Қазақстан халқының бірлігі мен тірлігін, ынтымағын паш ететін мерейлі мереке күні Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығы, Алматы облысының әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Панфилов ауылдық округіндегі Қобыланды батыр атындағы ипподромда ұшқыр бәйгеден «Qazaq World Cup» турнирі өтті. Оған көршілес қырғыз ағайындардың жокейлері қатысты. Қырықтан астам тұяғымен жер тарпыған тұлпардың бабы мен бағы сыналған бұл ұшқыр бәйге елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды.
Жарыстың салтанатты ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, бәйгені тамашалауға жиылған қауымды
1 мамыр – Бірлік күнімен құттықтады. Сондай-ақ атадан балаға жеткен ұлттық спортты дамыту бойынша өңірде игілікті істер жібін үзбей жалғасып келе жатқандығын, әсіресе, ұлттық құндылықты дәріптеп, жастарды жігерлендіретін ат спортының өрісін кеңейтуге әрдайым әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін тілге тиек еткен ол бәйгеге қатысатын шабандоздарға сәттілік тіледі.
– Елімізде көнеден келе жатқан құнан бәйге, аламан бәйгенің барын білеміз. Бірақ, әлемде кең таралғаны ұшқыр бәйге. Сондықтан халықаралық тәжірибені зерттеп, зерделей келе ұшқыр бәйгенің дамуына үлесімізді қосып, насихаттауды бастап кеттік. Осы өңірде туып-өскен шабандоз Бауыржан Мырзабаевтың есімі Еуропаға әйгілі. Оның таланты талайды тамсандырып жүр. Сондықтан біздің елімізден әлі талайдың таңдайын қақтырар мықты жокейлер халықаралық аренаға шығып, еліміздің көк туын көкте желбірететін болады, – деген Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спорттың дамуына ел Президенті ерекше мән беріп, қолдау көрсетіп отырғанын айрықша атады.
Ұлттық спорттың дәрежесін арттырып, халықаралық деңгейге көтеру мақсатында құрылған «Qazaq World Cup» деп аталатын бұл жарыстың жүлде қоры шамаман 20 миллион теңгеден асады. Мамыр айынан бастау алған жарыс қараша айына дейін әр екі апта сайын ұйымдастырылмақ.
Тұңғыш рет тұсауы кесілген «Qazaq World Cup» турнирі келер жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындықтың бастауы саналады.
Сондай-ақ бұл күні бәйгені тамашалауға келген көрермендер арасында арқан тарту, қыз қуу, асық ату сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Танымал өнер жұлдыздары күй күмбірлетіп, әсем ән шырқады. Сөйтіп, сәні мен салтанаты келіскен жарыс өз мәресіне жетті.
Қысқа қашықтықта асқан жылдамдықпен мәре сызығын кескен бәйге жеңімпаздары арнайы кубокпен және қаржылай жүлделермен марапатталды.
Алматы облысы