• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Сәуір, 2023

Дориан Грей синдромы

456 рет
көрсетілді

Жас адамның ерте қартайғанынан, қарт адамның жаспын дегені қауіптірек секілді. Даналыққа, ізгілікке ұмтылмаған соң адам өмірдің мәнін өзгеше түсінеді.

Дориан Грей деп аталатын­ син­дром бар. Физикалық және психо­­логиялық тұрғыдан қартай­ғы­сы келмеу, мәңгі жастықты қа­лау осының белгілері. Бұл, әсіресе, шоу-бизнес өкілдері ара­сында жиі кездеседі. Бірақ көп­шілік алдында жүрмесе де, қарттығын қабылдағысы кел­мей­тін адамдар бар. Жас көріну үшін бәрін істейді. Қазіргі кезде кең тараған бет әлпетіне плас­ти­калық операция жасату да осы син­дро­м­ның белгісі дейді. Бірақ бұл бер жағы. Жаны кірлеп, жүрегі қарайып тұрса да, сыртын сылап мінсіз көрінгісі келу, өмір­дің мағынасы ішкі әлемнің емес, түр-әлпеттің көркемдігі деп есептеу – осы синдромның асқын­ған­ды­ғы­­­ның көрінісі.

Бұл психологиялық күй Оскар Уайльдтың атақты шығар­ма­сын­да­ғы басты кейіпкер Дориан Грей­­дің атымен аталған. Дориан өзі­нің жастығын сақтағысы келе­ді.­ Оқиға желісі бойынша бас кейіп­кердің сымбатына қайран қал­ған суретші оған портретін салып береді. Бейнесі салынған сурет­ке Дорианның жаны да дари­ды. Содан кейін Дориан емес, сол сурет қартая бастайды. Оның бойындағы барлық өзге­ріс портретке әсер етеді. Дориан алғашқыда өзінің тәнінің қар­та­­майтынына қуанғанымен, көз алдындағы суреттен жаны қан­ша­лық кірлеп, ластанып бара жат­қанын анық көреді. Дориан ішкі­ әлемінің келбетін жан баласынан жасырып ұстайды, тіпті, пор­третті басқа бөлмеге апарып, бе­тін жауып, бөлменің есігін құлып­тап, тығып тастайды.

Адамдыққа жат іс қылсақ, ар қина­лады ғой. Жанымыз кірлесе жиіркенеміз. Тазарғымыз келеді. Себебі адам жаны күнәдан пәк күйде жаратылған. Бірақ әуелгі бол­мыс пенделік іспен өзгеретіні анық. Дориан да өз картинасын көзден тасалап, жасырып қой­ғанда, сырт бейнесін емес, арын­ азаптаған жан күнәсін еш­к­­ім көріп қоймаса екен деді. Бәрі­міз­дің­ қалпымыз сол шығар. Кім жұрт­қа жаман көрінгісі келеді дейсіз. Бар кем-кетігімізді жасырып үйренгенбіз. Түрімізді жөн­­деп, сөзімізді екшеп, жүріс-тұ­ры­сымызға мән береміз. Адам­­­­­мен сырласқанда да оған жаман­­­­ды­ғымызды айтамыз ба? Айт­­пай­мыз. Керісінше жақсы жағымызды көрсетуді қалаймыз. Бірақ ол тек жақсы көрінгіміз кел­ген ниеттен емес, шын ұял­ған­нан, шын жақсы болғымыз кел­ген­нен туатын сезім болуы керек еді ғой. Сонда адамның жаны ізгіленіп, сұлулана түспей ме?

Оскар Уайльдтың кітабын­да­ғы кейіпкері Лорд Генри былай дейді: «Қазір адамдар­ өз-өзі­нен қорқады. Олар өзге­нің алдын­дағы парызын өтей­міз деп, өзінің алдындағы қары­зын ұмы­тып кетті. Иә олар м­е­йі­­­рімді, аш адамды тойдырады,­ кедейді киін­діреді. Бірақ өзі­нің жалаңаш жаны­ үшін түк істе­мейді. Біреуге қыл­ғаны өзі­нен ұялғанынан емес, құ­дай­дан қорыққандығынан. Жан қа­ла­уымен жақсылық қыл­ма­ғаннан кейін құдайдың алдында жаман көрініп қалмайын деген қор­қы­нышқа құл болып өтеді».

Дәл солай Дориан Грей синдромына шалдыққандар – ішінде есе­бі бар не құдайдың не жұрттың алдын­да сыртын ғана жақсы қы­лып көрсеткісі келетіндер. Олар жас болу үшін, жылтырап­ көзге түсетін, өз жасына сай кел­мей­тін киімдер киіп, бет әлпе­тін­де­гі әжімдерді түзеп әлек болады екен. Ластанған әлемі мен кір­леген жанын бүркеп, жауып қой­ғысы келеді. Әрине, періште қал­пында қалатын, пенделік іске ұрынбайтын адам жоқ. Бірақ жақсылыққа ұмтылу, ішкі сұлулыққа мән беру, рухыңды байыту – өзіңнің алдыңдағы ең басты қарыз осы ғой.