Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының үшінші күнінде бір боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды.
Ташкент төріндегі алғашқы айқасын сәтті өткізіп, Таиланд өкілі Сакда Руамтамды айқын басымдықпен жеңген Талғат Сырымбетов (60 кг) екінші айналымда 2022 жылғы Азия чемпионы иорданиялық Абу Жаемен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.
Алғашқы раундта Сырымбетов қарсыласына қарағанда белсенді болып, дәл соққыны көбірек дарытса да, бес төрешінің төртеуі жеңісті иорданиялық боксшыға беріп жіберді. Екінші раундта Абу Жае Талғатқа жұдырықтасуға еш мүмкіндік бермей, жиі құшақтай берді. Сол үшін ол төреші тарапынан ескерту алып, басымдық отандасымызға қарай ауды.
Таразы басы теңескен соң, үшінші раунд алдында жанкүйерлер жерлесіміздің жеңісіне сенімді болған еді. Алайда жекпе-жектен кейін төрешілердің ойы басқаша болып шықты. Үш раундтың қорытындысы бойынша Абу Жае жеңімпаз атанды – 4:1