Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына орай Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Шыңғыс Айтматов әлемі» тақырыбында республикалық байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің әр қиырындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Шыңғыс Айтматов оқуларының агротехникалық колледжде ұйымдастырылуы бекер емес. Алатаудың арғы бетінен келген қаламгер Жамбыл қаласындағы ауыл шаруашылығы бағытындағы техникумда білім нәрімен сусындағанын жұрт жақсы біледі. Аталған техникум арада ондаған жыл өткенде Құлан ауылына көшірілген болатын.
Қаламгер оқыған білім ордасындағы байқауда студенттер екі кезең бойынша сынға түсті. «Сөз – құдірет қашанда» деп аталған алғашқы кезең қатысушылары көркемсөз оқу арқылы өзара кім мықтыны анықтаса, «Таланттар өмірде шыңдалады» кезеңінде топқа түскен оқу орындарының таланттары Шыңғыс шығармаларынан сахналық қойылым көрсетті.
Студенттер әлемге әйгілі қаламгердің «Ғасырдан да ұзақ түн», «Жәмилә», «Қош бол, Гүлсары!», «Ақ кеме» сынды көркем шығармаларынан үзінді оқығаны көкейге қонды.
Байқау қорытындысында «Сөз – құдірет қашанда» кезеңі бойынша Тараз сервис және технология колледжінің студенті Дамир Балпықов жеңімпаз атанса, «Парасат» колледжінің студенті Амангелді Жансерік бірінші орынға, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әкімжан Қуанышбекұлы мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Айсұлу Қабышева екінші орынға лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орын Қаскелең мәдениет колледжінен келген Дінмұхамед Төлепберген, Құлан агротехникалық колледжінің үміті Әмина Жұмамұрат, Түркістан көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Перизат Әбдірахмановаға бұйырды.
«Таланттар өмірде шыңдалады» кезеңінде «Шыңғысханның ақ бұлты» қойылымымен дараланған Түркістан көпсалалы қолөнер колледжінің студенттері топ жарса, Талдықорған агротехникалық колледжінің студенттері жүлделі бірінші орынды иеленді. Екінші орын И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі мен Қаскелең гуманитарлық техникалық колледжі студенттеріне бұйырса, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі және Байзақ, Абай облысынан келген Бесқарағай колледжінің студенттері үздік үштікті түйіндеді.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы