6-28 мамыр аралығында Италия тасжолдарында велоспорттан жылдың ең ірі үш жарысының алғашқысы – «Джиро д’Италия» гранд-турының жалауы желбірейді.
114 жылдық тарихы бар Апеннин түбегіндегі велошабандоздар бәсекесіне «Astana Qazaqstan» велокомандасының өкілдері де қатысады. Атап айтқанда, Пиреней түбегіндегі додада «Астана» сапынан осы жарыстың бірнеше кезеңінде топ жарған 37 жастағы британиялық велошабандоз Марк Кэвендиш, 24 жастағы италиялық Самуэле Баттистелла, 31 жастағы америкалық Джо Домбровски, 29 жастағы италиялық Джанни Москон, 24 жастағы отандасымыз Вадим Пронский, 39 жастағы испаниялық Луис-Леон Санчес, 25 жастағы италиялық Кристиан Скарони, 27 жастағы тағы бір италиялық велошабандоз Симоне Веласко өнер көрсетеді.
Үш аптаға жалғасатын биылғы «Джиро д’Италия» додасы Адрия теңізінің жағалауында орналасқан Абруццо қаласынан басталып, 28 мамырда Римде өз мәресіне жетеді. Осы уақыт аралығында велошабандоздар Италия мен Швейцария аймағындағы 3481,2 шақырым жолды жүріп өтеді.