Бұл күндері Шымкентте теннистен 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия және Тынық мұхиты аймағы бойынша әлем чемпионатының іріктеу турнирі өтіп жатыр.
Жарыстың алғашқы күні еліміздің жасөспірім қыздар құрамасы Вьетнам теннисшілерімен шеберлік байқасып, қарсыластарынан үш ойында да басым түсті – 3:0. Бірінші бәсекеде Ариана Гогулина Нгуенді 6:1, 6:0 есебімен тізе бүктірсе, екінші матчта Полина Слепцова Нгоны 6:1, 6:3 есебімен жеңді. Ал жұптық сында Ариана Гогулина мен Анастасия Крымкова вьетнамдық апалы-сіңлілі Нголарды екі сетте – 6:3, 6:0 нәтижесімен қапы қалдырды.
Сонымен қатар кеше жерлестеріміз Иран теннисшілерінен де айласын асыра білді. Бірінші кездесуде Анастасия Крымкова Анастасия Атфиді екі сетте – 6:3, 6:3 есебімен жеңсе, екінші ойында Ариана Гогулина аттасы Ариана Язданиді де дәл сондай есеппен жеңді – 6:3, 6:3. Осылайша, Ярослава Шведованың шәкірттері мерзімінен бұрын турнирдің ширек финалына шықты.