• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Мамыр, 2023

Астраханда «Адай» күйі асқақтады

951 рет
көрсетілді

Биыл қазақтың қай­та­ланбас композиторы, күй­ші Құрманғазы Са­ғыр­­байұлының туға­ны­на 200 жыл толады. Осы­ған орай Ресей Феде­рация­сын­дағы Астрахан облы­сының домбырашылары ком­пози­тор­дың «Адай» күйін орын­дап, Атырау об­лысына челлендж жолдады.

Ресейде тұрғанымен, ұлттық өнерден тамыр үзбеген домбырашылар бұл күйді Құрманғазы кесенесінің алдында тартты. Дом­бы­рашылардың арасында ересектер де, балалар да бар.

– Қазақтың ұлы композиторы, күйші, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына орай челлендж бастауды жөн көрдік. Біз – Астрахан облысының домбырашылары челленджімізді Атырау облысына жолдаймыз, – дейді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.

Құрманғазы Сағырбайұлы Ресей Федерациясындағы Ал­тын­жар ауылында жерленген. Бұл ауыл Астрахан облысының Володар ауданында орналасқан. Аталған ауылда тұратын қандастардың қатары көп.

– Алтынжар ауылында 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы ашылды. Қазір аталған орталық Ас­трахан об­лысындағы маңызды мәдени және танымал туристік нысан­дарының біріне айналды. Біздің орталыққа алыс-жақын шетелдерден жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді. Туристерге Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз, – дейді Амангелді Әбілғазиев.

Оның айтуынша, орталықтағы музейде ұлы күйшінің шығар­машылығы мен өмірінен сыр шер­­тетін түрлі экспонат қойыл­ған. Ор­талық жанынан құрылған «Са­мал» қазақ музыкалық ансамблі мен «Белый город» орыс му­зыкалық ансамблінде 40-қа жу­ық адам жұ­мыс істейді. Дені – қан­дас­та­ры­мыз, арасында 25 домбырашы бар.

 

Атырау облысы