Ташкентте бокстан кезекті әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Жер-жаһанның ең таңдаулы былғары қолғап шеберлері бас қосқан әлемдік доданың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының екі боксшысы шаршы алаңға көтеріліп, екеуі де жанкүйерлерді жеңісімен қуантты.
Жерлестерімізден бірінші болып рингке жастар арасындағы ел чемпионы, жуырда ғана 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Талғат Сырымбетов (60 кг) көтерілді. Алғашқы айқасын Таиланд өкілі Сакда Руамтаммен өткізген отандасымыз сенімді жеңіске жетті. Үш раунд бойы ринг ортасында үстемдік танытқан Талғат бес төрешінің де назарын өзіне аудартып, 5:0 есебімен басым түсті. Келесі айналымда ол Иордания боксшысы Абу Жаемен жұдырықтасады.
Жекпе-жектен кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сұхбат берген Талғат Сырымбетов алғашқы жекпе-жектің жауапкершілігі ауыр болғанын айтты.
«Қазақстан боксшылары арасында әлем чемпионатын бірінші болып бастаған соң маған үлкен сенім артылды. Жауапкершіліктің жүгі ауыр болды. Бірақ намысты қолдан бермей, бапкерлердің тапсырмасын ойдағыдай орындап шығып, жеңіске жеттім. Менен кейін рингке шығатын қалған жігіттерге де тек сәттілік тілеймін», деді Т.Сырымбетов.
Талғаттың ізін ала «Хумо-Арена» көпсалалы спорт кешеніндегі рингке ересектер арасындағы Азия чемпионы, жастар арасындағы Олимпия ойындарының жеңімпазы Айбек Оралбай (92 кг) көтеріліп, өз өнерін ортаға салды. Отандасымыз чемпионаттың алғашқы айналымында 2019 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатының қола жүлдегері болгариялық Радослав Панталеевпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауыз шешімімен қарсыласынан айласын асырды – 5:0. Айбек бірінші раундта қарсыласын бір рет нокдаунға жібергенін де айта кеткен жөн.
Ал кеше тағы да екі боксшымыз әлем чемпионатындағы кезекті жекпе-жектерін өткізді. Атап айтқанда, күндізгі сессияда 86 кг салмақтағы ел үздігі Сағындық Тоғамбай Конго Демократиялық Республикасының өкілі Натана Нланду Мбелимен жұдырықтасса, кешкі сессияда 63,5 килодағы Санатәлі Төлтаев Израиль боксшысы Ахмад Штивимен 1/16 финалдың жолдамасын сарапқа салды.
22 жастағы Сағындық Тоғамбай әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатса да, Ташкенттегі доданы сенімді жеңіспен бастады. Алғашқы раундта конголық боксшы белсенді болғанымен, дәл соққы жасау жағынан отандасымыз қарсыласының алдын орап кетіп отыр. Екінші раундта Сағындық белсенділігін арттырып, Натана Нланду Мбелиді екі рет есеңгіретіп тастады. Ал үшінші раунд басталған бетте ол қарсыласын тағы бір мәрте нокдаунға жібергеннен кейін төреші мерзімінен бұрын жекпе-жекті аяқтауға мәжбүр болды. Осылайша, Сағындық Тоғамбай екінші айналымға алқынбай өтті. Ал оны бұл кезеңде шаршы алаң қожайыны Шохжахон Абдуллаев күтіп тұр. Осы жылдың қаңтар айында өткен 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында өзбек боксшысы отандасымызды бірінші раундта нокаутпен жеңіп кеткен болатын.
Сондай-ақ кешкі сессияны бастап берген Санатәлі Төлтаев та өз жанкүйерлерін жарқын жеңісімен қуантты. Әлем чемпионатына екінші рет қатысып жатқан жерлесіміз Израиль боксшысы Ахмад Штивикке еш мүмкіндік қалдырмай, өз мықтылығын дәлелдеді. С.Төлтаев екінші кезеңде 35 жастағы Маврикия өкілі Ричарно Колинмен жұдырықтасады.