Евгений Владимировтің командасы дайындады.