«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі біздің еліміздің көліктік әлеуетін арттырумен қатар, айрықша әлеуметтік маңызға да ие. Себебі, айтулы құрылысқа халықаралық мамандармен қатар, көптеген жергілікті азаматтар жұмысқа тартылды. Отандық кәсіпкерлер әлемдік дағдарыстан кейін қайта бағдар алып, бәсекеге қабілеттілігін арттырды.
Көлік және коммуникация министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәтжан ӘБЛӘЛИЕВПЕН осы тақырып әңгіме өзегіне арқау болды.
– Сәтжан Әйтенұлы, бүгінгі күні Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ауыз толтырып айтарлық ірі жобаның бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі екені белгілі. Жобаның басталғанына біраз уақыт болды. Қазіргі нәтиже қандай?
– Рас айтасыз. Біз бұл жобаны 2009 жылдан жүзеге асыра бастадық. Оған дейін, нақтырақ айтсақ, 2007-2008 жылдары Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірледі. 8 мыңға жуық шақырымға созылатын бұл жол Ресей Федерациясы, Қазақстан, Қытай аумақтарын басып өтіп, Санкт-Петербургті Қазақстан арқылы Қытайдың Лян Юин Гань портымен қосады. 2787 шақырымы тікелей біздің еліміздің аумағымен өтеді. Геосаяси жағдайды ескере отырып, бұл көлік дәлізінің Қытай мен Еуропаны байланыстыратын ең қысқа құрлық жолы екеніне көз жеткізуге болады.
– Менің түсінгенім бойынша, АДБ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің техникалық-экономикалық негіздемесін жасау кезеңінде-ақ қызығушылық таныта бастағандай ғой...
– Иә. Алайда, айта кету керек, бұл жоба барлық, атап айтатын болсақ, Дүниежүзілік банк, Ислам банкі, Еуропа банкі, Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігі және АДБ сияқты халықаралық қаржылық институттармен егжей-тегжейлі зерттелген болатын.
– Бұл жобада АДБ-ның рөлі қандай?
– Барлық халықаралық қаржы институттары даму институттары сияқты біздің зерттеулерімізді жан-жақты қарады және қабылдады. Біздің жұмысымыз бұл дәліздің тиімділігін дәлелдеп берді. Сондықтан алғашқылардың бірі болып бізбен әріптестікке ниет білдірген осы Азия даму банкі болды. Біз 920 миллион АҚШ доллары көлемінде несие туралы бірлескен келісімге қол қойдық. Бүгінгі күні ол қаржыны толықтай алдық. АДБ негізінен Жамбыл облысына қатысты аумақты қаржыландырған болатын, қазіргі уақытта ол жақта құрылыс жұмысы аяқталды.
– АДБ-ның дәл осы дәлізді таңдауында қандай да бір себеп бар ма?
– Негізінде бұл дәліз Азия даму банкінің стратегиялық мақсаттарымен сәйкес келеді. Сондықтан да осы жоба таңдауға ілігіп отыр деп ойлаймын.
– Білуімізше, АДБ кез келген жобаның әлеуметтік маңызына айрықша басымдық береді. Айтыңызшы, Қазақстан әлеуметтік жағынан қандай пайда көрді?
– АДБ өкілдерімен бірге біз, осы банк қаржыландыратын аумақтарда қосымша зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Олардан біздің экологиялық талаптар, тұрғындарды әлеуметтік қорғау бойынша үйренгеніміз көп болды. Біз жобаның төңірекке, табиғатқа, экологияға кері ықпалын төмендетуде барынша солардың ұсынымын есепке алдық. Соның нәтижесінде жобаны жүзеге асыру кезінде әлемдік үздік тәжірибелер пайдаланылды. Оның ішінде банктің тәжірибесі де бар. Тиімділігі өте зор болды.
– Ашып айтып берсеңіз.
– Мысалы, жобаны жүзеге асыруға бір уақытта 35 мыңға жуық адам қатыстырылды, 3 мыңнан астам қондырғылар мен техника жұмылдырылды. Жаңа зауыттар жұмыс істей бастады, шағын кәсіпорындар ашылды. Бірнеше темір-бетон зауыты іске қосылды. Шымкентте, Қызылордада битум зауыттары жұмысқа кірісті. Сондай-ақ, дағдарыс кезінде тапсырыс жоқ, жұмысы тоқтаған көптеген компаниялар осы жоба барысында бағытын өзгертіп, жол құрылысы жұмысына кірісті. Қорыта айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасына бір мезгілде 80-ге жуық жол-құрылыс компаниялары қатыстырылды.
– Сіз бір сөзіңізде құрылыс жұмысына 35 мыңға жуық адам қатысты дедіңіз. Онда жергілікті халықтың үлесі қанша болды?
– Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан қатысқан жергілікті азаматтардың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Осының нәтижесінде жұмыссыз жүрген азаматтар еңбекке тартылды. Азия даму банкімен арадағы келісім бізге жергілікті мамандарды көптеп тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көптеген конкурстар, мердігерлерді таңдау АДБ ережесіне сәйкес жүргізілді. Халықаралық конкурстар да болды. Оған АДБ мүшелері – барлық елдердің мердігер компаниялары қатысты. Сондықтан, осындай үлкен жобаны жүзеге асыру арқылы қазақстандық мамандарымыз теңдессіз тәжірибе жинағаны сөзсіз.
– Онда отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі арта түсті деп айтуға болады ғой?
– Әрине. Олар шетелдік әріптестерінен көптеген жаңа технологияларды алды. Бұл жобаның жүзеге асырылып жатқанына 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында көптеген қазақстандық компаниялар заманға сай қанат жайып, өркендеді. Енді осындай ірі жобаларға өздері білек сыбана кірісуге дайын деуге болады.
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».