• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 28 Сәуір, 2023

Мақсат – ғылымға ынталандыру

418 рет
көрсетілді

Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен заң жобалау қызметі мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес сектор өкілдері қатысты.

Отырыста негізгі төрт мәселе талқыға салынды. Со­ның бірін­шісі – Парламент депу­тат­тары бастамашылық еткен «Қазақстан Рес­публи­ка­сының кейбір заңна­ма­лық акті­леріне ғылым мәселе­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке тө­ленетін басқа да міндетті төлем­дер туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Кодексіне (Салық кодексі) ғылым мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды. Со­ны­мен бірге Бюджет кодексі мен «Мемлекеттiк сатып алу ту­ралы» заң жобасының рет­теу­­шілік консультативтік құжа­т­ы бо­йын­ша баяндамалар тыңдалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көңіл бөлу және ғылыммен айналысатын жастарға қолдау керектігін айтқаны белгілі. Бұл заң жобаларының мақсаты – ғылым жолындағы адамдарды қолдау, оларға үстеме қаражат төлеу. Осыған орай ғылым мәселелері жөніндегі заң жобалары ғылым және ғылыми-техникалық салалардағы ұлт­тық заңнаманы кешенді жетіл­діруге бағытталған. Мәселен, олар мынадай түзету­лерді көздейді: ҒЗТКЖ-ға жеке ин­вес­­тициялар үшін инвес­ти­циялық преференциялар беру және жаңа ғылы­ми орталықтар құру; ғылыми тағылымдама­лар, шы­ғыстар нормаларын және олар бойынша үлгілік шарттарды бекіту; «ғылыми этика» терминінің анықтама­сын бел­гілеу; «жас ғалым» межесін қырық жасқа дейін ұлғайту.

Бюджет кодексінің жобасына қатысты консультативтік құжат бюджет заңнамасын реформалауға бағытталған. Ол мемлекеттің бюджет са­ласындағы халық алдындағы ашық­тығы және есептілігін артты­руға, бюджет үрдісіндегі бюро­кратияны төмендетуге, мемле­кеттік қаржы тұрақты­лығының ұзақмерзімді болжамын енгізуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасына қатысты консультативтік құжат артық регламенттеуді болдырмау, жеткізушілерді өз біліктілігін арттыруға ынталандыру, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың бірыңғай платформасына ауыс­тыру мәселелерін көздейді.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ахатов заң жобалары аясында мемлекеттік органдар мен рес­пуб­лкиалық бюджет комиссиясы тарапынан төмендегі өз­герістер қолдау тауып отыр­ғанын айтады.

– Жоғары білім беретін және жоғары оқу орнынан кейінгі ұйым­дарда педагогикалық қыз­мет ететін оқытушыларға ғылыми атақ үшін үстемеақы төлеу, ұйымның бюджеттен тыс қаражаты есебінен орташа жал­ақы көлемін сақтай отырып, бір жылға дейін шығармашылық дема­лыс беру, жас ғалым межесін 35 жастан 40 жасқа дейін ұлғайту секіл­ді маңызды өзгерістер қол­дау тапты. Мұның бәрі елімізде жастарды ғылыммен айналысуға ынталандырады, – деді вице-министр Камиль Ахатов.