Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев өзен суының азаю циклі әлі де жалғасып жатқанын мәлім етті.
«Суды пайдаланушылар арасында, аймақтар арасында дұрыс бөлу, сол арқылы тығырықтан шығудың жолдарын қарастыру шаралары жүргізілуде. Соған қарамастан су тапшылығына байланысты қауіп әлі де сейілген жоқ. Бұл ретте оңтүстік өңірлер су тапшылығына бейім болып келетінін айта кету керек. Сондай-ақ құрғақшылық пен су тапшылығына байланысты батыс өңірлері де ерекше бақылауға алынды», деді Мақсат Аяшев.
Оның айтуынша, елдің қалған аймақтары су тапшылығына бейім емес. Десе де, қазірдің өзінде Орталық Қазақстанда судың аздығы байқалып жатыр. Мәселен, бұрын суы толып жатқан Нұра сияқты өзендер қазір таязданып барады.