Францияның Анже қаласында ұйымдастырылған шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы бірінші А дивизионының әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты додада өнер көрсеткен жерлестеріміз Қазақстан жанкүйерлерін қуантып, 20 жылдан кейін алғаш рет жаһандық доданың элиталы кезеңіне жолдама алды.
Сергей Старыгин шәкірттері чемпионаттағы соңғы, шешуші тур ойынын Франция құрамасымен өткізді. Мұзайдын иелері өз жанкүйерлерінің қолдауы астында ойнаса да, жерлестерімізге қарсы еш дәрмен көрсете алмады. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы 6:1 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының жоғары тобына жолдама алды. Бұл ойында Қазақстан құрамасы сапынан Александр Мигунов, Никита Ситников, Бейбарыс Оразов, Дәулет Нүркенов және Егор Левковец мергендігімен көзге түссе, мұзайдын иелерінен Орельен Серрес дәлдік танытты.
Осылайша, бес матчтың төртеуінде жеңіске жетіп, біреуінде қарсыластарына жол берген Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы турнир кестесінде 12 ұпаймен көш бастап, келесі жылы өтетін әлем чемпионатының элиталы кезеңінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасының қақпашысы – Владимир Никитин біріншіліктің үздік қақпашысы деп танылды. Ол үш матчта қақпасына бірде-бір шайба өткізбей, соққы қайтару бойынша да үздік шықты – 93,64%.