• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мектеп 03 Мамыр, 2023

Күннен қуат алатын мектеп

552 рет
көрсетілді

Түркістандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (NIS) күн көзінен қуат алатын электр стансасы іске қосылды. Бұл – NIS пен «Шелл» компаниясының «Мектептерге күн энергиясы» бірлескен жобасының жемісі.

2018 жылы еліміздің Энер­гетика министрлігінің қолда­уымен «Шелл» компаниясы және Назарбаев зияткерлік мек­тептері «Мектептерге күн энергиясы» атты қанатқақты жобаны қолға алған-ды. Жобаның мақсаты – еліміздегі бес мектеп­те энергияның шағын қуатты жүйе­сін құруға бағытталған бі­ре­гей платформа жасау. Сон­дай-ақ жас буынның жараты­лыс­тану ғылымдарына, тех­но­логияға, инновацияға және кәсіп­керлік­ке деген қызығушылығын арттыру.

Күн стансасының құрылысы өткен жылдың қараша айында қолға алынды. Енді мектептің электр энергиясына жұмсай­­тын жылдық шығыны орта есеппен 30 пайызға, яғни 2-6 млн тең­геге дейін үнемделеді. Ең бас­тысы 240 фотоэлектрлік панельден тұратын жүйелер СО2 көлемін азайтуға мүмкіндік бе­реді. Ал артылған электр қуаты қалалық желіге жөнелтіліп, энергияны үнемдеуге септігін тигізеді. Фотоэлектрлік жүйенің ұзындығы – 75 метр, биіктігі 5 метрге дейін жетеді.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бір жарым жыл бұрын ашылған білім ордасының баламалы энергия көздерін пайдалануы үлкен же­тістік екенін атап өтті. «Мек­теп­терге күн энергиясы» бір­лескен жобасының жемісін кө­ріп отырмыз. Жоба аясындағы бе­сінші фотоэлектрлік жүйенің Түр­кістанда орнатылуы – тарихи сәт. Бұл мақсатты іске асыру­да зияткерлік оқу ордасының орны ерекше. Білім ұясы ашыл­ғаннан бері Түркістан халқының зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етіп келеді. Сондықтан мұндағы алғыр да ақылды шә­кірт­терден экология, экономика тақырыптарына арналған тың жобалар күтеміз», деді ол.

Сонымен қатар компания жасөспірімдердің табиғи қуат көздерін зерттеуге қызығу­шы­­лығын арттыру үшін мұ­ға­­лімдерге арнап «Шелл NXplorers» бағдарламасын ­ұйым­дас­тырыпты. 2022 жыл­дың қазан айында Түркістан об­лысының ұстаздары үшін арнайы білім беру бағдарламасы бойынша оқыту тренингі өт­кізілген. «Мектептерге күн энер­гиясы» жобасы – NIS стра­тегиясының маңызды бөлігі. Бұл STEM-бі­лімді енгізу мен ең бастысы, оқушылар арасында эко-мәде­ниетті қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ортаға үл­кен жа­уап­кершілікпен қарауға тәр­биелеудегі табысты бастама еке­нін бесінші мәрте дәлелдеді. Қазіргі таңда ғалымдар эко­ло­гиялық мәдениетті адамзаттың табиғатпен бірлігі негізінде қа­растырып жүр. Расында, мұндай адам қоршаған ортаға қамқор­лық жасап, оның жойылуы мен ластануына жол бермейді», дей­ді «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйы­мының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Айта кетейік, ел бойынша дәл осындай күн электр стансасы Астана, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында орна­лас­қан зияткерлік мектептер­де де бар. Бұл жүйелер әр оқу ор­дасына 100 кВт энергия өн­діруге мүмкіндік береді. Күн батареялары әр мектептің қа­жет­тілігін қанағаттандыру үшін арнайы әзірленген металл қон­дырғыларға бекітілген. «Күн па­нельдерінің қондырылуы жас буын үшін жаңартылған энергия көздері бойынша табыс­ты ғылыми жобалар жасау­дың, мамандық таңдау мен бола­шақ­ты айқындаудың қайнар кө­зіне айналды», дейді NIS Қам­қор­шылық кеңесінің мүшесі Күләш Шәмшидинова.

Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және ТМД елдері бойын­ша «Шелл» концернінің кор­поративтік қатынастар жөнін­дегі вице-президенті Джоанна Кунзберг еліміздің қоршаған ортаны қорғау мен баламалы энергия көздерін өндіріске енгі­зу бағытындағы бастамаларына ерекше тоқталды. «Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу үшін үлкен мақсаттар қойып отыр. Біздің компания мемлекеттің осы бағыттағы барлық бастамасын қолдайды. «Мектептерге күн энергиясы» жобасы осы өт­пелі кезеңге өз үлесімізді қосуға бағытталған жобалардың бірі», деді ол.