Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі кәсіпорынның инновациялық мүмкіндіктерімен екшеленеді. Сарапшылар экономикалық өсім мен жоғары білім ықпалдастығы сұранысқа сай өнім өндіргенде ғана нәтиже береді деген пікірде.
Алматы менеджмент университетінің (AlmaU) ректоры Гүлнар Күренкееваның айтуынша, елімізде технологияларды дамытуға қатысты стратегиялар, көптеген бағдарлама қабылданған. Соған қарамастан, инновациялық дамыған елдер қатарына жете алмай келеміз. Ол оның себебін стейкхолдерлерге арналған коммуникациялық алаңдардың жеткіліксіздігімен байланыстырып отыр. Сондықтан алдағы уақытта инновациялық экожүйені жақсарту үшін кәсіпорындар мен жетекші ғылыми университеттер арасында тығыз байланыс орнату қажет.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің пікірінше, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуымен бұл саладағы бірқатар мәселе шешімін табуға тиіс. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер барысында ашылған жаңалықтарды коммерцияландыру да өте маңызды.
– Президент VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында ғылымға басымдық бере отырып, әсіресе қолданбалы ғылымды өндіріспен, кәсіпорындармен, бизнеспен ұштастырудың зор мәнге ие екенін атап өткені есімізде. Осыған орай Мемлекет басшысы министрліктің ұсынысы бойынша Ғылым және технологиялық саясат туралы заңды қабылдауға, инновациялар, технологиялық саясатты дамыту, ең бастысы бизнесті, кәсіпорындарды, өнеркәсіптің назарын ғылымға бұруға тапсырма берді. Осы ретте жаңадан қабылданатын салық, бюджеттік, инвестициялық кодекске де министрлік тарапынан ұсыныстар енгізіліп жатыр. Негізгі мақсат – заңнамалық базада түбегейлі өзгеріс жасап, бизнесті ғылыми-инновациялық шараларға бағыттау. Ендігі кезекте кез келген кәсіпорын ғылымға негізделген өндірісті көтерсе, инвестицияларды тартса, технологиялық өндірістік ішкі үдерістерін ғылым үлесін толықтыруға, көтеруге бет бұрса, соғұрлым үкімет тарапынан салықтық жеңілдіктерге ие болады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль сияқты инновациялық саясаты дамыған елдерде фискалды органдар тарапынан салық жеңілдіктері 250-300 пайызға дейін қарастырылған, – деген болатын Саясат Нұрбек Алматыда ұйымдастырылған «Industry Advisory Board» форумында.
Бизнес үшін инновациялық өндіріспен айналысу инновациялық элементтер өндірісті жетілдіру үшін тиімді болуы керек. Министрдің пікірінше, қолданбалы форматқа көшуде жоғары оқу орындарындағы ғылымды дамыту да бірінші кезекте тұр. Сондықтан жоғары оқу орындарының мейлінше ғылыми-зерттеу университеті форматына ауысуы маңызды. Университеттер жанынан ғылымды құрылымдау бойынша технологиялық инженирингтік орталықтар құруға академиялық басымдық берілген. Бүгінгі таңда ғылымға бөлінетін қаржы 3,5 есе артса, 2023-2025 жылдары ғылымды, гранттық қаржыландыруға 650 млрд теңге жұмсалатын болады.
Осы орайда ғылымға келіп жатқан жастарға жағдай жасау керек. Өйткені қазіргі уақытта елімізде 600 мыңнан астам студент бар. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселене беретіні анық. Ал олардың дені ғылымға келетіні сөзсіз. Сондықтан жас ғалымдар имиджін қалыптастыру, сонымен бірге жоғары оқу орындарындағы кедергілерді жойып, технологиялық білімді қолданбалы технологияларға трансформациялау мәдениетін қалыптастыру, жаңа интеллектуалды өнімдер жасау, нарыққа дайындау, инвесторлармен келіссөздер жүргізу сияқты дағдыларды меңгеру – уақыттың талабы. «Ғылым қорының» басқарма төрағасы Әбілдә Шәменовтің айтуынша, биыл 60-қа жуық жоба қолдау таппақ.
Ғылым-өндіріс диалогі ғалымдар ашқан жаңалықтарды таныстырумен, стартап жобаларды қаржыландыру, тиімділігі жоғары өнімдер шығару форматында жалғасын тапты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қан тамырлары патологиясы орталығының директоры, профессор Оралбай Дәрменов жас ұзақтығын 10-15 жылға созуға мүмкіндік беретін жаңаша әдісті таныстырды. Ғалымдардың ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде атеросклероздың алдын алуға мүмкіндік беретін инновациялық жаңалықты өндіріске енгізудің тиімділігі жоғары. Ал Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғалымдары ұсынған «Sun Scutum» жобасы оқу орындары мен әлеуметтік нысандарда әйнектерге арналған жылусақтағыш жабынды энергия үнемділігімен ерекшеленеді. «Солнечный щит» директоры Сергей Сахновтың айтуынша, бүгінде еліміздегі ғимараттардың 95 пайыздан астамы қарапайым әйнекпен жабдықталған. Ал оларды энергия үнемді шыны пакеттерге алмастыру қымбатқа түседі. Инновациялық әдіс шығындарды азайта отырып, нарыққа бағасы он есе төмен өнім өндіруге жол ашады.
Бүгінде отандық ғылым қаншалықты қолдауға мұқтаж болса, инновацияларды өндіріске енгізу соғұрлым қиын. «QazCem» ценмент және бетон өндірушілер қауымдастығының техникалық сарапшысы Тимур Букашев отандық ғалымдарға кедергі болатын жайттарды алға тартты. Оның айтуынша, экономиканың нақты секторы ғылымға қаржы бөлгісі келмейді. Сонымен қатар маман дайындау мен ғылым, білім бір-бірімен үйлесе бермейді. Сондықтан ғалымдар мен нақты сектордың диалогін дамыту маңызды. «QazInnovation» басқарма төрағасы Санат Аханов ноу-хау коммуникацияда ғана туындайтынын атап өтті. Ал ғылыми ықпалдастық құру үшін сала мамандарының басын біріктіру қажет. «MOST Ventures» басқарма серіктесі Алим Хамитов «стартап», «венчур» жайында сөз қозғап, бизнес инкубатордың қайырымдылық мақсатты көздемейтінін жеткізді. Технология саласында кәсіпкер өз өніміне сұраныс бар екеніне көз жеткізе білуі қажет. Егер сұраныс болса, әрі қарай өсуге де жол ашылады. Сонымен қатар еліміздегі көптеген талантты жастарды қолдау мәселесіне тоқталып, нарыққа қайталанбайтын ерекше жобалардың қажеттігін жеткізді. Химик-ғалым, ерекше әзірлемелердің авторы Диас Тастанбеков мемлекет ғылымнан асқан тиімді бизнес жоғын түсінуі қажет деген пікірін білдірді. Оның айтуынша, дарынды жастар Америкаға қарағанда Үндістан мен Қытайда көп. Осы орайда бәсекелесу қадамдарына тоқталған ғалым бұл істе мемлекеттің қолдауы қажет екенін жеткізді.
AlmaU коммерицияландыру бойынша проректоры Кендрик Уайттың пікірінше, жаңа буын өнімдерін әзірлемей, экономиканы дамыта алмаймыз.
– Қазіргі кезде инвестициялау, коучинг, стартап бизнесті дамытуға кеңес беретін 125 венчурлық тәлімгерден тұратын жүйе, сонымен қатар 25 мүшесі бар ұлттық өнеркәсіптік компаниялар мен кәсіпорындар өкілдерінен құралған консультативті кеңес құрылған. Осы құрылымдар арқылы туындап отырған қауіп-қатерлер, проблемалардан хабардар бола отырып, оны университеттерді коммерцияландыру альянсының жаңа кезеңінде қаперде ұстайтын боламыз. Негізгі міндетіміз – ғалымдар жұмыс істеп отырған салаларда басымдықтарды анықтау және өнеркәсіптік серіктестер қойып отырған міндеттерге көңіл бөлу. Бұл бізге бизнес тәлімгерлер командасын құруға, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – дейді Кендрик Уайт.
Форумда коммерцияландыру бойынша ғылыми университеттер альянсы құрылды. Сегіз университет жаңа өнімдерді жасауға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Салалық консультативтік кеңес қазіргі уақытта «Siemens», «Microsoft», «MC», «Honeywell», «Coca Cola» сияқты әлемдік көшбасшылардың өкілдерін де біріктіріп отыр.
АЛМАТЫ