• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 03 Мамыр, 2023

Қазақ-түрік IT-форумы

376 рет
көрсетілді

Астанада қазақ-түрік бизнес ІТ-форумы өтті. Оны екі елдің ірі халық­аралық технопарктері – «Astana Hub» пен «Bilkent CYBERPARK» ұйымдастырды. Іс-шара аясында Түркия мен Қазақстанның 50-ге жуық IT-компаниясы B2B форматында кездесу өткізді.

Форум бизнес-қоғамдастық ара­сын­дағы іскерлік байланысты дамытуға және екі мемлекет арасындағы сау­да және инвестиция саласындағы ынты­мақтастықты нығайтуға бағыт­талған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин атап өткендей, Түр­кия – еліміздің ең басым сауда-эко­но­микалық және инвестиция­лық серік­тес­терінің бірі. Соның ішінде ІТ сала­сының әлеуеті зор.

Екі күндік форумда қазақ және түрік бизнес-делегациялары бетпе-бет дидарласу, коллаборация мен ынты­мақтастық перспективаларын талқы­лау үшін жеке келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды.

– Біз қазақстандық компаниялар­мен ынтымақтастықты нығайту үшін B2B кездесулерін ұйымдастырдық. Дәл осындай шара Алматыда да өтті. Форумның нәтижесінде жаңа келісім­шарттар жасалып, жергілікті ком­па­ниялармен ұзақ мерзімді ынты­мақтастық орнатылды, – деді «Bilkent CYBERPARK» бас директоры Фарук Иналтекин.

Келіссөздер бағдарламалық қамта­масыз ету, IoT, портал әзірлеу, энер­гети­калық мониторинг және басқару, автоматтандыру, смарт қала шешімдері, жасанды интеллект, машиналық оқы­ту, мобильді қосымша, финтех, цифр­лық трансформация, өнімділік, смарт үй жүйесі, қорғаныс өнеркәсібі, геогра­фиялық ақпараттық шешімдер, IT, электронды құжат айналымы, электронды қолтаңба шешімдері, денсаулық саласы секілді бизнес-санаттарды қамтығанын айта кетейік.

– Біз жуырда министр Бағдат ­Мусин бастаған үлкен делегацияның құ­­ра­мында Түркияның технологиялық кә­сіп­кер­лік экожүйесінде маңызды орын алатын «Bilkent Cyberpark»-те бол­дық. Бұл жолғы форум – «Digital Bridge» халық­аралық форумында ­қол қойылған меморандум аясындағы ­се­­­рік­­тестігімізді одан әрі дамыту­дың та­ғы бір дәлелі, – деді отандық технопарк экожүйесін таныстыру барысында «Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 28 қыркүйегінде «Digital Bridge» халық­аралық форумының алаңында түркі елде­рінің технопарктері – «Bilkent Cyberpark» (Түркия), «Astana Hub» (Қазақстан), «Sabah Lab» (Әзербайжан), «ПВТ» (Қырғызстан), «Bilisim Vadisi» (Түркия), «IT Park Uzbekistan» (Өз­бек­стан) ынты­мақтастық туралы ме­мо­рандумға қол қойған болатын. Аймақ­тағы ақпа­рат­тық-комму­ника­ция­лық технологиялар мен ин­но­ва­ция­лық экожүйені бірлесіп дамы­туға бағытталған бұл келісім Түркі мем­лекеттері ұйымының сегізінші сам­­­ми­тінде Түркі елдерінің заманауи тех­но­парк­­тер орталығын құруды ұсын­ған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында жасалған еді.