Алматы қаласындағы №9 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде батуттағы гимнастикадан VI жазғы спартакиада өз мәресіне жетті. Жарыстың шешуші күнінде Қарағанды облысы жақсы нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Осыдан 4 жыл бұрын өткен V жазғы спартакиадада кеншілер өңірінің гимнастары топ жарған еді.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша алғаш болып акробатикалық жолда командалық секіруден ерлер арасындағы бәсекеде жүлделер үлестірілді. Аса тартысты өткен сайыста жеңімпаздар тек соңғы сәтте ғана анықталды. Шешуші кезеңде үздік шығып, жалпы есепте 69,7 ұпай жинаған СҚО спортшылары спартакиада жеңімпазы атанса, Шымкент қаласы (65,8) мен Қарағанды облысы (64,4) үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Ерлер арасындағы командалық қос шағын трампта секіру жарысында Батыс Қазақстан облысы қарсылас шақ келтірген жоқ. Олардың еншісінде – 74,9 ұпай. Одан кейінгі орындарға Шымкент қаласы (73,8 ұпай) мен Павлодар облысы (72,10 ұпай) тұрақтады. Жалпы, финалда 4 гимнасттан бақ сынады. Финалда ШҚО мен Жамбыл облыстары жүлдеге іліге алмады.
Осыдан кейін қос минитрампта қыздар командасы кім мықтыны анықтады. Мұнда да чемпиондық атақ үшін тартыс шиеленіске толы болды. Үш гимнастың көрсеткішін қоса есептегенде Павлодар облысы (63,6 ұпай) алтын алса, Шымкент қаласы (63,4) күміс, Қарағанды облысы (63,0) қола медальге ие болды.
Ал жарыс күні Олимпиада бағдарламасына кіретін батутта секіру сайысымен аяқталды. Синхронды секіруде Қарағанды облысынан келген Сергей Лях пен Никита Тумаков жұбы жеңіске жетті. Данияр Түсіпов пен Сұңқар Саун Павлодар облысының командасына күміс жүлде сыйлады. Үздік үштікті Данил Мусабаев пен Ерлан Тасмағамбетов (Қарағанды облысы) түйіндеді.
Әйелдер арасында Шымкент қаласы (Еңлік Тұрсын мен Перизат Ермек) жұбы ең көп ұпайға қол жеткізді. Виктория Бутолина мен Виктория Коновалова дуэті (Павлодар облысы) күміс алса, тағы бір павлодарлық Алина Сарсембаева мен Ангелина Глухова қоланы қанағат тұтты.
Ерлер арасындағы командалық есепте Қарағанды облысы (169,53 балл) көш ілгері кетсе, ШҚО мен Павлодар облыстары қалған жүлдені өзара бөлісті. Әйелдер бәсекесінде де Қарағанды облысы дес бермеді. Павлодар облысы мен Шымкент қаласы орталықтан келген қарсыластарына есе жіберді.
Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысы бұл жолы да топ жарды. Одан кейінгі сатыға Шымкент қаласы мен Павлодар облысы тұрақтады.