Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Жетісу облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар сапар барысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен, ауыл шаруашылығы өкілдерімен кездесті. Ауылдық аумақтар мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерімен танысу мақсатында Ескелді, Кербұлақ және Панфилов аудандарындағы ауылдық елді мекендерде болды.
Депутаттар «Ауыл - ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларының іске асыру барысымен танысты, сондай-ақ «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» одан әрі іске асыру мәселесі бойынша шаруа қожалықтарының өкілдерімен пікір алмасты.
«Сіздер ауыл шаруашылығының біздің еліміздің экономикасы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайы үшін маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Себебі ауыл шаруашылығы біздің еліміз үшін экономиканың негізгі басым бағыты, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі болып табылады және әлеуметтік тұрғыдан ерекше маңызға ие. Ауыл – қазақ халқының жүрегі. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамыту – біздің мемлекетіміздің алға қойған маңызды мәселелердің бірі. Бүгінгі кездесулердің басты мақсаты – осы салалардағы өзекті мәселелерді ашық талқылау және шешу жолдарын қарастыру», деді сенатор Әли Бектаев.
Жетісу облысының тұрғындары мен аграрлық бизнес өкілдері өз кезегінде сенаторларға егіс дақылдары мен мал шаруашылығын субсидиялауға, сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысын арттыруға қатысты бірқатар мәселе туралы айтып берді.
Депутаттар кездесулер қорытындысы бойынша өңірдегі өзекті мәселелер туралы Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізетінін және қойылған міндеттердің орындалу барысын бақылауда ұстайтынын атап өтті.