Бұйырған несібесін жерден терген еңбекқор жұрт үшін жауапты кезең басталды. Жыл өткен сайын дариядағы су деңгейі төмендеп, «Егінші жылда, балықшы күнде арманда» дегендей, киген диқандар биыл да жерге алғашқы дәнді үмітпен тастады. Осы жылы облыстағы егін көлемі 195,6 мың гектар болмақ. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі.
Науқанның басталуына орай Жалағаш ауданының Таң ауылында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде осы салада атқарылар жұмыстар айтылып, алда тұрған мәселелер талқыланды. Осыған орай ауданға келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі ет өнімдері цехының жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы техникалары мен өнімдері қойылған көрмені тамашалады. Жабдықтаушы мекеме өкілдерімен пікірлесті.
Аймақ басшысы іс-шараға жиналған қонақтармен бірге алғашқы дән себу рәсімін өткізіп, бірқатар шаруашылық үздіктерін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аграрлық саланы өркендетудің өңір үшін өмірлік маңызы айтылды.
«Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік қымбатшылығы мен инфляцияны тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді облыс әкімі.
Былтыр егіс маусымы басталар шақта шаруалар судан қиындық көрген еді. Биылғы қыста соңғы 4-5 жылдықта суалған дария арнасы толып, артық су аймақтағы көлдер жүйесіне жіберілді, шабындықтар суландырылды. Кіші Аралдың аясындағы су 18,5 млрд текше метрден 20,140 млрд текше метрге көбейді.
Бүгінде Шардара су қоймасында 5 млрд текше метр, Көксарай су реттегішінде 1,79 млрд текше метр су бар. Облысқа осы жылғы вегетациялық кезеңге 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгіленген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 млн текше метрге артық. Осы бөлінген суды уақтылы ала алсақ, диқандарымыз жазда тапшылықты сезінбеуі керек. Жақында Душанбе қаласында өтетін мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті отырысында су пайдалану маусымындағы Сырдария өзенінің сулылығы болжамына сәйкес Шардара су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Осыдан кейін су лимиттері қайта белгіленеді.
Судың тапшылығы бірте-бірте үнемге де үйретіп келеді. Осы күні коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұмыстарын жүргізу өзінің кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, елді мекендерге 21 су сорғы қондырғысын жеткізіп беру және 27 каналға жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен бірге шаруашылықаралық каналдардың 68,0 пайызы, ішкі шаруашылықаралық каналдардың 79,0 пайызы тазаланды. Шаруашылықаралық каналдар мен сорғы қондырғылары, гидробекеттерге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай 16 магистралды және шаруашылық каналын цифрландыру жоспарланған. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы оның бесеуіне жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Аустралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін автоматтандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылған. Меморандум облыстағы егіс көлемінің 60 пайызы орналасқан республикалық меншіктегі Қызылорда солжаға магистралды каналы бойындағы аумақтарды суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазір «Rubicon Global» компаниясы Шіркейлі каналына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жоба ұсынып отыр.
Семинар-кеңесте салаға қатысты мекеме басшылары мен шаруа қожалықтарының иелері қолға алынған жұмыстарды, өзекті мәселелерді ортаға салды. Жиын қорытындысында аймақ басшысы ауыл шаруашылығы экспортының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қажетті жанар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақтылы жинап алу бойынша тапсырмалар берді.
Қызылорда