Алдағы екі жылда креативті индустрияның экономикаға қосатын үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін Мәдениет және спорт министрлігі биыл өңірлердің творчестволық ахуалын айқындау мақсатында арнайы зерттеу жүргізбекші.
Бұған қоса шығармашылық индустрияны қолдау қоры құрылмақ. Ал шығармашылық өнімнен пайда табуға тікелей үлес қосатын буынның негізгі драйвері жастар екені белгілі. Ал шығармашыл жастар бұл бағытта қаншалықты жемісті еңбек етіп жүр?
Технология дамыған заманында экономиканың басты даму көзі – азаматтардың ой-қиялы, білімі мен интеллекті нәтижесінде жұртшылыққа ұсынылған өнім немесе контент. Өйткені шығармашылық сектор – сарқылмайтын ресурс. Сондықтан қазір әлемде, мемлекеттік саясатта «ең тиімді инвестиция – адам капиталына салынған инвестиция» деген ұстаным қалыптасты. Байқағанымыздай азуын айға білеген мемлекеттер шикізат сатудан гөрі, азаматтарының «ақылын» сатудан жақсы пайда көреді. Әлемдік статистикалық деректі бағдарласақ, бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар көлемінде табыс әкеледі. Халықаралық сарапшылардың есебінше, дүниежүзілік жалпы ішкі өнімдегі креативті индустрияның үлесі 3 пайыздың мөлшерінде. Тізбектеп көрсек: Аустралияда креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 5,7, Ұлыбританияда – 5,5, АҚШ пен Қытайда – 4,2, Италияда – 3,8, Германияда – 3,1 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда креативті кеңістік әлі жүйеленіп біткен жоқ.
– Елімізде креативті контент жасаймын деген азаматтар аз емес. Музыка, IT, кино, анимация, жаңа медиа және басқа да креативті индустрия өнімдері жылдан-жылға артып келеді. Алайда біз өндіретін және тұтынатын контент көлемін бір-бірімен салыстырмайды. Елімізде тұтынатын контенттің 1% өзіміз жасаймыз дегенді айта алмаймын. Бұл салада біраз жүйелі мәселе бар. Мұның барлығы креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасында анық жазылған. Меніңше, креативті экономиканың дамуында дәл қазіргі ең басты кедергісі ол мемлекеттік органдар деп айтсақ болады. Өкінішке қарай, бізде ұлттық экономикаға әлеуеті бар жаңа саланы дамытудан гөрі, қатып қалған ескі саясатын жалғастырып жатыр. Мәселен, мәдениет саласында біз жылына миллиардтарды босқа шашамыз. Қаншама халық көрмейтін фильмдер, бармайтын концерттер, пайдасы жоқ, мағынасыз зиялы қауым өкілдерінің іс-шаралары бюджет есебінен қаржыландырылады. Біз кеңес кезінен бері мәдениетті қолдау керек деп әлеуметтік сала ретінде қараймыз. Бірақ қазір мәдениет әлеуметтік сала ғана емес, бұл экономикаға да, сыртқы саясатқа да өз әсерін тигізе алатын өте маңызды бағыт. Осының бәрін ескере келе, біз мәдениетті басқарудағы жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуіміз қажет. Сонда ғана креативті экономикада да даму болады, – деді Креативті индустрияны дамыту бойынша жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин.
Жалпы жоспар негізінде Мәдениет және спорт министрлігі биыл креативті экономикадағы ішкі жалпы өнімді 3,6%-ға жеткізуді көздеп отыр.
Бұған қоса елімізде креативті индустрияның нақты бағыттары мен салалары бекітіліп жатқан көрінеді. Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы заңға сәйкес креативті экономиканың жұмыс істеуі үшін 14 бағыт бойынша 55 қызмет түрін қосуды ұсыныпты. Олар өнерге қатысты бірнеше саланы креативті экономиканың бағыты деп белгіледі. Атап айтсақ, дизайн, өнер, сән, кино, музыка, теледидар, бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық технологиялар, компьютерлік графика, компьютерлік ойындар, баспа ісі, архитектура, маркетинг.
«Әрекетке – берекет» демекші, шығармашылықтан пайда табудың қыр-сырын меңгерген жастар жеке кәсібіне креатив қосып, саланың әлеуетін көтеріп жатыр. Осындай шексіз мүмкіндікті ел игілігіне асырып отырған шығармашыл азаматтардың былтыр «Kazakh Tourism» компаниясы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Creative табыс тарихы» жобасы аясында басын қосты. Кездесуде талантты жігіттерге ресми түрде «креативті индустрия амбассадорлары» атағы берілді. Осылайша ұйымдастырушылар жастарды шабыттандырып, олардың тың жобаларын нарыққа енгізуді көздейді.
– Қазіргі жастарымыз әлемдік деңгейдегі жоғары бәсекеден қорықпайды. Өздеріне сенімді. Олардың қиялдарында шек жоқ әрі табысқа жету үшін не істеу керек екенін анық біледі. Ерекше атап өтерлігі, әрқайсысы елдің абыройын жаһанда асқақтату үшін үлес қосқысы келетін патриоттар. Креативті экономиканы дамытуға арналған мемлекеттік қызметкерлермен кездесуде жас шығармашыл жігіттерді тыңдай отырып, осындай тұжырым жасадым, – деді «Ұлттық БАҚ қауымдастығының» төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.
Сол «Creative табыс тарихы» жобасындағы шығармашыл азаматтың бірі – Бабыр Арғынов. 29 жастағы қолөнер шебері көне технологиямен қойдың, ешкінің ішегін өңдеп, ұлттық аспаптарға ерекше үн беруге тырысып жүр. Ол музыкалық колледжде домбыра мамандығында оқып жүрген кезінде күй шерткенде қоңыр үнді жеткізу қиын екенін байқайды. Сөйтіп Бабыр әр өңірдегі қазақтың жеті күйшілік мектебін зерттей бастайды.
– Шығыста үш ішекті домбыра қолданылса, Батыс пен Арқа домбыраларының түрлі пішіні болған. Әр аймақтың домбырасы әртүрлі болса да олардың барлығына бірдей қой мен ешкінің ішегі қолданылыпты. Осы ізденісімнің соңы «Қоңыр» шеберханасын ашуға ұласты. Пандемия кезіндегі бос уақытымды тиімді пайдаланып, түркітілдес елдер мен Еуропада аспаптардың ішегінің қандай материалдан жасалатынын зерттей бастадым. Кезінде Еуропада Барокко дәуіріндегі музыкалық аспаптарының ішектері қой мен ешкінің ішегінен жасалыпты. Олардың жасалу технологиясын да оқып, меңгердік. Дегенмен бұрын домбыраның ішектері 1-2 күй орындағаннан кейін үзіліп қалатын. Біз осының себебін анықтап, түрлі тәжірибе жасап көрдік. Қазір жасап жатқан табиғи ішектеріміздің төзімділігі жоғары. Мал сойғаннан кейін адамдар ішектерін қоқысқа лақтырады. Біз мал соятын арнайы жерлерге барып ішектерді жуып, тазалатып аламыз. Оны әрі қарай шеберханада өз технологиямызбен өңдейміз. Суға бірнеше күн салып, кептіргіш станоктарымызға иіріп, аттың қылымен тегістеп дайындаймыз, – деді қолөнер шебері.
Бүгінде Бабыр інісімен бірге айына шамамен 300-500-дің көлемінде ішек әзірлейді. Қазір әсіресе қой мен ешкінің ішектеріне сұраныс көп көрінеді. Тіпті Түркия, Әзербайжан, Еуропа елдерінен тапсырыс алып үлгерген.
– Күніне кемінде 10-15 адам хабарласады. Қазір еліміздегі шеберлермен серіктестік орнатып жатырмыз. Жақында әлемге танымал «Тұран» этнофольклорлық ансамблімен бірігіп үлкен жоба ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ансамбль табиғи ішектерден жасалған домбыра, шертер, жетіген, қобыз аспаптарымен арнайы шығармалар орындамақ. Ел алдында жүрген танымал күйшілеріміз Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Еділ Басығара ағаларымызға көрсетіп, оң пікірін де алдық. Осы бір жыл ішінде халықтың домбыраның қоңыр үнін сағынғанын байқадық. Табиғи ішектермен орындалған күйлердің әсері де ерекше. Мәселен, жетіген аспабына табиғи ішектерді қолдануға мүмкіндік бар. Бірақ қазір жетігенге Қытайдағы «гучжэн» деп аталатын аспаптың ішегін салып жүр. Ал тарихта жетіген аспабына не аттың қылын, не малдың ішегінен ішек салған. Қазір біз осы бағытта тәжірибе жасап жүрміз. Жылдың соңына дейін қолданысқа енгіземіз деген жоспар бар. Екінші аспап – шертер. Кезінде шертердің ішегі табиғи ішектерден болыпты. Бірақ қазір шертерге нейлонды ішектер салынып жүр. Амандық болса біз шертерге де табиғи ішектер жасауды жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кететін аспап, ол – прима-қобыз. Оған өнер иелері скрипканың ішектерін салып жүр. Прима қобыздың алғашқы үлгісі қобыз сияқты болған және төменгі жағына малдың табиғи терісін жауып, табиғи ішек салған. Оның дыбысы қазіргі прима қобыздан ерекше болған, – деді Бабыр Арғынов.
Қолөнер шебері секілді қазақтың ұлттық құндылығын дәріптеп, ұшқыр қиялымен тың жоба ұсынғандардың тағы бірі – Мансұр Смағамбетов. Заманауи өнер суретшісі «Creative табыс тарихында» «Мәсі» бастамасын таныстырды.
– Лондонда орналасқан әлемдегі ірі музейлердің бірі Британ музейінде ХХ ғасырға тиесілі мәсі артефакт ретінде қойылған. Бұл «Мәсі» Жетісу ауданында табылған екен. Осыны көріп, маған бір идея келді. Қазақтың ұлттық негізін білдіретін дүниелерді өзіміздің жерімізде көбірек қою керек деп түйдім. Негізінен еліміздің әр аймағында ұлттық құндылығын ашатын ою, сәукеле, ұлттық киім-кешектер, тұлпардың мүсіні бар. Мен үнемі әр туындымда қазақтың кодын сақтап қалатын жобаларды ұсынамын. Сондықтан креативті экономикаға үлесім ретінде көшпелілер мәдениетінің жарқын көрінісі Лондондағы мәсінің мүсінін қаладағы тұрғын үйлердің немесе ашық алаңдарға қоюды ұсындым. Бұл өз кезегінде туристерді тартатын бір нысан болады, – деді М.Смағамбетов.
Жоғарыда биыл Мәдениет және спорт министрлігі креативті экономикадағы ішкі жалпы өнімнің үлесін 3,6%-ға жеткізуді көздеп отырғанын айттық. Оған жету жолында үлкен жұмыс істелер, ал мақаламызға кейіпкер болған Бабыр Арғынов пен Мансұр Смағамбетов сияқты азаматтар қазірдің өзінде бұл көшті алға сүйреп жүргенін ескеруіміз керек және жастардың еңбегіне лайықты қолдау жасалады деген сенімдеміз.