• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Сәуір, 2023

14 медаль жеңіп алды

243 рет
көрсетілді

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жек­пе-жек сарайында өт­кен парадзюдодан Азия чем­пионаты өз мәресіне жет­ті. Сары құрлықтың 11 елінен келген 100-ден астам спортшы J1 (көзі мүл­дем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшы­лар) сана­ты бо­йынша түрлі түс­ті жүл­делерді сарапқа сал­ды. Жеке­лей сайыс нә­ти­же­сін­де, Қазақстан құра­ма­сы 4 алтын, 4 күміс және 6 қола жүлде олжалап, жал­­пыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты.

Азия чемпионатының ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, «IBSA» (Дүниежүзілік Пара­дзюдо ұйымы) төрағасы Янош Тардос және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ресми іс-шара барысында былтырғы әлем чемпионатының жеңімпаздары – Ақмарал Науатбек пен Ер­ғали Шамей «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атағы­мен марапат­талды. Сондай-ақ спорт­шыларды даярлаған бапкер Дәурен Оразов «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңір­ген жаттықтырушысы» спорттық атағына ие болды.

Сөйтіп, үш күнге жалғасқан байрақты бәсекенің алғашқы жарыс күнінде жерлестеріміз екі алтын, екі күміс және бір қола медальды қоржынға салды. Атап айтқанда, Даяна Федосова (57 кг, J2) мен Ерғали Шамей (73 кг, J1) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (52 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (73 кг, J2) қола медаль еншіледі.

Ерғали Шамей бас жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Шохрух Мамедовтен басым түссе, Даяна Федосова да оңтүстіктегі көршіміздің бұрымды балуаны Кумусхон Ходжаевадан айласын асырды. Ал былтырғы әлем чемпионы Ақмарал Науатбек финалда Өзбекстан спортшысына жол беріп қойды.

Азия чемпионатының екінші күніне жоспарланған бәсекелерде Альфия Тілекқабыл (57 кг) J1 санатында, Жанбота Аманжол (90 кг) J2 санатында жеңіс тұғыры­на көтерілді. Бұл – 16 жастағы Аль­фияның алғашқы Азия чемпионаты. Ол парадзюдодан Қазақ­стан ұлттық құрамасына биыл қо­сылған болатын.

А.Тілекқабыл финалда өз­бек­стандық спортшы Хосиаткхон Позилжанованы иппон әдісімен жеңсе, Жанбота еліміздің тағы парадзюдошысы Ғалымжан Сма­ғұлұлымен белдесіп, аса тар­тысты өткен бәсекеде өз мық­тылығын дәлелдеді. Ғалымжан күміс жүл­деге ие болды.

Сонымен қатар жарыстың екінші күнінде Ерлан Конкиев (+90 кг, J2) пен Бауыржан Арыс­танбеков (90 кг, J1) финалда сүрініп, күміс жүлдеге ие болса, Дилорам Диханова (57кг, J1), Динара Куджулова (70 кг, J1), Зауре Айтек (70 кг, J1), Талғат Әжіғалиев (+90 кг, J2) және Ерлан Өтепов (90 кг, J1) Азия чемпионатының қола жүл­дегерлері қатарынан көрінді.

«Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жоспар­лаға­ны­мыздай сәтті аяқтады. Десе де біз үшін Азия чемпионаты аяқ­талды деп айтуға әлі ерте. Ертең командалық жарыста бақ сынаймыз. Жекелей сайыс бойын­ша құрама жоспарды толық орын­дады. Азия чемпионатында жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшылардың басым бөлігі құрамаға биыл қосылған жас балуандар. Осындай әлемдік дәре­жедегі алғашқы жарыстарына қатысты. Олардың кейбіреу­лері, мысалы Альфия саусағының сынғанына қарамастан күресіп, жанкештілік танытты. 16 жасында Азия чемпионы атанды. Пара­дзюдода осал спортшы деген болмайды. Мұнда татамиге шыққан әрбір балуан ерекше құрметке ие және олардың ерік-жігері бәрімізге үлгі деп ойлаймын», дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов.

Астана татамиіндегі Азия чем­пионатында Қазақстан құра­ма­сынан бөлек, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Жапония, Моңғо­лия, Үндістан, қытайлық Тай­пей, Индонезия, Иран, Оңтүс­тік Корея және Таиланд құрама­сы­ның өкілдері белдесті. Жалпы­командалық есепте Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 6 күміс, 3 қола медальмен көш бастаса, Иран балуандары 3 алтын және 2 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді.