• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Сәуір, 2023

Тау баласының талабы

404 рет
көрсетілді

Табиғаты талайды тамсантқан таулы өлкенің төсін ат тұяғымен дүбірлетіп, көкпардың көрігін қыздырып жүрген бозбаланы ауылдастары түгелге дерлік Никоша деп атайды. Бала күнінен аттың жалына жармасып, тақымына түскен тай-құлынның құлағында ойнауға әуестігі оны ортасынан ерекшелеп, танымалдылығын арттырды. Бүгінде атқұмар Никоша көк серкені тақымға басып, көмбеге тастайтын ұлттық ойын – көкпар тартудың хас шебері.

Ат көрсе ішер асын жерге қоятын Никоша – Николай Дыцельдің ұлты – неміс. Жалаңаш ауылына тұрақтаған Иван Дыцель қазақтың қаракөз қы­зын ғана емес, көркем табиғатын сүйіп, салт-дәстүрін құрмет тұтқан, еңбек­қорлығымен елге сіңген арда азамат десек, артық айтқандық емес. Бір-бірімен танысып, тіл табысып қана қоймай, махаббат деген ұлы сезімнің арқасында тағдырлары тоғысқан Иван мен Динара Николай есімді ұл мен Аделина атты қызды дүниеге әкеп, шаңырақтарын бақытқа бөледі.

– Қостанай облысының Денисовка ауылында дүниеге келгенмін. Анам туған жерімде тұрады. Өзім Алматы қаласында әскери борышымды өтедім. Сол кезде әскер сапында бірге қызмет еткен досым Дастанның қарындасы Дина­рамен танысып, арамыздағы сыйластық үйлі-жайлы, бала-шағалы болуымызға себепші болды. Бірер жыл туған жерім­де тұрып, одан кейін Жалаңашқа қо­ныс аудардық. Бұл жердің саф ауа, сұлу табиғатынан ұзап кете алмадым. Осы бір жердің жұмағындай өлкеде тұңғышымыз Никоша дүниеге келді. Ол бала жастан атқұмар болды. Нағашы атасының бәсіреге берген құлынын баптап, кішкентайынан тай жарыстарға қатысып, тақымын қатайтты. Анасы қорқақтап, қорғаштағанмен, атқа деген құмарлығы жылдан-жылға арта келеді, – деп ағынан жарылған Иван Андрейұлы бүгінде асыл тұқымды қой төлдетіп, қорасын қозыға толтырып жүр.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Ат құлағында ойнайтын жүректі де білекті баланың есімі әлеуметтік желі арқылы жер-жерге таралып үлгерді. Оның басты себепшісі, фотограф Ернар Алмабек екендігін атай кету керек. Сол танымалдылықтың арқасында «Ел» бағдарламасында бас қосып, жас көкпаршыға ат сыйлауды уәде еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы түрік мәдени бірлестігінің азаматтары Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында жасөспірім көкпаршы Николай Дыцельге асыл тұқымды ат тарту етті. Бұл жаңалық – 14 жастағы Никошаның төбесін көкке жеткізгендей қуантқан.

– Кішкентай Никошамыз жылқыға үйір. Құлын-тайларды түр-түсімен ажыратып, оларға мінездеме беруге жарап қалды. Атасы мен әкесінің қол­ғанатына айналды. Көрші-көлеңнің де мал-жайын жақсы біледі. Қарындасы Аделина Мұқағалидың жырларын жат­қа оқиды, қолөнерге де бейім. Жалпы, мектебімізде оқушы­ла­ры­мыздың жат әдетке бой алдырмай, білім-ғылымға ден қойып, сапалы білім, саналы тәрбие сіңіруіне күш салудамыз, – дейді Д.Ермегияев атындағы орта мектептің мұғалімі, Никошаның анасы Динара Жақашева.

Түрік бауырлардың бұл тартуын Никошамен қоса ауыл азаматтары асыға күткен. Ата дәстүрмен ауылдың қазыналы қарттары ақ дастарқан басына жиылып, жас балаға қолдау білдіріп, ат мінгізген түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары Расул Ахметов бастаған ағайындарға ақ батасын беріп, сый-құрмет көрсеткен.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тілекпен, ұлттық мейрамымызда ауылдағы аналар наурыз көже дайындады. Сөйтіп, жал-құйрығы сүзілген сәйгүліктерін ел-жұрттың алдында Никошаға мінгізіп, әулетіміздің қуанышын еселеді. Енді немереміз тіл-көзден аман болып, өзі армандаған ат спортының биік шыңына шығуына тілектеспіз, – дейді нағашы атасы Нұркен Жақашов.

Жалаңаш ауылының тұрғындары түгел қуанған бұл күні Никоша қатарлас жасөспірімдер арасында көкпар ойыны ұйымдастырылған. Одан кейін ересектер де көк серкені тақымға басқан. Ырымшыл әрі жөн-жосыққа мықты көкпаршылар «Жолы ашық болсын!» деген ниетпен алғашқы салымды Никоша­ның қанжығасына ілген екен.

Бүгінде ол Алматы облысы бойынша көкпардан жасөспірімдер құрамасына қабылдануға құжаттарын даярлап жүр. Бұл жөнінде Алматы облыстық жас­тар мен жасөспірім көкпаршылар құра­масының жаттықтырушысы Дербіс Байділ­даев мәлімдеді.

– Атқа міну бір басқа, ал көкпар тарту – үлкен өнер. Оның техникасын меңгеру, ойынның қыр-сырына қанығу үшін додалы жарыстарға қатысып, шыныққан жөн. Николай Дыцельге бұл тұрғыда жан-жақты дайындық, жаттығу керек. Алдағы тамыз айында өтетін жасөспірім көкпаршылардың республикалық чемпионатына қатысады деген үмітіміз бар, – дейді бас жаттықтырушы.

Тау баласының талабы мұқалмай, ат спортында биік белестерге шығарына сенім мол.

 

Алматы облысы