• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Отбасы 26 Сәуір, 2023

Зорлықтың зардабы ұлттық комиссияның отырысында талқыланды

210 рет
көрсетілді

Алматы қаласында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыспен күрес тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Іс-шараға Ұлттық комиссия атынан әйелдер мен балаларға қа­тысты зорлық-зомбылықтың бар­лық түрлерімен күрес секторын басқаратын құқық қорғаушы Айман Умарова, Алматы қаласының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Халида Әжіғұлова, аталған мәселе бойынша азаматтар құқын қорғап жүрген адвокаттар Раджан Берсінбаев, Кәмшат Шынтекова, Мақсат Қали, Айжан Дәрібаева, сондай-ақ Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі комиссияның бас инс­пектор-хатшысы Гүлнар Әмірова қатысты.

Сарапшылар зорлық-зом­былық­пен күрес мәселесінің деңгейін талқы­лап, оны жетілдіру қағидаларын пы­сықтады. Атап айтқанда заңгерлер өз тәжірибесіндегі келеңсіз жағдай­лармен бөлісіп, кедергілерді оңтайлы тәсілмен тойтарудың жолдарын ортаға салды. Бұл бағытта бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар да айтылды. Мәселен, Ұлттық комиссия ұсынған мәселені шешу бойынша құқық қорғаушы Айман Умарова бірқатар ұсынысын алға тартты.

«Ең үлкен мәселе – бізде жыныс­тық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстық істерді тергейтін полиция бөлімшелерінің жоқтығы. Ішкі істер министрлігіндегі департаменттер негізінен адамға қатысты қылмыстық істерді тергейді, оның ішінде кісі өлтіру, зорлау оқиғалары бар. Соның салдарынан бізде заттай дәлел­демелерді заңсыз алу, кәсіби емес тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқан жағ­дайлар жеткілікті. Көбінесе бұл істер зорлық-зомбылықтың жоқтығынан емес, дәлелдемелердің дұрыс емес уақытта алынуынан, сараптама уақы­тында тағайындалмауынан және осыған ұқсас себептермен тоқта­тылады. Сондықтан біз сек­суалдық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді тергейтін жеке департаменттер құру­ды ұсынамыз», деді адвокат.

 Сондай-ақ заңгер мұндай істерді осы салада тәжірибесі бар мамандар тексеруі қажеттігін баса айтты. Құқық қорғаушының сөзінше, тергеуге 5-10 жыл тәжірибесі бар тәжірибелі полицейлер жиі тартылады. Дегенмен қылмыстың басқа түрлері бойынша. Яғни олар мұндай мәселелерде «жаңадан келген» болып саналады. Мамандар осы ретте еліміздегі бірде-бір университет жыныстық қол­сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс­тық құқық бұзу­шылықтарды арнайы тергеуді үйрет­пейтінін сынға алды.

Жалпы, елімізде сот психологте­рінің өрісін кеңейту маңызды. Ұлттық комиссия өкілдері білікті мамандарды даярлау ісінде арнайы курс әзірлеуді қолға алған. Комиссия мүшесін толғандырған келесі тақы­рып – кәмелетке толмағандарды жауап­қа алу әдістемесін әзірлеу ісі. Себебі құжатты теоретиктер әзір­леп, тәжірибелі мамандар маңызды міндеттен шет қалып жатады. Бұл өз кезегінде балалардан жауап алу ісінде қылмыстың бетін ашуға кері ықпалын тигізуі ықтимал. Оның үсті­не балаларға сұрақ қоюдың өзін­дік тәсілдері бар. Оны дұрыс меңгер­меген маман бала жанын жаралауы әсте мүмкін дейді жиналғандар. Әсіресе мұндай жағдайларда сот-медициналық сараптаманы сауатты жүргізу маңызды.

 

АЛМАТЫ