Спорт әлемінде тосын нәтижелер, ешкім күтпеген жеңістер жиі болмаса да, ара-тұра тіркеліп тұратынын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасындағы марқұм Бекзат Саттархановтың алтыны, 2019 жылғы бокстан әлем чемпионатында ешқандай атақ-даңқы жоқ Бекзат Нұрдәулетовтің бес дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сесар ла Крусты нокдаунмен жеңуі, бірер ай бұрынғы футболдан Қазақстан құрамасының әлемнің азулы құрамасы Данияны қапы қалдыруы, сол Данияның өзі 1992 жылғы Еуропа чемпионатына ойда-жоқта қосылып, Кәрі құрлық додасының жеңімпазы атануы сияқты түрлі мысалдар жетіп артылады.
Бұл қатарға күні кеше елордада ұйымдастырылған классикалық шахматтан 17-ші әлем чемпионы атанған қытайлық Дин Лижэньнің жеңісін де қосуға болады. Өйткені Лижэнь Астанадағы әлем чемпионаты былай тұрсын, былтыр Мадридте өткен үміткерлер арасындағы додаға қатысатыны тек соңғы сәтте белгілі болды.
Тарқатып айтар болсақ, әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын шахматтан әлем чемпионатында екі жыл бұрынғы жеңімпаз бен үміткерлер турнирінде үздік шыққан спортшылар бақ сынайды. Яғни екі жыл бұрынғы чемпион мен жаһандық доданың алдында ұйымдастырылатын үміткерлер турнирінде үздігі сынға түседі. Биыл 2021 жылғы чемпион норвегиялық Магнус Карлсен мен үміткерлер бәсекесінің жеңімпазы ресейлік Ян Непомнящий сарапқа салуы керек еді. Бірақ былтыр жазда 10 жыл бойы чемпиондық атақты ешкімге бермей келген Карлсен өз атағын қорғаудан бас тартты. Сол себепті де чемпиондық атақ үшін тартыс биыл өзге ойыншылар арасында, яғни үміткерлер турнирінде бірінші және екінші орынға ие болған Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасында өтті.
Ал былтырғы үміткерлер турниріне қатысатын сегіз шахматшының тізімінде Дин Лижэньнің есімі жоқ еді. Бұл жарыста Теймур Раджабов (Әзербайжан), Хикару Накамура мен Фабиано Каруана (АҚШ), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша), Ян Непомнящий мен Сергей Карякин (Ресей), Алиреза Фирузджа (Франция) және Рихард Раппорт (Мажарстан) бақ сынауға тиіс еді. Алайда Қырымда туған шахматшы Сергей Карякин Ресейдің саясатын ашық қолдағаны үшін ФИДЕ тарапынан 6 айға шахматтан шеттетіліп, кейіннен оған Ресейдің туы астында емес, ФИДЕ туымен ойнауға мүмкіндік берілді. Бірақ Карякин турнирге қатысудан бас тартты. Сөйтіп оның орнына қытайлық Дин Лижэнь шақырылды.
Нәтижесінде, Пиреней түбегіндегі тартыс Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталып, ол чемпиондық тәж үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Ал Магнус Карлсен бәсекеге түсуден бас тартқаннан кейін таңдау үміткерлер турнирінде екінші орынды олжалаған Дин Лижэньге түсті. Міне, үміткерлер турниріне тосыннан қосылған Динь Лижэнь әлем чемпионатында тосын нәтиже тіркеп, Қытай шахмат тарихында әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы атанды.
Әлем чемпионатының алдында зерделілер ойынының сарапшылары Ян Непомнящийдің жеңісіне күмән келтірмейтіндерін айтып, Ян мерзімінен бұрын әлем чемпионы атанады деп болжаған еді. «Себебі мұндай турнирлерде тек ойыныңмен ғана емес, осыған дейін жинаған тәжірибеңнің, шеберлігіңнің арқасында жеңіске жете аласың. Ал Непомнящий екі жыл бұрын Дубайда өткен әлем чемпионатына қатысып, жеңіліп қалса да тәжірибе жинап үлгерді. Ал Динь Лижэнь мұндай ірі додаға алғаш рет қатыспақ. Сондықтан бұл жерде ресейлік шахматшының жеңіске жету мүмкіндігі көп болып тұр», деген пікірлер айтылған болатын.
Алайда 14 партияға жалғасқан негізгі кезеңде Дин Лижэнь қарсыласынан шеберлік жағынан кем түспейтінін байқатып, Непомнящийдің есепте алға ұзап кетуіне еш мүмкіндік берген жоқ. Ал бәсеке тағдыры тай-брейкте анықталатыны белгілі болғанда, көпшілік Дин Лижэньнің жеңісіне сене бастады. Өйткені жылдам шахматта Янға қарағанда қытайлық шахматшының бәсі жоғары еді. Өйткені Дин Лижэнь жылдам шахмат бойынша әлемдік рейтингте Магнус Карлсеннен кейінгі екінші орынға жайғасқан болса, Ян Непомнящий нәбәрі жетінші сатыға орналасқан. Ал бірақ екеуінің жеке кездесуіндегі нәтижелерін есепке алса, қарсыластардың күштері тең түсіп тұрды. Яғни бұған дейін екі шахматшы рапид бойынша 21 матч өткізіп, соның сегізінде Дин жеңіске жеткен болса, жетеуінде Янның мерейі үстем болған екен. Ал алты бәсеке тең есеппен аяқталған.
Үш аптаға жалғасқан әлем чемпионатының соңғы күнінде The St. Regis Astana қонақүйіне жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың болды. Барлығы 17-әлем чемпионының есімін білуге асығып, ойыншылардың әр жүрісін мұқият бақылап отырды. Шешуші бәсекеге Ян бірінші рет пиджаксыз көк жейдемен келді. Кейде спортшылар көп нәрсені жайдан-жай жасамайды. Бәлкім, Ян көк жейдеден сәттілік іздеген болар. Ал үнемі ойын залына бірінші болып келіп алатын Дин ойын залына Непомнящийден кейін кірді. Сонымен қатар 14 партиядан кейін алғаш рет залға жеңімпазға берілетін кубок кіргізілді.
Сөйтіп 25 минут және әр жүріске 10 секундтан берілетін рапид бойынша төрт партияның алғашқысында Дин ақ тастармен ойнаса да, тең нәтиже тіркелді. Екінші турда Непомнящий испаниялық партияны таңдап, басымдық танытқанымен, бұл партияда да жеңімпаз анықталмады. Лижень бұл жолы да ақ тастармен басымдық танытқанымен, Ян шабуылда сауатты ойнады. Қарсыластар тағы да тең түсті. Төртінші партияда Ян тағы да испаниялық партияны таңдады. 46-жүріске келгенде матчты жүргізіп отырған комментаторлар бұл партия да тең аяқталады деп есептеп, екі шахматшының блицтегі ойындарын болжай бастайды. Сөйтіп тұрғанда Дин қайталама жүрісін тоқтатып, тәуекелге бел буды. Жанкүйерлер чемпионат барысында Диннің бірнеше мәрте тәуекел жасағанын жақсы біледі. Және оның көбі сәтті аяқталған еді. Бұл жолы да қытайлық шахматшының тәуекелі оған әлем чемпионы атағын алып берді. Төртінші партияның 68-жүрісінен кейін Непомнящий жеңілісін мойындауға мәжбүр болды.
Ойын біткен соң Непомнящий дереу орнынан тұрып, ойын залынан шығып кетуге асықты. Ал Дин өз жеңісіне сенер-сенбесін білмей, екі қолмен бетін жауып ұзақ отырып қалды. Бірер минуттан соң ойын тақтасына қарап, өзінің әлем чемпионы атанғанын түсіне бастады.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Дин Лижень бұл жеңісін достарына, ата-әжесіне арнайтынын айтты. «Мен шахмат ойнауды төрт жасымда үйрендім. 26 жыл бойы шахмат ойнап, әр ойынымды зерттеп, зерделеп бар қырымды жақсартуға тырыстым. Меніңше, осы уақыт аралығында әлем чемпионы атануым үшін бәрін істеген сияқтымын. Кейде мен шахматқа тәуелді болып қалғанымды байқайтынмын. Өйткені турнирлерге шақырту алмағанда өзімді бақытсыз сезінетін едім. Сондай сәттерде өзімді бақытты ететін басқа да хоббилерді таба алмай қиналдым», деп ағынан жарылды су жаңа әлем чемпионы.
Жарыстың ресми жабылу салтанатында жеңімпазға алтын медаль мен салмағы 4,5 кг болатын көк таспен безендірілген кубок берілді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қазақы дәстүр бойынша екі шахматшының иығына шапан жапты. Классикалық шахматтан келесі әлем чемпионаты 2025 жылы ұйымдастырылады.