Мен білетін Нұржан Жанпейісов жаны жайсаң, бойында жасандылық жоқ жан. Қарапайым, ашық-жарқын кішіпейіл. Тіршілікте қандай қарапайым болса, сахнада да осы табиғи қасиетін сақтап келеді. Әрдайым ашық жарқын жүреді. Отбасынан алған тәрбие, өнер дарабозы Дәнеш Рақышевтен алған тәлім Нұржанның адамгершілік қасиетін ұштап, өнер өрісін кеңейтіп, болмыстық даралығына жол ашқандай.
Ән айтарда домбырасын серпілте тартып, арқаланып кететін әдеті өзіне жарасып-ақ тұрады. Жан тәнімен беріле шырқағанда ән ырғағымен бірге теңселіп, тебіреніп кететіні жүрегінің нәзіктігі мен бойындағы өнерінің қуат-күші іспетті. Әсіресе ән айтпас бұрын, әннің сипатын ашу мақсатында ішкі иірімдерін құлпырта ойнататын кіріспе шертпесіне тәнті боласың. Ең кереметі, кіріспе кейде әннің мелодиясына құрылса, кейде өзгеше бір сарында орындалып, ән әуеніне үйлесімді ұласып жатады. Нұржанның өнері «домбыраны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйлетеді», деген Тәкен Әлімқұловтың сөзін еске салады.
Халықтың қоңыржай сыршыл әндерінен өрілген бірде әуелеп құйқылжитын, бірде бәсеңдей келе қайта төгілте айтылатын сан құбылмалы өзіндік мәнері бар Дәнеш Рақышевтің әндері Жетісу мектебінің мақтанышы.
Әсем әуен желісімен көркем өрілген ән мәтінінің үйлесімді үндесуі тыңдаушыны баурап алып, бейжай қалдырмайтыны қазақ халқына тән қасиет. Әннің құдіреті де осы! Бұл орайда әншінің шеберлігі – әуезді үнін бұлбұлдай құбылтып, ән ырғақтарын жұтындырып, әсем әуенін домбыра шанағынан шыққан дауыс сарынына үйлесімді шырқауы. Дәнеш Рақышевке тән осындай шеберлікті өз деңгейінде игерген Нұржан – дәстүрлі қазақ әндерінің аясын кеңітіп, оның жаңаша дамуына мұрындық болды.
«Жақсы дауыс – әншінің жарты бақыты» дегендей, әншінің даралығын айқындайтын да дауыс. Нұржанның дауысы дәстүрлі қазақ әндерінің шебер орындаушысы Дәнеш атаның әуенін еске салып, жаныңды еліктіріп, құлағыңның құрышын қандырады. «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дегендей, Дәнештен үйренген Нұржанның ән айту мәнері шеберліктің шыңы десем де болады. Кез келген әнші айта алмайтын кейбір күрделі әндерді өз биігінде орындау Нұржанға бұйырған екен. Мысалы, Әсеттің әні «Қисмет», «Ардақ», «Мақпал», әйгілі «Інжу-маржан», халық әні аталған «Аңшының әні», «Бөпем-ай», «Баянауыл» әндері кең тынысты, иірімі мол, орындаушыдан шеберлікті және сезімталдықты талап етеді. Нұржан сезімталдықпен, өзіне тән шеберлікпен өзен ағысындай бірде баяу, бірде екпінді, құйқылжып-құбылған әсем әндердің маңызы мен мәйегін тыңдаушы құлағына мақпал дауысымен құйғанда тебіренбеу мүмкін емес.
Нұржан Жанпейісовтің ән орындау шеберлігін зерделесек, Жетісу өлкесіне тән дәстүрлі халық әндерінің үні, тәлім алған ұстазы Дәнеш Рақышевтің ән орындау мәнері және дәстүрлі халық әндерін орындап жүрген айтулы өнерпаздардың ән айту сарыны байқалып тұрады. Дауыстары және ән орындау мәнері ұқсас болғанымен, әрине, Нұржанның ән орындауы Д.Рақышевтен өзгерек. Өз стилі бар. Үлгі тұтса да, еліктесе де Алладан дарыған талант болар, әнді өзінше өрнектеп салады.
Дәнеш Рақышев тіршілігінде Нұржанның ән салғанын тыңдап: «Жастық шағым қайта оралыпты. Даусыңнан айналайын» деп бата берген екен. Жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Нұржан – Дәнеш әншінің кенже қозысы... Дәнеш әнінің бүкіл қайырымын, иірімін Нұржаннан табуға болады» деп бағалайды. Шынымен де, Нұржанның орындауындағы әнге құлақ түрсеңіз, Дәнештің үнін бүгінге жеткізіп жатқандай әсерде қаласыз.
Дәстүрлі халық әндерінің көкжиегін кеңейткен, Жетісу сазы мектебінің іргесін бекіткен Дәнештің тәлімін алған Нұржан Жанпейісов қазақтың көрнекті әншілерінің туындыларындағы қайталанбас қазақы нақышты жаңғырта, жарқырата отырып, өзіндік өрнекпен толықтырып, ән өнеріне жаңаша леп әкелді десем артық болмас. Ең бастысы, Нұржанның орындауындағы дәстүрлі әндерді бүгінгі жаңа ұрпақ жылы қабылдап, бойына сіңіре алды. Міне, әнші құдіреті!
Сонау 1994 жылы Талдықорған қаласы Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернатынан бастау алған Нұржанның қарапайым ұстаздық қызметі бүгінгі таңда республикалық деңгейде кәсіби жалғасын тапты. Нұржанның басшылығымен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде Дәнеш Рақышев атындағы арнайы әншілік сынып ашылып, шәкірттер легі тәрбиеленіп жатыр. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында кафедра меңгерушісі қызметін атқарумен қатар бір мезетте академия жанындағы Дәнеш Рақышев атындағы сыныпта шәкірттерді баулуға да уақыт тауып жүр. Осы игі істер Жетісу сазының озық көрінісі Дәнеш мектебін дамытуға қосқан Нұржанның ерен еңбектерінің бір парасы.
Шығармашылық тұрғыдан ұстаздық қызметпен қатар ән өнеріндегі ізденістері әсте толастаған емес. Радио мекемесінің шаң басқан мұрағатында «Алтын қорда» сақталған әндердің ішінен дәстүрлі қазақ әндерінің үздік үлгілерін қайта тірілтіп, форматын түзетіп дегендей, ұмыт бола бастаған әуендерді насихаттауға зор еңбек сіңіріп келеді.
Нұржанның атқарып келе жатқан игі істері кейінгі буын жастарға үлгі. Дәнештің 115-тей әнін жинақтап, оны үнтаспаға түсіріп, халыққа насихаттауда зор еңбек етті.
Нұржан Жанпейісовтің өнерге деген құштарлығының ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасып жатқаны да жарасымды. Ұлттық телеарналар ұйымдастырған «Алтыбақан», «Ауылдың алты ауызы», «Жетісаз», «Қазақтың 100 әні» және Алматы телеарнасының «Інжу-маржан» бағдарламаларының бел ортасында жүргенін айтсаңшы. Сонау 2009 жылы Қазақконцертте жүргенде өткізген жеке шығармашылық кеші, Ықылас атындағы Ұлттық аспаптар мұражайында өткен «Әсет пен Дәнеш» атты лекция-концерті, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында, «Ғалымдар үйінде» және «Әнді сүйсең, менше сүй» атты концерттері халықтың ерекше ықыласына бөленіп, дәстүрлі әндердің өміршеңдігін дәлелдеді. Дәнештің домбырасын салтанатты түрде «Ықылас атындағы Ұлттық аспаптар мұражайының» төріне жайғастырып, шәкірттік парызын да атқарды.
«Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына 15 әні, Ұлыбритания Лондон мемлекеті шығарған «Қазақ сахарасының дәстүрлі музыкасы» жинағына 5 әні енді. Ж.Елебеков атындағы байқаудың 1998, «Жаңа ғасырға – жаңа ән» байқауының (2000), «Шабыт» халықаралық фестивалінің (2000) лауреаты және Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдесін иеленді. Париж қаласында өтетін ұлттық дәстүрлі музыкалық фестиваліне екі дүркін қатысты. Гастролдік сапармен Қытай Халық Республикасына (2002), Моңғол еліне (2005), Оңтүстік Корея еліне және Ресей қалаларына барып, концерттер қойды. Толассыз ізденісінің жемісі – репертуарында 300-ден аса ән жинақталған. Көбіне, халықтың дәстүрлі әндері, Дәнеш орындаған әндер және басқа да композиторлардың шығармалары қамтылған. Бұл Нұржан інімнің қазақтың дәстүрлі ән өнерін дәріптеген еңселі еңбектерінің бір парасы.
Иә, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әншілік өнердің жампозы, профессор Нұржан Жанпейісов хақында айтылар жүрекжарды лебіздер көп.
Айбын ТӨРЕХАН,
профессор