Шайбалы хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Францияның Анже қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы жеңісті жолын жалғастыра алмады.
Сергей Старыгин шәкірттері чемпионаттағы үшінші тур ойынын Дания хоккейшілерімен өткізіп, қарсыластарына ірі есеппен жол берді – 8:3. Кездесудің есебін үшінші минутта жерлестеріміз ашқанымен, матч соңына дейін жеңісті уысында ұстап тұра алмады. Бұл матчта Қазақстан құрамасы сапынан Семен Симонов (3-минут), Әділ Бейсембаев (30) және Александр Ким (35) мергендік танытты. Ал Дания хоккейшілерінен Даниэль Ольссон, Альберт Шиолдан және Ларсен Матиас дубльдің авторлары атанса, Оскар Фискер Мёльгаард пен Оскар Гроссман бір-бірден гол соқты.
Үш турдан кейін Қазақстан құрамасы 6 ұпаймен бірінші дивизионның «А» тобындағы турнир кестесінде екінші орынға түсіп қалса, Дания бірінші орынға көтеріліп алды. Жерлестеріміз чемпионаттағы төртінші ойынын кеше Украина хоккейшілерімен өткізді.