Жетісу облысы бойынша жемқорлықпен күрес қызметі Талдықорған қаласы Білім бөлімінің басшысына қатысты тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол Білім бөлімінде бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген.
Қазіргі кезде сот күдіктіні қамауға алды.
Сондай-ақ жемқорлықпен күрес қызметінің мәліметінше, негізгі айыпталушылар ретінде пара бергендер ұсталып, қамауға алынған. Оларға бюджет қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген айып тағылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, күдіктілерге қатысты олардың кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті үкімді сот шығарады.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлілігі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталмайынша, әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.