• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шахмат 02 Мамыр, 2023

Аркадий ДВОРКОВИЧ: Қазақстанға тағы бір үлкен жобамен келеміз

274 рет
көрсетілді

Астанадағы классикалық шахматтан әлем чемпионатының аясында Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович бас қалада орналасқан Шахматшылар саябағына ағаш отырғызып, жаһандық доданың қорытындысы туралы өз ойын ортаға салды.

«Биылғы әлем чемпионаты өте ерекше жағдайда өтті. Себебі біз Астанадағы додада араға 10 жыл салып су жаңа чем­пионның есімін анықтадық. Бұл – классикалық шахматтың ғасырдан аса­тын тарихындағы атаулы оқиға. Мұның алдындағы 16-шы әлем чемпионы нор­вегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен өз атағын қорғаудан бас тартқан болатын. Мүмкін, ол келешекте әлем чемпионы атағы үшін күресетін шығар», деді ФИДЕ президенті.

Сонымен қатар Халықаралық шахмат федерациясының президенті Дин Лижень мен Ян Непомнящий үш апта бойы шахмат жанкүйерлеріне тартысты бәсеке ұсынғанын атап өтті.

«Дин Лижень мен Ян Непомнящий арасындағы матч шахмат жанкүйерлерінің ешқайсысын бейжай қалдырмады деп ойлаймын. Біз үш апта бойы екі шах­матшының арбасқан көздер, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан тартысты ойынына куә болдық. Өйткені екі спортшы да 17-ші әлем чемпионы атану үшін аянып қалған жоқ. Олар әрбір партияда тосын жүрістер жасап, миллиондаған жанкүйерді таңғалдырып, олардың шахматқа деген қызығушылығын оятты деуге болады», деді Аркадий Дворкович.

Сондай-ақ ол шахматтан әлем чемпио­ны атағын үміткер ойыншылар сарапқа салған соң, мұндай ірі бәсекелерде тең нәтиженің жиі тіркелуі заңдылық деп есептейді.

«Шахматшылар арасындағы күрес әу баста күтілгендей тең жағдайда өтті. Өйткені әр ойыншының өзіне белгілі мық­ты тұстары бар. Сонымен қатар олар – әлемдік рейтингте 2 және 3-орындарда тұрған бір деңгейлі спортшылар. Сондықтан биылғы чемпионатта нәтижелі партиялар саны да көпшілік күткендей көп болды. Әрине, бұл – спорт. Әрбір қателігінен кейін гроссмейстерлер олқылықтың орнын толтыру үшін келесі турда жақсы дайындықпен келіп, тара­зы басын теңестіріп, бір-бірінің есепте ұзап кетуіне мүмкіндік бермеді. Бұл өз кезегінде шахмат жанкүйерлеріне ұна­ды», деді ол.

Аркадий Дворкович әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан шахмат федерациясының президентіне шынайы алғысын білдірді.

«Осындай айтулы доданы жоғары деңгейде ұйымдастырып, спортшылар мен жанкүйерлерге барлық жағдайды жасап бергені үшін Қазақстандағы серік­тес­терімізге, ел Президентіне, Қазақ­стан шахмат федерациясының басшы­лығына ерекше алғысымды білдіремін. Осы жарысқа арнайы атбасын тіреген Қытайдың және Ресейдің делегациялары кейінгі 20 жылдағы ең үздік жағдай жасалған әлем чемпионатының бірі болғанын айтып жатыр», деді ол.

Сөз соңында Аркадий Дворкович Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) алдағы уақытта Қазақстанға тағы бір үлкен жобамен оралатынын мәлімдеді.

«Біз қазір тағы бір айтулы доданы ұйымдастырудың мән-жайын талқылап жатырмыз. Бұл жолы балалар арасындағы бәсекені өткізетін шығармыз», деді ФИДЕ президенті.