«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің кезекті пленумы өтті. Іс-шараға Орталық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, өңірлік ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.
Жиында әңгіме арқауына айналған ең басты тақырып – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының орындалуына ардагерлердің ықпалы. Соңғы бір жылда елімізде 5 ірі саяси науқан, атап айтқанда референдум, Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлаулары өтіп, Жаңа Қазақстанды құру жолында маңызды да қажетті қадамдар жасалғанын тілге тиек еткен Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Салахатдинұлы ел ардагерлері бұл үдерістердің бәріне үмітпен қарап, қолдап отырғанын жеткізді.
– Шынайы бәсеке орын алған Президент сайлауына елмен бірге ардагерлеріміз де атсалысып, дауыс беріп, белсенділік танытқанына осы отырған баршамыз куәміз. Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құру бағытындағы реформаларын ардагерлер бірауыздан қолдап, халыққа ағалық ықпал етіп жүр. Жақында Мәжіліс сайлауы Президентіміздің реформаларына сәйкес өтті. Барлық партияларға сайлауға қатысуға бірдей мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, Мәжіліске саяси ұстанымдары әртүрлі 7 партия өтті. «Amanat» партиясы ұсынған тізіммен маған Мәжіліс депутаты мандаты тапсырылды. Оны ардагерлер қауымына көрсетілген зор сенім деп қабылдадым, – деді ол.
Қазіргі әлемдік саясаттың сынаптай сырғып, аумалы-төкпелі болып тұрған уағында Мемлекет басшысының айналасына ұйысып, Жаңа да Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыруға шақырған Мәжіліс депутаты елдегі бірқатар игі өзгеріс пен кезек күттірмес проблемаға тоқталды. Мәселен, жалақы мен зейнетақыны өсіру, Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі әзірлеген «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жоспары, қарияларға арналған геронтологиялық медицина бөлімшелерін ашу, оларға берілетін әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, жастар тәрбиесі, т.б. жайттар туралы айтты.
– Биыл 2 ақпанда Президент қабылдауында болғанымда бірнеше ұсыныс жасаған едім. Соның бірі – «Іскерлік және жанашырлық» жобасы. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсыныстарымды зор ықыласпен қабылдап, Үкіметке тапсырма беретінін айтты. Ұзамай, 6 ақпанда ұсынысым қабылданғаны және осы жұмыстарды үйлестіру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелгені туралы жауап алдым. Қазіргі уақытта ұсынысыма байланысты жоба жұмысы Атырау облысында басталып кетті. Нәтижесі – уақыт еншісінде, – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ел өміріндегі ардагерлердің орны ерекше екенін атап өтіп, алда келе жатқан Отан қорғаушы және Жеңіс күндеріне орай оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы мәлімдеді.
– Жылдан-жылға майдангерлеріміздің саны азайып барады. Биыл елімізде соғысқа қатысқан 237 қариямыз ғана қалыпты. Олардан бөлек, 50 мыңға тақау тың ардагері бар. Сонымен қатар әр салада еңбек етіп, бүгінде ел ағасы болар жасқа жеткен сіздердің де орындарыңыз ерекше, – деді министр.
Жуырда Президенттің ТМД елдеріндегі тұңғыш Әлеуметтік кодекске қол қойғаны белгілі. Күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы осы кодекс мақсаттарына кеңінен тоқталғанын атап өткен Тамара Қасымқызы жаңа құжат ел халқы үшін барлық қолдаулар толыққанды қамтылғандығымен құнды екенін жеткізді.
– Бала дүниеге келгеннен бастап кәмелет жасқа толғанға дейін балаға, ата-аналарға, отбасына қатысты, сонымен қатар зейнеткерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері де ол жерде жан-жақты қарастырылған. Биыл 1 қаңтардан бастап еліміздегі 6,3 миллион отбасының толық базасы жасалды. Олардың қайсысында қанша бала бар, кім қандай көмекке мұқтаж, қай отбасында мүгедек балалар бар, кімге жұмыс керек, осының бәрі базаға енгізілді, – деді министр.
Тамара Дүйсенова биыл орташа зейнетақы 125 мың теңгеге өскенін, ал ең үлкен зейнетақы 182 мың теңгені құрайтынын, сонымен қатар мүгедек адамдарға берілетін жәрдемақы жыл басында 8,5 пайызға өсіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 шілдеден бастап тағы 14 пайызға көбейетінін айтты.
– Президент өз Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту мәселесіне тоқталды. Шын мәнінде, ең алдымен осы елдің, халықтың қауіпсіздігі болмаса, біз өмірді жақсарта алмаймыз. Елдің қорғаныс саласында, әскерінде қандай өзгерістер болып жатыр? Қазіргі күні 20 мыңнан астам ардагеріміз бар. Солар елді қорғау, қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың жандануына қандай үлестерін қосып жатыр, мен осы мәселеге тоқталғым келеді, – деген генерал-лейтенант Абай Тасболатов қорғаныс саласында жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бұдан өзге, пленум барысында Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, Қызылорда облысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі құрамына толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Жиында қабылданған маңызды құжат – «Ардагерлер ұйымы» мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум. Құжатқа ұйым төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен министр Тамара Дүйсенова қол қойды.
Іс-шара соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төс белгісімен Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов, Ақтөбе облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Батыс Қазақстан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, Қостанай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов марапатталды.