Өткен аптада Алматыда ЖЭО-2 алаңында Болат Жәмішевтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Басқосу алдында қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер ЖЭО-2-нің негізгі алаңдарын аралап, күні бүгінге дейін тек жиындарда айтылып келген біраз жайтты көзбен көрді. Жер бетінен бірнеше метр тереңдікте жатқан бу қазандықтарының жұмысымен танысып, мамандармен кездесті.
Жұмыс істеу қабілеті сарқылған ЖЭО-лар
Осы жиынға қатысқан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев мұндай кездесулердің ресми жиынға айналғанын қаламайтынын, тәуелсіз сарапшылардың пікірі ортаға салынғанын, журналистер де осы тақырыпқа барынша ден қойып, көтерілген барлық мәселенің қоғамға жетуіне атсалысқанын қалайтынын айтты.
«Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйтебаев осы жиында Қазақстанда электр орталықтарының жұмыс істеу қабілеті сарқылғанын мәлімдеді. Еске сала кетсек, Алматы көмір ЖЭО-2 1980 жылы пайдалануға берілді. Жылу қуаты – 1411 Гкал/сағ, электр қуаты – 510 МВт, тозу деңгейі – 72,4 пайыз.
Оның айтуынша, елімізде 2029 жылға қарай 3 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы туындауы мүмкін. Өйткені елде электр қуатына деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 9,4 пайызға өскен. «Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйтебаевтың айтуынша, саланың тағы бір мәселесі – жоғары деңгейлі мамандардың басқа салаларға кетіп жатқаны. Жоғары білікті дәнекерлеуші, слесарьлардың жоқтығынан Екібастұзда жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен шұғыл түрде мамандар шақыртылған.
2015-2018 жылдары тарифтер бір деңгейде тіркелген кезде «үнсіз тариф» режімі қолданылған болатын. 2019 жылдан бастап қуат нарығының енгізілуіне орай стансалардың орташа тарифі төмендеді. Тариф деңгейінің өсу қарқыны инфляцияға қарағанда едәуір төмен. Энергетика министрлігі қуаттың шекті тариф деңгейін 2015 жылғы инвестициялар көлеміне қарай айына 1 МВт-қа 590 мың теңге мөлшерінде белгілеген болатын.
Электр энергиясы тарифтерінің төмендігі электр энергетикасы саласы бойынша қуат көздерін жаңартуға, кеңейту мен жаңа қуат нысандарын салуға, жоғары кәсіби кадрларды тартуға қажетті ресурстардың жетіспеушілігін көрсетеді. Энергетикалық нысандарды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, сайып келгенде, саланың құлдырауына және экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмауына әкелмек. Бу қазандықтары мен құбырларға арналған құбырдың құны екі жыл ішінде 236 пайызға өсіпті. Тарифтердің тежелуіне байланысты республиканың энергия өндіруші ұйымдарында кассалық алшақтықтар мен жеткізушілер алдындағы берешек пайда болады. «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы берешегінің жалпы сомасы шамамен 6,4 млрд теңгені құрайды.
«Егер біз мәселені тарифтермен шешпесек, бұл саланың электр энергиясына қажеттілікті қамтамасыз ете алмауына әкеп соғады. Бұл қалған салаларға, тұтастай алғанда елдің экономикасына және Қазақстанның әрбір азаматының әл-ауқатына теріс әсер етеді», дейді С.Түйтебаев.
С.Түйтебаев айтып өткендей, электр қуатына деген қажеттілік мәселелерін Алматы ЖЭО-ны жаңғырту және реконструкциялау, Екібастұз энергия торабында жаңа энергия блоктарын іске қосу және жиынтық қуаты 4,1 ГВт жаңа көмір электр стансасын салу сынды ауқымды энергетикалық жобаларды іске асыру арқылы ғана шешуге болады.
Компания басшысының айтуынша, электр энергиясына төмен тарифтердің қойылуы салдарынан, электр энергетикасы саласы жаңа қуаттарды жаңарту, кеңейту, салу және жоғары кәсіби кадрларды ұстап тұру үшін қажетті қаржы ресурстарын ала алмайды.
Жаңа станса жарылқай ма?
Алматыдағы газбен жанатын жаңа ЖЭО-2-нің құрылысы биыл жазда басталады. Осы жылдың екінші тоқсанында Алматы ЖЭО-2 алаңында жабдықтарды жеткізу, жаңа газ стансасын жобалау және салу бойынша мердігер айқындалмақ. Ашық халықаралық тендердің бірінші кезеңі барысында 6 өтінім келіп түскен. Оның ішінде екінші, қорытынды кезеңге 2 өтінім (компания) өтті. Мердігерді таңдау бойынша халықаралық, екі кезеңдік конкурс Еуропа қайта құру және даму банкінің ережелеріне сәйкес өткізіледі. EPC-мердігерді таңдаудың техникалық сипаттамасы мен EPC-келісімшарт жобасы FIDIC (Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) «сары кітабы» бойынша әзірленді. Серік Түйтебаевтың айтуынша, тендердің жеңімпазы осы жылдың екінші тоқсанында анықталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы 2023 жылдың тамызында басталады деп отыр.
2023 жылдың екінші тоқсанында Алматы ЖЭО-2 алаңында жаңа жанармай құю стансасын жобалау және салу, жабдықтарды жеткізу бойынша мердігер таңдалады. «АлЭС» АҚ инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Сағидолланың айтуынша, EPC мердігерін таңдау бойынша екі кезеңді халықаралық ашық тендер жарияланды. Бұл ірі компания немесе компаниялар консорциумы бірнеше жыл бойына жобалау, жабдыққа тапсырыс беру, осы жабдықты жеткізу, салу, орнату, пайдалануға беру және қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Оның айтуынша, бүгін өтінімнің бірінші кезеңі қаралып, алты ірі консорциумның ішінен барлық біліктілік талаптарына сай екі компания екінші кезеңге жіберілген. Дәурен Сағидолла бірінші кезең 2024 жылдың желтоқсанына дейін пайдалануға берілетінін атап өтті. Ол қуаттылығы 200 мегаватты құрайтын циклді стансаның құрылысын қамтиды. Мамыр айының соңында тендердің қорытындысы шығарылып, 2023 жылдың 1 маусымына дейін EPC келісімшартына қол қойылады (Инжиниринг, сатып алу, құрылыс).
«Инфрақұрылымдық мәселелер шешілді. Сумен, газбен қамтамасыз ету мәселелері пысықталды. Енді келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін жедел штаб жұмысын бастайды. Құрылыс алаңында барлық жұмыс кестеге сай жүргізілуде», деді АлЭС өкілі.
Жаңа станса іске қосылғаннан кейін 2026 жылы атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларының жалпы көлемін 2022 жылмен салыстырғанда 80 пайызға азайтуға болады және алдын ала болжам бойынша, шамамен 2 700 тоннаны құрайды. Алматы ЖЭО-2 жобасы аяқталғаннан кейін, ең жақсы қолжетімді технологияларды енгізген нысанға келетін болсақ, шығарындылар үшін төлем мөлшерлемесі 0 теңгеге тең болмақ.
Ә.Жақұтов атындағы ЖЭО-2 Алматы жылу-электр орталығының директоры Фазаил Сәлімов журналистермен кездескен кезде нысанды қайта жаңғырту және оны газға көшіру нәтижесінде атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту жоспары туралы айтты.
«Біз стансаның құрылысын бастаған жоқпыз, бірақ шығарындыларды оңтайландыру шараларын қабылдап жатқандықтан, қазірдің өзінде белгілі бір төмендеу байқалады. Негізгі төмендеу азот оксиді мен күкірт оксиді шығарындыларында болады. «Сондықтан алматылықтар ауа тазаланғанша күтуі керек. Энергетикалық блоктарды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бір аралас циклді қондырғы мен екі аралас бу-газ турбиналы қондырғыларын салу жоспарлануда», деді Ф.Сәлімов.
Түйін тарифпен тарқатылса, қанекей...
Басқосудың қызуын көтеріп жіберетін тақырыптардың бірегейі – тариф мәселесі. Осыған дейінгі жиындарда жаңа тариф деңгейі туралы кесімді пікірге келмегені айтылатын. Осы жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазіргі жағдайда электр энергиясы тарифінің көтерілуі елдегі тұрақсыздық пен әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін екенін айтты.
«Самұрық-Энерго» – жеке емес, квазимемлекеттік ұйым. Тарифтерді көтеруді мұқият ойластырып, басқа да ықтимал баламаларды қарастыру қажет. Ал егер тарифтер көтерілетін болса, онда жаңа тарифтерден түсетін ақшаның жұмсалуын бақылау мен ашықтық жүйесін ойлап табу керек», деді депутат.
Белгілі қазақстандық саясаттанушы Петр Своик те тарифтік емес инвестицияға көшу қажеттігін, мұны Үкімет пен Парламент деңгейіне жеткізу керектігін қадап айтты. Қазіргі жағдай тарифтерді адам төзгісіз деңгейге көтеруді міндеттеп тұр. Бұл мәселені бүгін шешкен дұрыс. Сарапшының есептеуі бойынша жобаны жүзеге асыру үшін АлЭС өндіретін электр қуатының бағасын 10 есеге дейін қымбаттатуға мәжбүр болады.
«Жобаның бастапқы құны 300 млрд теңгеден басталады. Ескі ЖЭО-2-де электр қуатын өндіру 3-ке бөлгенде 100 млрд теңге. Біз мұндай жағдайда кВт/сағ үшін 100 теңге төлейміз. Енді бізге қазандықтарды газға ауыстыру мүмкіндігі және бұл үшін қандай шарттар қажет екенін анықтап алуымыз керек», деді Своик.
Айтуынша, басты түйткіл – желілердің тозып, мамандардың тапшы болып тұрғандығы. Әр тараптың өз шындығы және жеке мүддесі бар. Заңнама бойынша тәуелсіз техникалық сараптама жасалмаған.
«Самұрық-Энерго» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов АлЭС өндіретін электр энергиясының бір кВт/сағ үшін 100 теңгеден аспайтынын айтты. Тұтынушы үшін «АлматыЭнергоСбыт» тарифі кВт/сағ үшін 20 теңге деңгейінде белгіленген. А.Рысқұловтың айтуынша, станса толығымен газға көшкен кездегі жағдайға алдын ала талдау жүргізіп, АлЭС өндіретін электр энергиясының тарифі кВт/сағ үшін 17,2 теңге болуға тиіс екені анықталған. 2027 жылға қарай тұтынушы үшін соңғы тариф бір кВт/сағ үшін 100 теңге емес, 30-35 теңгенің төңірегінде болады.
«Біз 2027 жылға қарай дизельді отын мен бензин бағасының қандай болатынын білмейміз. Тарифті азайтуға мүмкіндік беретін тетіктердің бәрін қолданамыз», деді А.Рысқұлов.
Айдар Рысқұловтың айтуынша, өткен жылдан бері электр қуатының тарифі көтерілмегендіктен стансалар шығынмен жұмыс істеген. Екібастұз ГРЭС-і мен Алматы ЖЭО-2-де 70 миллиард теңге жетіспейтінін Серік Түйтебаев та айтқан болатын. Рысқұлов сөз арасында тарифтерді көтеру туралы өтініштер өткен жылдың қыркүйек айында Энергетика министрлігіне жібергенін де қаперге салып өтті. Бұл шешім 2022 жылы қызметкерлердің жалақысы 20-25 пайызға, ал 2023 жылдан бастап 10 пайызға көтерілгендіктен жасалған.
«1 маусымнан стансалар тарифтерді 20-30 пайызға көтереді, бірақ тұтынушы үшін бұл Қазақстанда 10-11 пайыз шамасында болады», дейді А.Рысқұлов.
Энергия таратушы компания туралы
Алматыдағы энергия таратушы компанияның тарихы 1928 жылы Алматы қаласында әрқайсысы 170 кВт қуатты үш генераторы бар бірінші дизельдік электр стансасы іске қосылғаннан бастау алады. Кәсіпорынды 1996 жылдың тамыз айында «атышулы» «Трактебель C.A.»(Бельгия) компаниясы жекешелендірді. Ал 2001 жылы энергокомпанияның 100% акциясы Алматы қаласының әкімдігіне өтті. Тек 2009 жылдың 14 шілдесінде «ҚазТрансГаз» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Самұрық-Энерго» АҚ-ның құрамына кірді.
Бұған дейін «Самұрық-Энерго» «АлматыЭнергоСбыттың» соңғы тұтынушылары үшін тарифтер келесі жылы 1%-ға, яғни қарапайым тұтынушы үшін айына 61 теңгеге өсетінін хабарлаған болатын. 2027 жылға қарай өсім 16 пайызды немесе айына 1054 теңгені құрайды (2023 жылмен салыстырғанда). 2029 жылы қосымша 4 ГВт қуаттылықты іске қосу кезінде түпкілікті тұтынушы үшін тарифтердің өсуі 1 кВт/сағ үшін шамамен сегіз теңгені құрайды.
Талапайға түскен тариф
А.Рысқұлов сондай-ақ электр энергиясы нарығындағы тариф 2019 жылдан бері өзгермегенін, бұл деңгей инвестиция тартуға және ақшаны қайта құруға бағыттауға мүмкіндік бергенін айтты. Тарифтің қазіргі деңгейі электр энергетикасында ақша тартуға мүмкіндік бермейтін жағдай туындатады.
«Біздің елде ішкі қаржыландыру көздері жоқ. Инфляция деңгейі жоғары, қарыз алу деңгейі 18-20 пайыздан жоғары. Энергетика саласында пайдаланылған капиталдың қайтарымы бар. Энергетика министрлігінің талабы бойынша рентабельділік 11,79 пайызды құраса, іс жүзінде – 3-5 пайыз. Сонда «20 пайызды қалай қайтарамыз?» деген сауалдың жауабы тұйыққа тіреліп тұр. Шетелдік компаниялар мен банктер үшін бұл сала тартымсыз», дейді Айдар Рысқұлов.
Оның есептеуі бойынша, ЖЭО-2-ні қайта құруға қажетті жылдық 20 пайызбен 300 миллиард теңге несие берушіге АлЭС үшін жылына 60 миллиард теңге төлем жасайды. АлЭС «АлматыЭнергоСбыт» компаниясына жылына 120 миллиардқа электр энергиясын сататынын ескерсек, холдинг бұл соманың жартысын несие пайызын төлеуге жұмсайды.
«1 шілдеден бастап жоспарланып отырған бірыңғай сатып алушыны енгізу арқылы облыста да жүктеме жеңілдейді, тариф айтарлықтай көтерілсе де, Алматы барлық пайызды төлемейді. Бір сатып алушы Қазақстанның барлық электр энергиясын барлық стансадан сатып алып, оны барлық өңір бойынша біркелкі таратады. Бұл бағаның өсіп кетпеуіне әсер етіп, тарифтік жүктемеге қатты әсер етпеуі керек», деп түйіндеді Рысқұлов.
Жыл басында 30 градус суық аязда «сыр беріп қалған» Екібастұз ЖЭО-ны 1950-60 жылдары ГУЛАГ тұтқындары салғаны, оның сол кездегі қожайындарының бірі Александр Клебанов Forbes нұсқасы бойынша ең бай және ең ықпалды бизнесмендер қатарында екені, байлығы 580 000 000 долларға бағаланғаны жазылып жүр. Екібастұз бен Риддердегі жағдайдан соң қоғам «тарифтен түскен қаржы қайда кетеді?» деген сұраққа жауап күтіп тұр.
А.Рысқұловтың айтуынша, тарифтің 35 пайызы – ішкі инвестицияға,15 пайызы – жұмысшылардың жалақысына, қалғаны басқа ішкі қажеттіліктерге жұмсалады. «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов қор құрамына кіретін «Самұрық-Энерго» холдингінің энергетикалық компаниялары мемлекеттік реттеудің шектен тыс болуынан қалай кіріс аз түсетініне тоқталды. Топ-менеджер бұл жағдайды ұлттық экономиканы субсидиялаумен салыстырды.
«Самұрық-Қазына» тобы жыл сайын экономикаға жанама түрде 1 триллион теңгеден астам субсидия береді. Бұл – біздің портфельдік компаниялар өз құнынан төмен шығынға ұшырайтын немесе қызметтері нарықтық құннан төмен сатылатын сома. Яғни бұл топ жыл сайын 1 триллион теңгеден аз қаражат алады және осылайша экономиканы жанама түрде субсидиялайды», деді Бердіғұлов.
«Самұрық-Энергоның» есебіне сәйкес, «АлматыЭнергоСбыттың» соңғы тұтынушылары үшін тарифтер келесі жылы 1 пайызға, яғни қарапайым тұтынушы үшін айына 61 теңгеге өседі. 2027 жылға қарай өсім 16 пайыз немесе немесе айына 1054 теңгені құрайды (2023 жылмен салыстырғанда). «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) тарифтері келесі жылы 3 пайызға, 2027 жылға қарай 14 пайызға өседі...
АЛМАТЫ