1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Шымкент қаласында ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Елімізде тұрып жатқан сан түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын паш ететін мерекеге арналған кеш мегаполистің «Қиял Әлемі» саябағында «Бірлігіміз жарасқан» атты іс-шарамен айшықталды.
Осы мейрамға орай саябаққа арнайы ат басын бұрған қала басшысы Мұрат Әйтенов қала тұрғындарымен жүздесіп, арқа-жарқа көңіл күйде отырған халыққа өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
«Баршаңызды бүгінгі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жуырда ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өткенін білесіздер. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың бірлігі бекем болса, экономикалық даму, бейбітшілік пен тұрақтылық бар екенін айтқан еді. Сондықтан елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері осы қағиданы жете түсінгендіктен өз болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Және ең басты қуанарлығы туған елдің өркендеуі жолында ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінбей бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай бірге аянбай еңбек етіп келеді. Сол себепті біздің жалғыз Отанымыз бар. Ол – Қазақстан деп айтамыз. Ендеше Қазақстанның шуақ шашқан бейбіт күндері мәңгі болсын, шаттыққа толы Бірлік күні баршамызға құтты болсын!» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Өз кезегінде саябаққа жиналған көпшілік «Бірлігіміз жарасқан» әнін қосыла шырқады. Содан соң хореографиялық қойылыммен бастау алған мерекелік концертті тамашалап, думанды кештің қызығына батты. Осынау мерекелік концерт барысында түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық әні мен биінен шашу шашты. Осындай қызықты шақта концерттің көрігін өнерпаздармен бірге қыздырған көрермендер де табылды. Солардың арасында орыс халқының әні шырқалғанда әсем ырғақпен тербетіліп, сахна төрінен бір-ақ шыққан кіп-кішкентай қыз Арина Ципихина өзінің мың бұрала билеген биімен көпшілікті тамсандырды. Алты жастағы шымкенттік балғын анасымен бірге бүгінгі мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген екен.
«1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнін ерекше жақсы көреміз. Жыл сайын асыға тосып отырамыз. Өйткені осынау мерекеде көктемнің шуағы жанды жылытса, әр ұлт өкілдерінің дәстүрін, тұрмыс салты мен бай асханасынан дәм ауыз тиюге болады. Сол үшін де осы мейрам біз үшін – өте ыстық. Ал саябақта керемет концерт өтіп жатыр. Осынау шаттықты көңіл-күй сыйлағаны үшін концертті ұйымдастырушыларға мың алғыс! Ал кішкентай қызым әдемі ән қойылса болды, дереу аяқ-қолы қимылдап билей жөнеледі. Бәлкім өскенде биші болар. Орыстың пляскасына, қазақтың той әндері мен түрлі ұлттың көңілді әндеріне билегенді ұнатады» деді кішкентай қыз Аринаның анасы Надежда.
Мерекелік кеште Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары және «Айгөлек», «Шамсинур»,«Еркетай», «Қаракөз», «Би таңы», «Қазына» би ансамбльдері және «MEIR» балет мектебі мен «Светоч» хоры өз өнерлерін ортаға паш етті. Думанды кештің ең бір есте қаларлық сәті көпшілікпен бірге «Қазақстан» әні шырқалып, аспанға 500 шар мен 200 көгершін ұшырылды. Сонымен қатар дәл осы күні «Арбат» алаңында «Көгершіндер» көрмесі мен мерекелік этнокөрме ұйымдастырылды. Мегаполистің тағы бір саялы мекені «Абай» саябағында да мерекелік концерт қойылды. Ал зообақта бүлдіршіндер «Цирк» әртістерінің арнайы нөмірлерін тамашалады. Көңілді іс-шара қаланың «Орталық» саябағында да жалғасын тауып, Қуыршақ театрының қойылымы сахналанды. Қуыршақтар сомдаған ертегілер әлемін тамашалауға бүлдіршіндер көп жиналды.
Жалпы, қаламыздағы тарихы терең өнер ордасы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры саналады. Өнер ұжымы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, орталық саябақта балаларға арнап «Туған күн» атты қойылымын ұсынды. Театр көрерменін қуантудан, таңғжайып дүниелер қоюдан жалыққан емес. Осылайша үнемі ізденісте жүретін театр ұжымының саябақтағы сахналық қойылымы да ерекше болды. М.Абайділданың шығармасы желісінде сахналанған спектакль сөз жоқ көпшіліктің көңілінен шықты. Қойылым мазмұнында аңдар арқылы балаларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, достыққа баулу тәрбиесі жатыр. Балаларды осылай кішкентайынан мейірімді, бір-біріне бауырмал етіп өсірсе, әлбетте елдің болашағы да жарқын болады деген сөз. Қазіргі ұлтаралық татулықтың тірегі міне осындай шағармалар арқылы дәріптелуі тиіс-ақ.
Бір айта кетерлігі ашық аспан астында қойылған қойылым көрермендері негізінен кішкентай бүлдіршіндері болғанымен, спектакль қызықты сюжетімен ересектерді де баурап алды. Театр басшысы Самат Алтайдың айтуынша, өнер ордасы осылай қала саябақтарында жиі қойылым қояды екен.
«Балаларымыз театрда ғана қойылым тамашаламайды. Театр актерлерлері қала маңындағы ауылдарға барып, қойылым қойып қайтуды дәстүрге айналдырған. Бұл да болса балаларды сергітудің бір жолы. Және тәрбиелік мәні бар іс деп санаймын, деді театр жетекшісі.
Бұдан бөлек, театр ұжымы «Арбат» демалыс аймағында да кішкентай көрермендерге арнап сахналық қойылым тамашалатты.
Расында да тарихтың өзіне қарасақ, тек саяси өмірі тұрақты болған елдердің дамып, өсіп-өркендегінін көреміз. Алысқа бармай-ақ бүгінгі әлем келбетінде ішкі алауыздықтан ілгері жылжи алмай отырған кейбір мемлекеттерді байқаймыз. Сондықтан біздің елдің тыныш та бейбіт, берекелі өміріне тәубе деу керек. Бірлікті сақтау өз қолымызда. Бәріміз тату-тәтті өмір сүрсек, тонның ішкі бауындай бірлігіміз бекем болса, бізді сырттан да іштен де жау да дау да ала қоймас. Ең бастысы осы құндылықты өскелең ұрпаққа ұғындыру керек деді мерекеге жиналған көпшілік қауым.