Алматы облысына іссапармен келген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Онда өңірдегі аталған қор жобаларын іске асырудың келелі мәселелері талқыланды.
«Самұрық-Қазына» басшысының айтуынша, қор тобының Алматы облысындағы жұмысының негізгі бағыты – өзін-өзі қамтамасыз ететін заманауи энергетика. «Самұрық-Қазына» компаниялары өңірде жаңа жел және су электр стансаларын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Бұл өңір бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі энергетикалық хабтардың біріне айналуы мүмкін. Бірінші кезекте оның қуаты Алматы облысының энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуға тиіс. Ішкі нарықта сұраныс үнемі өсіп келеді. Одан артылғанды экспорттау керек. Қырғызстан мен Өзбекстан біздің таза электр энергиямызға ерекше қызығушылық танытып отыр, – деді Нұрлан Жақыпов.
Ол іссапар барысында Қонаев қаласының маңындағы күн электр стансалары паркіне және Іле өзеніндегі Қапшағай ГЭС-не барды.
– Су ресурстары – Алматы облысының стратегиялық артықшылығы. Біз өңірдегі гидроэнергетиканың дамуына қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазір Қазақстанда дәл осы ГЭС маневрлік қуаттың негізгі көзіне айналды. Ол электр энергиясына деген сұранысты арттырады, – деді «Самұрық-Қазына» басшысы.
Қапшағай ГЭС-інің тиімділігін арттыру үшін «Самұрық-Энерго» Іле өзенінде қарсы реттеуші Кербұлақ ГЭС-ін салуды жоспарлап отыр. Қарсы реттегіш су қоймасын құру Қапшағай ГЭС-і жұмысын теңестіруге және оны қолда бар қуатты пайдалана отырып, ең жоғары жүктемелерді жабу режіміне ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба 2026 жылға дейін жүргізілмекші.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы салынуда. Қор осы орталықтың құрылысына шамамен 130 миллиард теңге бөлді. Құрылыс жұмыстары биылғы желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Клиниканың құрылыс алаңына келген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жаңа орталық бүкіл ТМД-дағы ең ірі зерттеу мекемесі әрі клиникалық орталық болатынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы оқиғалар клиникалық бөлімшесі бар ірі жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу орталығының болуы жай ғана қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін де дәлелдеді. Ол құрылыс барысын өзі тексеріп, құрылыс мердігерімен барлық жұмыстың уақытында орындалуын талқылады.
Аталған аурухана 2021 жылдың қазанында салына бастады. Орталықта 350 заманауи жабдықталған орын болады. Ол отандық дәрігерлер, ғалымдар мен Алматының медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін клиникалық базаға айналады. Жаңа орталықта жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында медициналық көмек көрсетіледі, зерттеулер мен оқыту жүргізіледі, озық медициналық технологияларды шоғырландырылып, дәрілік препараттар зерттеледі. Сонымен қатар жаңа нысан базасында елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін ахуалдық орталық ашу жоспарланған.
Нұрлан Жақыпов өзі басқаратын қордың Қазақстан медицинасын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келіп, 26 сәуірде Алматы қаласынан «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қаржыландыруымен медициналық пойыз жолға шыққанын атап өтті. Бір жыл ішінде медпойыз дәрігерлері шалғай стансалардағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.
Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Алматы облысына іссапарының соңында «Алматы электр стансасы ЖЭО-2» АҚ-ға барып, онда басталғалы жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Алматы қаласының жарты аумағын жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық қатты отыннан «көгілдір» отынға көшуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс үш жылға созылмақ. «Көгілдір» отынға көшу мегаполисті түтінмен ластамай, тиімді жолмен халыққа жылу сыйлауға мүмкіндік беретін болады.
Алматы облысы