Кейінгі бір жылда туындаған геосаяси тәуекелдерден кейін жүк тасымалдау бағыттарын әртараптандыру туралы әңгіме қозғала бастады. Қазір еліміз үшін Еуропаға жүк жеткізудің тиімді маршрутын табу өте маңызды. Еліміздің географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы арқасында тасымалды асқан байыптылықпен, ұзақмерзімді перспективада әртараптандыра аламыз деген сенім бар. Жалпы, Қазақстанға тиімді бағыттар керек-ақ, тиісінше біз арқылы да қаншама жүк тасымалы маршруттары жосылып жатыр. Оны да өз ыңғайымызға бейімдей білудің пайдасы орасан.
«Egemen Qazaqstan» сауалына жауап берген Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) сарапшыларының айтуынша, Орталық Азия мен Ресей, Қытай және Еуропа елдері арасындағы байланысты қамтамасыз ететін барлық негізгі халықаралық көлік дәлізі (ХКД) ел аумағы арқылы өтеді. «Солтүстік-Оңтүстік» ХКД-ның шығыс бағыты Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Иранды байланыстырады.
«Қазақстаннан Еуропаға басқа Орталық Азия мемлекеттері арқылы жүктерді тасымалдау мүмкіндіктері бар. Алайда олар Транссібір теміржолына шығатын мүмкіндігі бар Трансеуразиялық маршрутпен және Ақтау, Құрық порттары арқылы Каспийге шығаратын Транскаспий маршрутымен салыстырғанда аса тартымды емес. Транскаспийдегі Әзербайжан бағытына апаратын тұрақты фидерлік және паромдық теңіз қатынасы қалыптасқан, бұл – үлкен артықшылық. Көлік-логистикалық қызмет нарығындағы жағдайға қарасақ, Еуропамен сауда байланысын қамтамасыз етуде Орталық Азия елдері Қазақстанның көлік коммуникацияларын пайдалануға көбірек мүдделі», дейді.
Ал қазір біз үшін басым бағыт саналып отырған Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің артықшылығы жол жүру уақыты мен тарифінде дейді сарапшылар.
«Транскаспий бағдары еуразиялық көлік жүйесінде маңызды орынға ие. Қазір бұл бағыт негізінен Қытай тауарларын Түркия, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдері бағытында тасымалдау үшін пайдаланылады. Дегенмен бұл бағыттың әлеуетін Орталық Азияның басқа мемлекеттері, бірінші кезекте Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан пайдалана алады. Каспий теңізіндегі Қазақстан мен Әзербайжан порттары арасындағы тұрақты фидерлік және паромдық қатынас мультимодальды тасымалдауды айтарлықтай жылдамдатуы мүмкін, ал бағыт бойынша келісілген тарифтер жүк иелерінің шығындарын азайтады», дейді олар.
«РЖД Логистика» АҚ-ның Қазақстандағы филиалының директоры, CILT Central Asia сарапшысы Жасұлан Әлиевтің айтуынша, дәл қазір Орталық Азия елдері өз тауарларын Еуропаға жіберуде Қазақстанды үлкен транзиттік алаң ретінде пайдаланғысы келеді.
«Бұл ретте «Солтүстік-Оңтүстік» маршрутын, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (ТХКД) және Балтық порттарын айта аламыз. Қазақстан Өзбекстанға бірнеше рет Транскаспийге кіруді ұсынды. Өйткені ТХКД халықаралық қауымдастық ретінде қалыптасқан және оған теңіз порттарының операторлары, логистикалық компаниялар және теміржол тасымалдаушылары кіреді. Ал маршруттың өзі Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия территорияларын кесіп өтіп, әрі қарай Еуропаға кетеді», дейді Ж.Әлиев.
Оның сөзінше, Орталық Азия елдері үшін ТХКД бағытының тиімділігі көзге ұрады.
«Қазақстан Каспий теңізіндегі өзінің порттық инфрақұрылымына өте көп инвестиция жасады. Ақтау портының өткізу қабілетін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп, 2017 жылы Құрық портын ашты. Осының арқасында ТХКД бағыты бойынша жүк айналымының көлемі ұлғайды. 2019 жылы Қазақстан Ақтау портындағы акция пакетінің бір бөлігін алуды Өзбекстанға ұсыныс етіп, Каспийдегі ірі порттың акционері болу мүмкіндігін жолдады. Бұл біздің еліміздің ТХКД маршрутын бірлесе дамытуға ашық екенін аңғартады. 2022 жылы Қазақстан арқылы ТХКД маршруты бойынша контейнерлік тасымал транзиті 11 мың жиырма футтық эквивалентті (ЖФЭ) құрады. ТХКД арқылы транзиттік тасымалдың өсу әлеуеті өте жоғары. Жалпы, Қазақстанда 2022 жылы контейнерлік транзит 1 129 мың ЖФЭ-ге дейін өсті (2021 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға артық). ТХКД маршруты маңындағы өзге де елдер, Әзербайжан мен Грузия да өздерінің порттық және теміржол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыс істеп жатқанын ескеру керек», дейді Ж.Әлиев.
Келешекте Орталық Азия елдерінің көлік коммуникациясының жеткілікті деңгейде дамуы бұл елдердің ішкі жалпы өнімін (ІЖӨ) қаншалықты арттыруы мүмкін? ЕАДБ сарапшыларының пайымынша, Орталық Азия елдерінде дүниежүзілік мұхитқа шығу мүмкіндігі жоқ, бұл олардың халықаралық теңіз саудасына қатысуына кедергі келтіреді.
«ЮНКТАД мәліметі бойынша теңізге шыға алмаудың салдары ІЖӨ-нің орта есеппен 1,5%-ға төмендеуіне әкеледі. Сондықтан көлік инфрақұрылымын салу және жаңғырту, халықаралық тасымалдауды үйлестіру және шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету, аймақтағы тұрақты көлік байланыстарын дамыту халықаралық нарықтардағы ұлттық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы ішкі жалпы өнімге әсер етеді. Сонымен қатар Орталық Азия елдері азаматтарының тұтынушылық сұранысының көбеюі де елеулі әсерін тигізеді», дейді ЕАДБ.
Жасұлан Әлиев Орталық Азия елдерінде көлік инфрақұрылымының дамуы өңірдегі ІЖӨ-нің айтарлықтай өсуіне алып келеді дейді.
«Өңір елдері арасындағы көлік байланысының күшеюі сауда көлемінің артуына ықпал етіп, өз кезегінде ІЖӨ өсімін ынталандырады. Өңір елдері тап болатын басты проблемалардың бірі – көлік логистикасы мен көлік инфрақұрылымын жетілдірмеу салдарынан тауар тасымалына жұмсалатын аса көп шығын болып отыр. Заманауи транспорттық коммуникациялардың дамуы бұл шығындарды әжептәуір азайтады және өңірде өндірілетін тауардың бәсекеге қабілеттілігін көтереді. Нәтижесінде экспорт көлемі артып, экономиканың кірістілігі жоғарылайды. Бұдан кейін әлбетте, ІЖӨ артады», дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы сөзінше, инфрақұрылымның жақсаруы жұмыс орындарының көбеюіне, халықтың өмір сүру деңгейінің артуына және кедейліктің төмендеуіне алып келеді. Транспорттық инфрақұрылымның игілігі мұнымен де бітпейді, ол туризм, өндіріс сияқты экономикадағы өзге салалардың гүлденуіне жол ашпақ.
«Алайда транспорттық инфрақұрылымды дамыту мол қаржылық салым мен уақытты талап етеді. Орталық Азия елдерінің үкіметі транспорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша ұзақмерзімді стратегия жасап, сырттан және іштен инвестиция тарта білуі керек. Транспорттық инфрақұрылымды дамытудан максималды тиімділік алу үшін транспорттық логистиканы жетілдіру, соның ішінде шекарадағы уақытты қысқарту, жүктерді кедендік рәсімдеуден өткізу процедураларын жеңілдету өте маңызды. Өңірде транспорт инфрақұрылымын дамытудың тағы бір маңызды аспектісі – әлемдік нарыққа қолжетімділіктің жақсаруы және халықаралық саудаға қатысу мүмкіндігі. Бұл да ІЖӨ-ні арттырудағы мәнді фактор саналады. Өйткені халықаралық сауда экспортты арттыру және инвестиция тарту арқылы экономикалық өсімді ынталандырады. Мысалы, транспорттық коммуникацияның дамуы мұнай, газ, көмір, металл, мақта, жеміс, көкөніс сияқты тауарлардың экспорттық өсіміне оң әсер етеді», дейді сарапшы.
Сонымен қатар Жасұлан Әлиев өңірде жалпыға ортақ ақылы тарифтер енгізілуі керек деп есептейді.
«Жүк тасымалына мөлшерлеменің және ақылы тарифтердің орнатылуы ОА елдеріндегі экономиканың жақсарып, логистикалық үдерістерді тиімді бола түсуіне мүмкіндік сыйлайды. Бірыңғай мөлшерлеме бюрократиялық процедураны қысқартып, жүк тасымалдау үдерісін оңтайландырады. Соның арқасында транзиттік жүк ағыны артып, тасымалдауға кететін шығын азаяды. Ақылы тарифтердің енгізілуі өңірдегі бәсекені арттырып, қосымша инвестиция тартуға негіз болады», дейді.
Мақала басында айтып өткен геосаяси тәуекелдің Ресеймен байланысты болып отырғаны жасырын емес. Қазір транзиттік жүк тасымалы Ресейді айналып өте бастады. Біртіндеп өңір елдері Ресейден түбегейлі ірге ажыратса да, таңғалуға болмас.
«Тауарлар мен жүктерді тасымалдау – Орталық Азия елдерінің сауда экономикасындағы маңызды құрамдас бөлік. Өңірдегі басты жеткізушілер – Ресей мен Қытай және Батыс Еуропа. Қытайдан Орталық Азияға транзит Қазақстан арқылы жүзеге асады. Бұл ретте Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас теміржол өткелдері пайдаланылады. 2022 жылы Қазақстан арқылы осы маршрутпен өтетін контейнерлік тасымал 204,8 мың ЖФЭ-ге жеткен. Бұл осы бағыттың маңызды екенін айғақтайды. Орталық Азиядан Еуропаға қарай тауар тасымалына келер болсақ, онда Транскаспий бағыты өзекті бағыт болып қала береді. Мұны қазір көпшілік «Жаңа Жібек жолы» деп атап отыр», дейді CILT Central Asia сарапшысы.
ЕАДБ сарапшыларының айтуынша, 2022 жылы Ресейдің сыртқы экономикалық байланыстарының жаңа логистикасы қалыптаса бастады. Ол Ресейдің сыртқы сауда айналымындағы Қытайдың, Оңтүстік – Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінің, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерінің рөлін күшейтуді көздейді дейді.
«Осы жағдайларда Қазақстан арқылы өтетін «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерінің рөлі айтарлықтай артады. 2022 жылы Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемі 12,6%-ға, оның ішінде контейнерлік транзит 6%-ға өсті. Транзит көлемі жақын болашақта, ең алдымен, теміржол және автомобиль көлігі есебінен өсе түспек. Транзиттік тасымалдарды ұлғайту көліктік және қосалқы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуды, атап айтқанда Қытаймен үшінші темір жол өткелін салуды, теміржол желілеріне электр тартуды, қозғалыс қарқындылығы жоғары аудандарда екінші магистралді жолдарды салуды талап етеді. Жол инфрақұрылымын да дамыту керек. Көбінесе бұл «Солтүстік – Оңтүстік» ХКД-нің қазақстандық учаскелеріне және Ақтау және Құрық теңіз порттарына баратын жолдарға қатысты. Сондай-ақ теміржол жылжымалы құрамы мен контейнерлер паркін толықтыру, Каспийдегі кемелер паркін жаңарту қажет болады», деп атап өтеді ЕАДБ сарапшылары.