• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 03 Мамыр, 2023

Егінші – мәрт, жер – жомарт

322 рет
көрсетілді

Бұйырған несібесін жерден терген еңбекқор жұрт үшін жауапты кезең басталды. Жыл өткен сайын дариядағы су деңгейі төмендеп, «Егінші жылда, балықшы күнде арманда» дегендей, киген диқандар биыл да жерге алғашқы дәнді үмітпен тастады. Осы жылы облыстағы егін көлемі 195,6 мың гектар болмақ. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі.

Науқанның басталуына орай Жалағаш ауданының Таң ауылында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде осы салада атқарылар жұмыстар айтылып, алда тұрған мәселелер талқыланды. Осыған орай ауданға келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі ет өнімдері цехының жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы техникалары мен өнімдері қойыл­ған көрмені тамашалады. Жабдықтаушы мекеме өкілдерімен пікірлесті.

Аймақ басшысы іс-шараға жи­налған қонақ­тармен бірге ал­ғашқы дән себу рәсімін өткізіп, бірқа­тар шаруашылық үздіктерін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласы­ның үздігі» төсбелгісімен және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аграрлық саланы өркендетудің өңір үшін өмірлік маңызы айтылды.

«Мемлекет басшысы еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте азық-түлік қым­батшылығы мен инфляцияны тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер да­йындау жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді облыс әкімі.

Былтыр егіс маусымы бас­талар шақта шаруалар су­дан қиындық көрген еді. Биыл­ғы қыста соңғы 4-5 жыл­дықта суал­ған дария арнасы толып, артық су аймақтағы көлдер жүйесіне жіберілді, шабын­дықтар сулан­дырылды. Кіші Аралдың аясын­дағы су 18,5 млрд текше метр­ден 20,140 млрд текше метрге көбейді.

Бүгінде Шардара су қойма­сында 5 млрд текше метр, Көкса­рай су реттегішінде 1,79 млрд текше метр су бар. Облысқа осы жылғы вегетациялық кезең­­ге 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгілен­ген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 млн текше метрге артық. Осы бөлін­ген суды уақтылы ала алсақ, диқандарымыз жазда тап­шы­­лықты сезінбеуі керек. Жақын­да Душанбе қаласында өтетін мемлекетаралық су шаруа­шылығын үйлестіру комис­сиясының кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің сулылығы болжамына сәйкес Шардара су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Осыдан кейін су лимиттері қайта белгіленеді.

Судың тапшылығы бірте-бірте үнемге де үйретіп келеді. Осы күні коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізу өзінің кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Биыл облыстық бюджет есе­бінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, елді мекендерге 21 су сорғы қондырғысын жет­кізіп беру және 27 каналға жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыс­тары жүргізіледі.

Сонымен бірге шаруашы­лықара­лық канал­дардың 68,0 па­йызы, ішкі шаруашылық­аралық каналдардың 79,0 пайызы тазаланды. Шаруа­шылықаралық каналдар мен сорғы қондырғылары, гидробекеттерге жөндеу жұмыс­тары жүргізілді.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңбе­рін­де 2025 жылға қарай 16 магистралды және шаруашылық каналын цифрландыру жоспар­ланған. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы оның бесеуіне жоба-сметалық құжат­тама әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.

Суды тиімді пайдалану мақ­сатында облыс әкімдігі мен Аустралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылған. Меморандум облыстағы егіс көлемінің 60 пайызы орналасқан республикалық меншіктегі Қызылорда солжаға магистралды каналы бойындағы аумақтарды суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазір «Rubicon Global» компаниясы Шіркейлі каналына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жоба ұсынып отыр.

Семинар-кеңесте салаға қа­тысты мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының иелері қолға алынған жұмыстарды, өзекті мәселелерді ортаға салды. Жиын қорытындысында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы экспортының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қажетті жа­нар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақтылы жинап алу бойынша тапсырмалар берді.

 

Қызылорда