Биыл Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы туристік саяхат бұрынғыдан да жеңілдейді деген ізгі жоспар бар және бұл негізсіз де емес. Өйткені туризм саласын табыс көзіне айналдыруды көксеп келе жатқан екі ел де кейінгі жылдары көлік, туристік маршруттар мен қонақүй бизнесін жақсартып, жергілікті тұрғындарды туризм саласындағы қызмет түрлеріне оқытып отырған жайы бар.
Мысалы, Қырғыз Республикасының туризмді дамытуды қолдау қоры президентінің кеңесшісі Мақсат Усубалиев Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында өз елі туризмді түлету мақсатында капиталы 1 млрд сомды құрайтын қор құрғаны туралы мәлімдеді.
«Біздің алға қойған мақсатымыз – Алматы мен Алматы облысының шекаралас аумақтарының тұрғындарының біздің елге сапарын жеңілдету, елімізге келген туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біз олардың Қырғыз Республикасы шекарасынан кедергісіз өтуі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Соның бірі – шекарадан Озерный асуы арқылы өту үшін ұсынылған үкіметаралық келісім. Өткен жылы біз Қырғызстан мен Қазақстан депутаттарының қатысуымен қанатқақты жобаны іске қосып, тау арқылы жүру өткелін аштық. Бұл екі ел Президентінің ауызша мәлімдемесінде айтылған еді. Мұның бәрі Қазақстан басшысының біздің елге келуінің арқасында жүзеге асып жатыр», деді М.Усубалиев.
Осы арада тау соқпақ жолдарын жаңғырту бастамасы «Kaz Alpine Club» АҚ мен «КАТО» ААҚ (Қырғыз туроператорлар қауымдастығы) ұйымдарына тиесілі екенін айта кету керек. Бұған қоса былтыр қазақ елінің белсенділері Озерный мен Сарыбұлақ асулары арқылы жүріп өткенін де еске сала кетуге болады. Осылайша, тау өткелі арқылы Ыстыққөлге сапар сәтті аяқталған еді. Ал енді биылғы жоспар бойынша туристерге арналған сол тау өткелдері ашылуы керек.
«Екі ел арасын байланыстырып тұрған таудағы өткелдер түрлі себеппен 2009 жылдан бері жабық тұр. Қырғыз Республикасынан келген гидтердің жұмысына тыйым салынды, сондай-ақ Қазақстанға туристік көлік үшін шектеу қойылды. Содан бері көп уақыт өтіп кетті. Тау өткелін ашу «Атамекен» ҰКП, бизнес-қоғамдастық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, екі елдің мемлекеттік органдары мен Мәжіліс депутаттарының бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асады», дейді ӨКП төрағасы Әуез Тәймбетов.
Спикердің айтуынша, тау туризмі, сондай-ақ осы саладағы басқа бағыттарды дамытуға биыл күш салынады. Сол сияқты туристік саланың түйткілді мәселелерін шешу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан Туризм жөніндегі салалық комитеті құрылып, оған туризм саласында қызмет ететін кәсіпкерлер, Алматыда турагенттіктер, туроператорлар, одақтар мен қауымдастықтардың өкілдері мүше болды.
Осы комитеттің жұмысына байланысты Әуез Тәймбетов: «Салалық кеңестердің міндеті – жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимыл ұйымдастыру, өңіраралық және ведомствоаралық жұмысты үйлестіру, салалық сараптаманы шоғырландыру, бизнес құқығын қорғау және кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру», деп отыр. Кеңес жұмысы барысында көрші елмен туризм бағытындағы ынтымақтастықты арттыру, екі ел арасында шекарада туристер үшін жедел дәліздер ашу сынды шаралар жан-жақты қаралмақ.
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан – Қырғыз елінің жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2005 жылдан бастап Қазақстаннан Қырғыз Республикасына тікелей инвестициялар көлемі 1,352 млрд долларды, Қырғызстаннан Қазақстанға 97,1 млн долларды құрады. Қырғызстанның қатысуымен жұмыс істейтін заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктердің саны 807 кәсіпорын болса, Қазақстанда бірлескен меншік нысандар саны – 233 кәсіпорын, ал Қырғыз Республикасында 373 кәсіпорын бар.
Ал 2022 жылы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 1,1 млрд долларды құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен 1 млрд долларға асып түсті. Есепті кезеңде Қырғыз елінен Қазақстанға экспорт 438 млн долларды құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен 382 млн долларға өсті. Былтыр Қазақстаннан Қырғыз Республикасына импорт 749 млн долларға жетсе, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 661 млн долларға артық.
АЛМАТЫ